Бірліктегі кітапханашылар семинары
2 қазан күні Бірлік ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен "Қызмет көрсетудің жаңа бағыттары: Жаңа технологиялар. Жаңа бағыт. Жаңаша көзқарас"- атты тақырыпта семинар өткізілді. Мақсаты кітапханашылардың өзара тəжірибе алмасуы, тың идеялармен бөлісу, кәсіби шеберлікті арттыру және қандай да бір бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығару.
Семинарға Жаңақорған ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аякөз Нұржанқызы, Жаңақорған аудандық кітапханасының директоры Әсем Манапқызы, аудан кітапханашылары, мектеп, ауыл əкімдігі аппаратының қызметкерлері, кітапхананың тұрақты оқырмандары, ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында оқырман бенефисі өткізіліп, оған Бірлік халық театрының режиссері Нұрханша Аманжолқызы таңдалды, оның өлеңдері оқылып, ақынжанды кейіпкеріміздің сөзіне жазылған əн орындалып, өзі дайындаған би, сахналық қойылым көрсетілді, Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы Күлаш Сұлтанбаева "Өнер - өмірімнің өзегі"- атты оқырман бенефисінің кейіпкеріне арналған кітап көрмесімен таныстырды. Сондай-ақ Нұрханшаның дәріс берген ұстаздары қатысып өз пікірлерін қосты.
Шараның келесі бөлімінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жəне электрондық қызметтерді кеңінен тарату мақсатында кітапханашылар арасында "Электронды үкімет"порталы арқылы электрондық форматта мемлекеттік қызмет алу жолдары көрсетілді. "Кітапхана портреті виртуалды əлемде" - атты бөлімде кітапханада əр жылдары өткізілген шаралардан слайд арқылы бейнеролик көрсетілді. Шара соңында кітапханашылар өз ой пікірлерін қосты.