№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР


Кеше ғана тарих еншісіне енген ХХІ ғасыр мыңжылдықтарда жүзеге аспаған істерді әлем жылнамасына жазды. Патшалық Ресейдің боданындағы қазақ елі мен өнері де бұл өзгерістерден ада болған жоқ. Қазан төңкерісі әкелген бостандық сайын даладағы жұртшылықтың үмітін оятты. Большевиктер ұшпаққа жеткізеді деп сенді. Үш ұрпақ коммунизм деген жерұйық, ізгі мұратты деп қабылдады. Алайда алғашқы қадамынан-ақ комунистер аз ұлттың бір-біріне деген сенімсіздігін, орыс ұлтының үстемдігін іштей дәріптеумен болды. Әсіресе қазақ ұлтының зиялы ұлдары құйтырқы саясаттың құрбанына айналып сауаты бар қазақ ұлты, тепіреш көріп, жазықсыз жапа шегіп, «халық жауы» деген жалған жаламен итжеккенге айдалып жатты.
Жалпы халық бұл ішмерез оқиғалардың тек куәгері ретінде ғана қалды. Тәуелсіздік алып, егемен ел болған Қазақстан алғашқы күндерден бастап-ақ қазір сол нәубет заманда жазықсыз жапа шеккен азаматтарын саяси да, құқықтық жағынан ақтап ұлдарының абзал бейнесін әспеттеп, жарыққа шығарып, өшкенін өмірге қайта әкелді.
«Үшеу» келісіп үкім шығарса болды не атылып, не итжеккенге айдалып жатса сол әрекеттердің басы-қасында жүрген өз қандасымыз, ауылдасымыз болды. Бірге жүріп, сырласып, тіршілікте алыс-беріс жасап жүріп-ақ бір сәтте досын, құрбысын, ата мен ананы «халық жауы» деп қарғы тағып соттатып жатқан да қайран қазақтың өзі еді. Сотталып қуғын сүргінге ұшырағандардың отбасы, құда-жекжаттары да «жаудың құйыршығы» болып жатты, теңдікке дейін қағажау қалып, атын атауға да қаймықты. Десек те егемендік ақ пен қараны ажыратып, өкінумен өткен арыстарын бүкіл қазақ жұртына табыстады.
Міне осындай азаматтың бірі Қалмағанбет Жайлыбаев еді. Ол 1905 жылдың жазында Шиелі ауданының Қарғалы елді мекенінде дүниеге келген. Алғаш ауылда хат танып, кейін орыс-түзем бастауыш класында білім алған. Еті тірі жасты жаңа қоғам өкілдері ауылдық Кеңесте хатшы, комсомол, партия жұмыстарында еңбек етуіне жағдай жасады. Жаңақорған ауаткомы мен аупарткомында, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1938 жылы Жаңақорған оқу бөлімінің меңгерушілігінен Ленгер аудандық оқу бөлімін басқаруға жіберілгеніне 16 күн болғанда Жаңақорғанда тұтқындалды. Бұл қайынағасы Садықбек Сапарбеков ұсталғаннан кейін келесі күні 16 сағат 30 минут еді.
Бірде жолдасы Бибайша Кенжебекова былай деп еске алды: Енем екеуміз үйде едік. Ағамыз «Халық жауы» болыпты деп күйзеліп, айран-асыр болып отырғанда ерімнің де «Халық жауы» болуы бізді ес-түстен айырды. Енем болса орнынан тұра алмай қалды. Есімді жиып оң-солымды аңғарғандағы алғашқы әрекетім Қалекең столындағы құжат қағаздарды өртеуім болды. Ұсталғаннан кейін түрмеге барсам кеше ғана сәлем беріп жүрген азаматтар жолдасыммен жүздесуге рұқсат етпеді.
Ертеңіне Қызылордаға әкетілді дегенді естіп сондағы түрмеге барсам, кешегі-кешегі ме құқайды осында көрдім. Күзетте тұрған милиция жігіт халық жауының құйыршықтары сендерді тамырларыңнан жұлып, түп-тұқиянын қалдырмай құрту керек деп зіркілдейді.
Ашынып кеттім:
– Әй, халық жауы сенсің, Ақ-қарасын ажыратпай абақтыға жауып, итше күзетіп тұрған сенсің жау. Ол шатынып, маңдайыма тапаншасын кезеді. Кейін, ойласам, сонда қалай мізбақпай тұрғаныма қайран қалам. Үңірейген ұңғысы маңдайыма тигенде денем шымырлап кетті. Шынымен ататын шығар деп ойладым. Олай болмады. Қалекеңнің осында жатқан екі жылында мұндай өктемдіктің талайын көріп, бастан өткердік қой.
Қ.Жайлыбаев осында 1939 жылдың соңына дейін отырады. Атуға кесіледі. Адал достары Бүкілодақтық старостаға өтініш жаз деп ақыл қосады. Шағым хатында кедей шаруа отбасынан шыққанын «Құтжол» атты итінен басқа төртаяқтыдан ада екенін айтып арызданады. Сол хаттың әсерінен кейін ісі қайта қаралып, абақтыдан шығады. Түрмеде соқырішек болып, дімкәс қалпында отбасына оралады.
Бұл 1940 жылдың басы болатын. Алайда сырқат болып оралған Қалекеңді кешегі құйыршықтар Қиыр шығысқа әскер қатарына жібереді. Соқыр ішектен асқынып туберкулез болған азамат әскер тәртібіне шыдамай дәрігердің шешімімен елге оралып, 1941 жылдың күз айында дүниеден өтеді.
Артында шешесі, жолдасы, үлкен ұлы Абай мен қызы Рауза және 1941 жылдың сәуірінде дүниеге келген ұлы Зәкім қалады.
Халық жауларының отбасына деген сенімсіздік кешеге дейін сейілген жоқ.
Ол жылдары Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесі Алматы қаласында болатын. Қалкеңнің қызы Рауза Жайлыбаева осы училищеде оқып жүреді. Бұл 1950 жылдары болатын. Осында Сара Сапарбекова деген қыз да оқиды. Бірде екеуі сырласып отырып, Сара Садықбек Сапарбековтың қызы екенін айтып қалады.
Рауза болса Сәкеңнің қарындасы. Бибайшаның қызы екенін айтып екеуі мұңдасып ұзақ жылайды. Бұл жайды Сара шешесіне айтады. Сол түні олар Алматыдан шығып Ташкент асады. Халық жауының, оның ішінде С.Сапарбековтың қызы екенін білсе перзентіне кесірі тиер деп қорыққан ғой, сірә.
Ал Қалекеңнің кенжесі Зәкімді әдепкіде жаудың баласы деген сылтаумен комсомолға қабылдамай, облпарткомның күштеуімен ВЛКСМ қатарына өткізеді. Ол 1964 жылы ҚазГУ-дің филология факультетін тамамдап, комсомолда, газетте, кейін 1970 жылдан 2001 жылдың шілдесіне дейін Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы қызметін атқарады. Біз әңгімелеп отырған Қалмағамбеттің кенжесі Зәкірден өрбіген Шолпан, Еркін, Талғат, Айман, Бауыржандар ата мен әке үмітін ақтап, еліміздің игілігі жолында мамандықтары бойынша әр салада қызмет атқарып жүр.
Зәкеңнің анасы Бибайша қоғам қайраткері, жерлесіміз, жазықсыз жапа шеккен арыстардың бірі Садықбек Сапарбековтың туған қарындасы болатын. 1998 жылы 83 жасында дүние салады. Қалекеңнің ұл-қызы Абай мен Рауза да бақиға аттанған.
Өмір жалғасып барады. Кезінде қызыл империяның қуғын-сүргінін көрген арыстарымыздың бүгінгі ұрпағы Тәуелсіз Қазақстанның ХХІ ғасырға қадам басқан сапарында өз елінің бүгіні мен болашағы үшін күресуде.

Файзулла САХИЕВ,
ақын, Қазақстан Журналис­тер Одағының мүшесі,
ауданның «Құрметті азаматы».
11 қыркүйек 2018 ж. 1 149 0