Мейірім иесі
Жалпы медицина саласының әрбір маман иесіне артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Науқастың саулығына дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарайтын денсаулық жанашырларының қатарында мейірбикелер де бар. Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін ұқыптылықпен атқаруына тікелей байланысты. Осы орайда, ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, ауру жандардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі – Інжу Тұрғанбек.
Жас болса да білікті маманның қызметіне шын разы болған тұрғындардың алғаусыз алғысын жиі естіп жүрміз. Бұл деген антына адал ақ халатты жандардың ең үлкен жестігі. Халықтан алған алғыстан артық биіктік жоқ.
Иә, медицинаның негізгі күші саналатын медбикелер сырқаттың келіп түскенінен сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады. Науқастың жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлап, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жан да осы кісілер.
Шымкент көпсалалы колледжді тәмамдап, туған өлкесіне келіп, елге қызмет етуді мақсат еткен ол қазір Жаңақорған көпбейінді аурухананың инсульт бөлімінде. Бұл бөлімнің атқаратын қызметі ауқымды. Себебі инсульт дерті қазіргі қоғамда өршіп тұр. Әлемде жыл сайын инсульттан 6 миллионнан астам адам зардап шегіп, 5 млнға жуығы көз жұмады екен. Біздің елде де жыл сайын 40 мыңнан астам жан осы аурумен бетпе-бет келеді. Дерт кез келген уақытта асқынуы мүмкін. Бұл дертке негізінен қант диабетімен, гипертониямен ауыратын, дене қозғалысы аз және қарт адамдар шалдығады. Ұстама қашан болатынын анықтап білу мүмкін емес, сол себепті әр адам кез-келген минутта бірінші медициналық көмек көрсете алу үшін аурудың басты белгілерін білуі тиіс. Осындай күрделі саланы таңдаған Інжу өз ісіне өте ұқыпты.
– Мамандығымды мақтан тұтамын. Науқастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз. Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы алуға тырысамыз. Жалпы, медицина саласын таңдаған адамның бойында ең алдымен мейірім, төзімділік, жанашырлық болу керек деп ойлаймын, – дейді мейірім иесі.
Негізінен бұл дерт жасарып бара жатқанын білеміз, дегенмен қазір егде жастағы кісілер көбірек ем алуда. Солардың арасынан Сәулебек Бейсенбаев деген тұрғынмен тілдестік.
– Өзім ардагермін, ауданның «Құрметті азаматымын». Бірлік ауылынан келіп, ауруханада ем қабылдап, жазылып үйіме жол жүруге әзірленіп жатырмын. Шыны керек, ақ халатты жандарға ризамын. Адам жаны ауырғанда ғана дәрігерлердің шын еңбегін бағалайды екен. Әсіресе, медбикелерге рахметім шексіз. Інжу мен Ақнұр деген қыздарыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Адам жанын алдымен жылы сөз емдейді деген рас екен. Сондықтан Тимур Жапаров бастаған ұжымға бас идім, жастар осылай ел саулығы жолында еңбек ете берсін, – деп еңбек ардагері ризашылығын білдірді.
Қысқаша айтқанда, әрбір жүректен шыққан шынайы тілектен шабыт алып, шипа іздеп келген жандарға білімі мен білігін көрсете алған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Інжу Тұрғанбек секілді жас мамандардың халық саулығы жолындағы еңбегі де елеусіз емес, өйткені, әрбір ем алушының ризашылығы бір төбе.
Әли ТЕМІРБЕК





