Теміржол саласының темірқазығы
Ұлы Отан соғысы жылдарында дүние есігін ашып, балалық дәурені қиындықпен қабысып, жастық жалыны бейнетпен өрілген нағыз еңбек адамдарының алды тоқсанның төріне озды. Жаппай майданға аттанған ер азаматтың орнын басып, тылда маңдай терін төгіп, балалықтың не екенін білмеген сол кез өкілдерінің қатары сиреп барады. Дала төсінде төселіп, түйір дәнді балапан алақанымен мәпелеп өсіріп, қаршадайынан қоғамға бел бола білген оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Бүгін біз саналы ғұмырын колхоздың жұмысына, одан әрі теміржол саласына арнаған Сүйіндік ақсақал туралы жазбақпыз.
«Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, сол қазыналы қариялардың қатары ортайып бара жатқаны өкінішті. Барымызды бағалағанға не жетсін. Көненің көзіндей қарияның қолынан еңбектің, жүзінен бейнеттің, сөзінен тарлан тағдырдың тарихы есіп тұр. Аман-саулық сұрасып, бірден келмеске кеткен бала күндерді сағына еске алған атамыздың айтары көп екен.
– Біздің балалық шағымыз егіс даласында өтті. Ойын баласы болсақ та қой бақтық, масақ теріп, бидай тиедік. Ол кезде комбайн болмады, бидайды орып, баулап тастайды, соны айырмен тастап тұрдық. Тек 56-жылдары комбайн ақырындап іске қосылды. Бетімізді шала-пұла жуып, егіс басына барып, қамыт-саймандарды жөндеп, өгізді соқаға жегетінбіз. Содан күн көтеріліп қызғанша жер жырттық. Осындай қиыншылық заман еді. Шөп айырлау, көтеру ауыр жұмыс болатын. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, ауыртпалыққа төзіп, майдан үшін еңбек еттік. Шөп жинау науқаны біткен соң, егін жинауға жұмыла кірісетін. Бидайды қалбыр елеуішпен елеп, арам шөптерден тазартып, астық қоймасына тапсыратын. Үстіміздегі киімдеріміз ескі-құсқы жамаулы болса да, тоңу дегенді білмейтінбіз. Осылайша, соғыс жылдарынан кейін еңбекпен шынықтық, ширадық. Өмір деген зымырап өтеді екен. Кешегі күнгі бала – бүгінгі қария болдық, – деп бала күндерді күрсіне еске алды.
Соғыс уақытында төрт түлік те майданға жіберді, әсіресе жылқы жануары жылдам жегіліп, ұрыс даласына жөнелтілді. Бәрі аяқталып, ел қайта түлігін төлдетіп, тұрмысын түзей бастаған уақытта мал бағушыларға деген сұраныс артты.
– Ол кезде куәлік бермейді, туу туралы құжат та ала алмадық. Өйткені ауылдан көшіп кетеді деген саясат болды-ау. Мен 60-жылдары бір-ақ алдым құжатымды. 1958 жылы бір отар қой алып, шешем екеуміз тауда қой бағып, оны бір жылдан соң қайта тапсырдық. Сөйтіп 24-разъездке көшіп кеттік, анамның көзі көрмейтін еді. Одан кейін 1962 жылы әскерге барып, 3 жылдан соң оралып, теміржолға қызметке орналастым, – дейді ақсақал.
Әскерден оралған соң Гүлдариха апамызбен отау тігіп, қара шаңырақтың түтінін жалғады. Анасы науқас, ол кісінің күтім-бағымын қолға алады. Жалпы Нұрдін атамыздан 6 ұл, 1 қыз тарайды. Сүйіндік ақсақал үйдің екінші перзенті. Ағасы Қуандық, Қалдыбек Пердебай, Балғабай және Қыдырбай деген бауырлары бар. 33 жыл бір салада еңбек етіп, шойынжолында ізі қалған ақсақал бір сәт қызметтегі күндерді еске алды.
– Әскерден келген соң жаңа жұмыс күтіп тұрды, екі жылдан соң жоғары санатты жұмысшы болып теміржолға орналастым. Яғни, 5-інші разрядты қызметкер болдым. Ол кезде жалақыны разрядқа қарап беретін, шүкір жаман болған жоқпын. Абыройлы еңбек етіп, тұрмыс деңгейіміз түзелді. Еңбектің ақталғаны болар, көп ұзамай бригадир болдым, балалардың несібесіне қиыншылық көп көрмедік. Осыдан 15 жыл бұрын өмірден озған кемпірім 10 құрсақ көтеріп, бүгінде сегізі көз алдымда. 7 ұл және 1 қыз өсіріп, барлығы өсіп-жетілді. Осы күнге шүкір айтып, 5 уақыт намазымды тастаған емеспін, – деді атамыз.
Құлмұрат, Болат, Қайрат, Қанат, Мұрат, Талғат, Жомарт және Марзия сынды перзенттерінен бүгінде 20-дан астам немере, 2 шөбере көріп отыр. Бойында әлі де күш-қуаты бар қария бүгінгі буын адал, шыншыл және мейірбан болса екен дейді.
Сүйіндік атамыздың көп жыл еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен Сүйіндік Нұрдінұлы «Жаңақорған ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған ел ағалары ақсақалдың отбасына арнайы барып, осы марапатты тапсырды. Иығына шапан жауып інілік ілтипатын білдірді. Сонымен қатар сала ардагерлерінің сыйы мен теміржол саласының облыстағы басшылығы атынан да арнайы құрметі табысталды.
– Сүйіндік аға өз ісін терең меңгерген, іскер, қарапайым, көпшіл азамат. Ол ақылшы ұстаз болды. Өз білгенін өзгелерге үйретуден жалыққан емес. Өзімен қатар жұмыс істеген кейінгі толқын інілері Жалғас Айтжановқа, Бекболат Таекевке, Арыстанбек Рзаевқа, Дәулет Алмабековтерге ақыл-кеңестерін айтып отырды. Біздің қазақта «ақ көңілдің аты арымас, тоны тозбас» деген қасқабас қағида бар. Ал біз білетін Сүлекең сондай жаны таза, ақкөңіл азаматтың бірі. Жасы сексеннен асса да әлі тың. Ол еліміздің, халқымыздың ауызбіршілігін, тыныштығын тілеп отырған тілеуқар, батагөй ақсақал, – деп Өмірсерік атамыз бір аыз жылы лебізін білдірді.
Міне, саналы ғұмырында әскери тәртіппен жұмыс істейтін халық шаруашылығының күре тамыры теміржол саласында абыройлы еңбек еткен Сүйіндік Мәуленқұлов ардагердің өміржолы осылай өрнектелді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ