ЕРЛІК ЕҢСЕНІ ТІКТЕЙДІ
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шыққананы 30 жыл толды. Яғни, 1989 жылдың 15 ақпанында Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан 40-армиясының жауынгерлерін салтанатпен қарсы алды.
Осы соғыста Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл соғыстан қайтқан жоқ. 21-і хабар-ошарсыз кетсе, мыңдағаны мүгедек болып оралды.
Бүгінде Ауған соғысын көрген сарбаздар елдің дамуына үлес қосып келеді. Сондай азаматтың бірі – Қуаныш Кемелбеков.
Әр адамның кіндік қаны тамып, туып өскен елі жер жәнатымен тең. Өйткені ел таныған азаматтар мен батырлардың, мемлекет және қоғам қайраткерлері ауылдан кіндік тартады. Сондықтан естен кетпес мазмұнды күндері сол өлкемен тікелей байланысты.
Міне, Елбасының «Туған жерге туын тік!» идеясымен үндескен шара Төменарық аулында өтті. Оған ардагерлер мен жастар, ұстаздар қатысты. «Жастығын жалын шарпыған» атты салтанатты жиын жастарға патриоттық тәрбие, жігер сыйлайтыны ақиқат. Сондықтан, шараның басын жас ұландар сап түзеп бастады. Алғы сөзді №223 мектептің директоры Болат Әбен алып, елдік пен ерліктің үлгісін көрсеткен қайсар азаматтардың өр рухы жас буынға қашанда жол болатынын жеткізді.
Одан әрі, кеш әнмен өріліп, бимен жалғасты. «Қайсар рухты ерлерім», «Қазағымсың», «Жаным қазақ» атты әуендер қалықтады.
Ауыл әкімі Нұркен Қошқарбеков, №53 мектеп директоры Нарымбет Көлжанов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов пен Төменарық клуб үйінің директоры Мұратхан Ходжаев жылы лебізін білдірді.
Кеш соңын түйіндеген ауған соғысының ардагері Қуаныш Әбутәліпұлы өткеннен сыр шертіп, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен оттың астында өткізген азаматтардың ерлігін сөз етті.
Жастарды отансүйгіштікке, елді сүюге, азаматтық істерге үндеген шара дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Себебі, ерлердің есімі жас ұрпақтың жадында мәңгі өшпейді...
Ерлан РАЙЫМБЕК.