№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаздық – ұлы есім

Ұстаздық – ұлы есім


Мамандық атаулының төресі-ұстаздық десек, оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі болып талай жылдар тер төгу, абыройлы еңбек ету үлкен қажырлылықты талап етеді. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған баланың қолына қалам ұстатып, әріп үйреткен ұстаз еңбегі қашанда өлшеусіз.


Осындай құрметті мамандық иесі ұстазға тән үлгісімен, талай шәкірттің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген №110 мектеп-лицейдің ұстазы Әсемкүл Бержембаеваны осындай жандар қатарына қосуға болады.
Бастауыш сынып мұғалімдері ұстаздың құшағын гүлге толтырып, ерекше құрметпен қарсы алды. Өйткені бұл кісі құрметті демалысқа шығып жатыр.
Бар өмірін ұстаздық жолға арнаған Әсемкүл апай тағылымды өмір жолынан сыр шертіп:
– Ең алғашқы еңбек жолым Құттықожадағы мектептен бастау алды. Мектепте пионер вожатый болып еңбек жолымды бастадым. Ұстазым, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бегайдар Ерақыновтың «Бұлай жүргенің болмас, оқуға түсіп, білім ал» деген ақылымен Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педучилищеге оқуға түстім. Қолыма дипломымды алып келген соң Шалқиядағы №86 мектепте, кейін 1996 жылы аудандағы №110 мектебінде ұстаздық еттім. Міне содан бері талай жылдар өтті. Алты буын шығарыппын. Әрбір шәкірт ұстаз жүрегінен орын алады. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етіп жүрген шәкірттерімнің жетістігіне қуанып, марқайып отырамын, – деді.
Мерейлі күні ыстық ықыласын білдірген №110 мектеп лицей директоры Фарида Ниязова: – Әсемкүл апай өз ісінің майталманы, еңбекқор, жұмысына адал жан. Бірқалыпты мінезімен көпке үлгі. Апайдың мектеп үшін, шәкірт үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Осы ретте қажырлы еңбегінің жемісі ретінде еңбек кітапшасына «Алғыс» жариялаймын, – деді.
Аудандық «Білім беру саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аллаберген Ахметов арнайы құттықтай келіп, ақжарма тілегін білдірді.
– «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген хакім Абай. Тарихта аты қалған дана, ақыл-парасаты мол тұлғалардың барлығы ұстазға құрметпен қарап, ізетін көрсеткен. Сондай ізді жалғап келе жатқан ұжымдастарының зор құрметіне бөленген Әсемкүл апайды бүгінгі зейнетке шығу жасымен құттықтап, республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан «Ерен еңбек иесі» медалімен марапаттауға рұқсат етіңіздер, – деді.
Мектептің майталман мұғалімдері Гүлфарида Есенбекова, Ақмарал Мырзаметова, Ғалиябану Байтелиева, мектеп ди­ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Шәркүл Сәрсенова, Кәмшат Бибасарова, Ардақ Рыспанбетова және т.б ұстаздар қауымы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз жайлы естеліктерін айтып, ақжарма тілектерін арнады.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған әр жылғы ұстаздың мектептегі әріптес шәкірттері сый-сияпат көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.
Барлық құрмет пен сыйға лайықты ұлағатты ұстазға осылай құрмет көрсетілді. Ұстаз мерейі беделімен өлшенеді. Ал беделдің өлшемі қашан да биік екені рас.

Әйгерім Мырзахметова
15 қазан 2024 ж. 271 0