» » » Кітапханашыларға құрмет көрсетілді

Кітапханашыларға құрмет көрсетілді

Бір ғұлама адамзатты екі категорияға – жас болсын, кәрі болсын, ер ме, әйел ме, айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп бөлген. “Кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді” деген бағалаудың астарында терең мағына бар емес пе? Теңдессіз байлығымыз – кітап қоры текшелеп жиналған рухани ордалардың кілті кітапханашының қолында. Сондықтан да олар құрметті. 24 қазан – кітапханашылар күніне орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен “Кітапханашы – мәртебелі мамандық” атты салтанатты шара аудандағы білім беру ұйымдары кітапханашыларының кәсіби мерекесіне арналды.
                                                          
                                                                             DSC_0061.JPG   

   Шараны аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Шахизатұлы ашып, кітапханашылар күні – оқырмандарға да ортақ мереке екенін тілге тиек етіп, руханият қызметкерлеріне сәттілік пен еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.
– Жақсы кітап – ақылды адаммен әңгімелескенмен бірдей. Адамзат жаратылысының, ұлттық құндылықтың тамырында рухани өзек тұрады, оның негізгі қоры – кітап. Білімнің де қайнар бұлағы – кітап. Француз философы және жазушысы Дени Дидро «Адамдар кітап оқуын қойғанда, ойлауын да қояды» дегендей, жай адам кітапханашы бола салмайды. Сондықтан да бұл мерекені арнайы бір күнге бекітіп, оны ардақтау өте маңызды.
Адамзаттың бүкіл дамуы барысында қалыптасқан ақыл-ой, рухани жетістіктерін жүйелі түрде жинақтап, сақтау, оны халық игілігіне жаратуда кітапхана қызметкерлерінің үлесі зор. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалап келеді.
Осылай деп сөзін түйіндеген бөлім басшысы осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, кітапхана саласының дамуына айрықша үлес қосқан қызметкерлерді Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» және облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» құттықтады. Ардагер кітапханашыларға да аудандық білім бөлімінің атынан «Алғыс хаттарын» табыстап, сый - сияпат жасады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері әрі шара ұйымдастырушысы Ақниет Мәдіханова сөз алып, жүрек жарды лебізін білдірді.
– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай төл мамандығым кітапханашы екендігімді мақтан тұтамын, аудандағы білім ошақтарының кітапханалары оқулықтарға өте бай, оқушылар кез келген іздеген оқулықтарын таба алады. Ал, кітапханашылар нағыз өз істерінің маманы, – деді ол.
Қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру және ауданның түкпір-түкпірінде руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген кәсіби майталмандарды дәріптеуді алға қойып отырған шарада өлеңге таласы бар оқушылардың талабы таңдай қақтырды. Кітаптың қадір-қасиетін ұғындыратын мағыналы сөздермен өрілген өлеңдер кітапханашы мамандарға керемет көңіл күй сыйлады. Расында, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы кітапханашылар қандай құрметке де лайық.
Кеш соңы аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасын тауып, ұстаздар қауымына керемет мерекелік көңіл – күй сыйлады.
Осылайша екінші рет кең көлемде аталып өткен салтанатты жиын білім саласына келген жаңа басшының қолдауымен терең мазмұнға құрылды.

Әсел Рзаева
30 қазан 2023 ж. 575 0