Музыка – жүрек үні ғана емес, тәрбие қазығы

Қазақта «Өнерліге өріс кең» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз өнерге ғашық, бойындағы дарынын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандарға арналып айтылса керек. Осындай жанның бірі – аудандық «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің фортепиано сыныбының мұғалімі Қына Талғатқызы. Жап-жас тәлімгер табиғи талантымен, мамандығына деген жауапкершілігімен, кәсіби біліктілігімен ұжым арасында беделді.
Ол бала күнінен музыкаға әуес болып өскенін айтады. Жеті жасында анасы қолынан жетектеп әкелген өнер мектебіндегі фортепиано сабағы – оның өмір бағытын айқындап бергендей. Сол күннен бастап, қара домбыра мен қара пернелі аспапқа бірдей ықыласы артыпты.
Осылайша, орта мектеппен қатар музыка мектебін де үздік бітірген Қына Қазанғап атындағы жоғарғы музыкалық колледжінің «Хорды дирижерлеу» мамандығына түсіп, білімін одан әрі жалғастырды. Оқуын үздік аяқтаған соң, туған өлкеге оралып, өзі түлеп ұшқан қара шаңырақта ұстаздық етіп келеді.
Қынаның өнер мектебіне жұмысқа орналасқанына көп уақыт өтпесе де, ол бірнеше дарынды шәкірт тәрбиелеп, аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындар иеленуіне себепші болды.
– Ұстаздық – тек білім беру емес, жүрекпен сезінетін мамандық. Әр баланың қабілетін байқап, оны дамыту – үлкен жауапкершілік. Кейде бала үндемей келіп, ішкі әлемін нота арқылы ғана жеткізеді. Сондай сәтте мен олардың жанын музыка тілімен түсінуге тырысамын. Қазір фортепианоның 1-сыныбында 6 оқушыны оқытып жүрмін. Алтауының болмысы алты түрлі. Барлығымен тіл табысуға тырысып, өнерлерін ашу жолындамын. Барлық бала дарынды. Тек ұстаз шыдамдылық танытып, әр баланы аша түсуі керек деп ойлаймын. Жас ұстаз болғандықтан мен де шәкірттеріммен бірге өсіп келемін. Олардың бір композицияны орындап, әр нотаны түсінуі мен үшін үлкен жетістік. Бұйыртса, биыл 1-сыныпты тәмамдаймыз. Алдағы уақытта осы оқушыларыммен бірге талай биіктерді бағындыратынымыз анық. Балалардың барлығы оқу-білімге, үйренуге құштар, – дейді жас ұстаз.
Байқағанымыз, жас маманның сабағында құрғақ нота жаттау болмайды. Ол әр тақырыпты тарихпен, өнермен, өмірмен байланыстырып түсіндіреді екен. Мұндай тәсіл балалардың қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілеттерін аша түсетіні анық.
– Қына Талғатқызы мектебіміздегі жауапкершілігі жоғары, заманауи көзқарастағы ұстаздардың бірі. Өзі осы мектепте білім алған уақытында да жауапкершілік жүгін сезінетін, үздік оқушымыз болды. Бізден алған білімін одан әрі шыңдап, жоғары оқу орнын бітіріп, арамызға әріптес болып қайта оралды. Ол сабағын жан-тәнімен беріліп өткізеді. Шәкірттермен тіл табыса біледі, шығармашылыққа баулиды. Осындай ізденімпаз, дарынды жас ұстаздың сабағынан кейін балалардың музыкалық сауаты ғана емес, өмірге көзқарасы да өзгереді деп ойлаймын. Өйткені өнер адамды, мәдениетке, көпшілікпен тез тіл табысуға баулиды, – дейді өнер мектебінің ұстазы Айгүл Өтегенова.
Айта кетейік, Қына тек ұстаз ғана емес, өнер адамы ретінде де танымал. Ол облыстық концерттер мен мәдени кештерде жиі өнер көрсетіп тұрады. Классикалық музыкамен қатар, халық әуендерін фортепиано арқылы жаңаша мәнерде жеткізуді мақсат еткен. Бос уақытында көркем әдебиет оқып, шетелдік музыка педагогтарының еңбектерін зерттейтін жас маман үнемі даму жолында. Оның айтуынша, заманауи ұстаз – тек оқытушы емес, бағыт-бағдар беретін тұлға болуы тиіс.
Иә, Қына Сиязбектің кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеті, өнерге деген адалдығы мен шәкірттерге деген қамқорлығы – болашаққа сенім ұялатады. Демек, Қынадай жастар көбейсе, қазақ өнері мен білімінің көші ешқашан тоқтамасы анық.
Айсұлу Алданазар