Жас домбырашы

Жаңақорған топырағы – өнер мен мәдениеттің де алтын бесігі. Бұл өңірден талай өнерпаз, ақын-жырау, күйші-термешілер түлеп ұшып, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтті. Ұлы дәстүрді жалғап, ұлттық өнердің уығына жармасқан талантты өреннің бірі Өскенбай Жұмаділла атындағы дарынды балалар мектебінің 3-сынып оқушысы Қасым Даниал Ғалымжанұлы.
Қазақ үшін домбыра – қасиетті аспап, оның қос ішегінен төгілген күмбір ұлттың төл тынысы. Титтейінен ұлт шежіресінің үніндей сол қастерлі аспаптың тілін түсініп, оның үнін жүрек қылымен тербеткен Даниалдың қабілетін шыңдап, өнер мектебіне жетелеп әкелген ата-анасы екен.
Әрбір пернені басқанда бала жүректен төгілген шаттық пен шабыт, әрбір қағыстан сезілген ұлттық рух – оның болашағының ұлық өнермен біте қайнасатынын дәлелдей түсті.
Бүгінде Даниал аудандық өнер мектебінің 3 сынып оқушысы. Ұстазы Нәлтаева Толғанайдың жетекшілігімен білімін шыңдап жүр. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім – үлкен өнердің бастауы. Толғанай апайының мейірімі мен бағыт-бағдары жас талантқа демеу болып, әр қадамын нық басуға үйретуде.
«Жақсы ұстаз – жарты ғұмыр» деген сөз бар, расында Даниалдың өнер жолындағы алғашқы табыстары ұстаз еңбегінің жемісі.
Қара домбыраны қолына алған сайын ұлттық өнердің киесін сезінетін Даниал бүгінде аудандық деңгейде ұйымдастырылған сайыстарға қатысып, бағын сынап жүр. Оның сахнадағы әрбір қадамы жүрек тебірентерлік әсер сыйлайды. Сахна мәдениетін сақтап, күйді ерекше ықыласпен орындауы – көрерменнің көңілінен шығып, жүрегіне жол табуда. Өнерлі жас талантымен талайды тамсандырып, бірнеше байқауда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденіп келеді.
Күй сарыны – қазақтың ғасырлар бойы жүрегінде сақтап келген мұрасы, халықтың болмысын бейнелейтін қасиетті әуені. Жас дарын осыны жан дүниесімен сезінеді.
Қазақ халқы «Өнерлі – өрге жүзер» дейді. Даниалдың өнерге деген ынтасы мен іңкәрлігін көрген ұстазы – оның болашақта биік шыңдарды бағындыратынына сенімді. Қарапайым отбасында өсіп келе жатқан қабілетті ұланның қанатын кеңге жаюы – ұлттық өнердің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдейді.
Домбыра – мәңгілік мұра. Сол мәңгілік қазынаны жүрегіне сыйғызған үкілі үмітіміздің домбыра қағысы – ұлт рухының жаңғырығы, болашақтың үні.
Әсел РЗАЕВА




