Жас өрендердің өнер кеші
«Әсем күлкім балалығым, тәрбиешім даналығым» тақырыбында балалар мерекесіне орай Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде балғындардың шығармашылық кеші өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шараға аудандағы балабақшалардың тәрбиеленушілері мен тәлімгерлері қатысып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жаздың жаймашуақ күнімен тұспа-тұс келетін күнді балалар асыға күтіп, қуана қарсы алады. Мәдениет үйіне жиналған балалардың күлкісінен осы бір қуанышты байқадық. Қатысушыларға қолдау көрсету үшін келген балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына өнерлі өрендер ән мен биден шашу шашты. Концерттік бағдарламаны Серік Ибрагимовтың әніне билеген бүлдіршіндер ашты. Балаларды қорғау күніне орай өткізіліп отырған кеште «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев жылы лебізін білдіріп, ұстаздар қауымына алғыс білдірді.
Құттықтау сөзінен кейін балғындар мен жетекшілері сахна төрінде бар өнерлеріне ортаға салып, әсем әнімен, мың бұралған биімен көпшілікті тамсандырды.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ.