Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Үздік кітапханашы – ұлт руханиятының ұйытқысы

Үздік кітапханашы – ұлт руханиятының ұйытқысы


24 қазан – кітапханашылардың кәсіби мерекесі. Осы мерекеге орай Жаңақорған аудандық руханият орталығында салтанатты шара өтті. Бұл күн – тек бір мамандық иелерінің мейрамы емес, тұтас ел руханиятының діңгегі саналатын кітапханашылардың еңбегін ұлықтайтын ерекше күн.

Мерекелік шара аясында Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Үздік кітапханашы – 2025» атты кәсіби шеберлік сайысы өтті. Байқаудың басты мақсаты – кітапханашылардың кәсіби деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу, үздік мамандарды анықтау және кітапхана саласына заманауи технологияларды енгізу арқылы қоғам өміріндегі кітапхананың рөлін көтеру.
Сайысқа ауданға қарасты барлық ауылдық округ кітапханашылары қатысып, өздерінің еңбек жолындағы жетістіктерін, шығармашылық ізденістерін және оқырманмен жұмыстың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Бұл күні кітапханашылар қолөнер бұйымдары мен көркемдік туындыларынан, сирек кітаптар мен рухани құндылықтардан тұратын көрме ұйымдастырды. Көрме сөрелерінен ұлттық нақыштағы бұйымдар, тарихи суреттер мен деректер, заманауи кітапханалық жобалардың таныстырылымдары орын алды. Бұл көрме кітапханашылардың жан-жақты қабілетін, рухани байлығын және мәдениетке деген құрметін айқындай түсті. Байқау бірнеше бағытта өтті. Әсіресе заман талабына сай инновациялық жобалар аясында кітапханашылардың цифрлан­дыру жүйесін игеруі мен жасанды интеллект көмегімен жұмысты оңтайландыру тәсілдері ерекше назарға алынды. Қатысушылар электронды каталог құру, кітап қорының сандық нұсқасын әзірлеу, оқырмандармен онлайн байланыс орнату, QR-код арқылы кітап ұсыну және әлеуметтік желілерде кітап насихатын жүргізу бағыттарында өз жобаларын таныстырды.
Жаңақорған аудандық орталық кітапханасының директоры Әсемкүл Тілеубергенова бұл шараның маңызын ерекше атап өтті:
– Қазіргі заманның кітапханашысы – тек кітап сақтаушы емес, ол – ақпараттық кеңістіктің сарапшысы, технологияны жетік меңгерген тұлға. Цифрландыру дәуірінде кітапханашының міндеті күрделеніп, жаңаша көзқарас пен батыл қадамды талап етеді. Біз бүгін осы бағытта жұмыс істеп, жасанды интеллект көмегімен кітапханалық жүйені жетілдіру жолдарын қарастырудамыз. Электронды қорлар құру, онлайн қызмет түрлерін көбейту – біздің басты мақсатымыз, – деді ол.
Кітапханашылар ұсынған жобалар арасында ерекше қызығушылық тудырғандары да болды. Мысалы, кейбір ауылдық кітапханалар оқырман картасын цифрлы форматқа ауыстырып, электронды тіркеу жүйесін енгізуге ниет білдірсе, енді біреулері жасанды интеллект арқылы оқырман сұранысын болжау және автоматты кітап ұсыну жүйесін әзірлеуге қадам жасап отыр. Бұл – ауыл кітапханаларының заман ағымына ілесіп, технологияны тиімді қолдануға талпынысын айғақтайды. Мерекелік жиын барысында қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар үздік деп танылған кітапханашылар кәсіби шеберлігі мен жаңашыл көзқарасы үшін марапатталды.
Шара соңы жылы жүзді кездесуге ұласып, бейнефис шоу форматында жалғасты. Онда Қыраш ауылының тұрғыны, аяулы жар, ақ жаулықты ана әрі кәсіпкер Индира Сұлтанбекова арнайы шақырылып, қатысушылармен өмірлік тәжірибесін бөлісті. Ол өз сөзінде ең басты байлық – рухани кемелдік пен ізденіс екенін айтып, жас ұрпақты кітап оқуға, еңбекқорлық пен адалдыққа тәрбиелеу керектігін тілге тиек етті.
– Кітап – өмірдің ұстазы. Кітап оқитын адам үнемі алда жүреді. Сондықтан әрбір жан өз өмірінде кітапты серік етсе, рухани байлық ешқашан жоғалмайды, – деді ол.
Бұл айтулы мереке – кітапханашылар еңбегіне деген құрмет пен ілтипаттың, рухани сала мамандарына деген шынайы ризашылықтың көрінісі. Өйткені кітапханашы – ұлттың рухани жадын сақтаушы, ел мәдениетінің биігін көтеруші тұлға. Олар – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір, заман ағымындағы жаңа ақпарат пен ұлттың мәңгілік құндылықтарын ұштастыра білетін жандар. Бүгінгі кітапханашы тек кітап таратушы емес, ол – қоғамды оқуға, ізденіске, ойлануға жетелейтін рухани көшбасшы.
Жаңақорғандық кітапханашылар да осы миссияны абыроймен атқарып келеді. Олар ауылдық жерлерде мәдениет ошағын жан­дандырып, балалар мен жастардың білімге деген құштарлы­ғын оятып, үлкен буынның рухани серігіне айналды. Цифрландыру дәуірінде де кітапханашылар заманауи технологияны меңгеріп, жасанды интеллект жүйесін пайдалану арқылы кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл – кәсібіне адалдықтың, уақытпен үндесе білудің айқын дәлелі.
Иә, уақыт өзгереді, қоғам алға жылжиды, бірақ кітап пен руханиятқа деген құрмет ешқашан ескірмейді. Кітапханашылар – сол рухани діңгектің иесі, ұлт болашағының бағдаршамы. Олардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ ел жадында сақталатын мәңгілік еңбек. Сол себепті бұл мереке — білім мен мәдениеттің шамшырағын сөндірмей, ұлт рухын сақтап жүрген кітапханашылар қауымына арналған шынайы алғыс пен ілтипат күні болып қала бермек.

Жәмила ЕРМАХАН

21 қазан 2025 ж. 211 0