Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Талшын апаның тағылымы

Талшын апаның тағылымы


Кешегі кеңестік кезеңде жетпісінші жылдардан бері қарай ерлі-зайыптың неке куәлігін иелеріне салтанатты түрде тапсыру үрдісі жүйелі қолға алынған еді. Мұның мәні жаңа өмірге қадам басқан жұптардың болашақта бірге мойынға алып отырған міндеттемелерін жете сезінсе деген мақсатты көздейді. Қосылған қос жүректің осы күннен бастап бір арнада тоғысқан тағдырларына екеуі теңдей жауаптылығын ұғындырған ұлы күні неке қию сарайының киелі табалдырығында жақын-жуықтарының куә болуымен жұбайлық одағы ресми рәсімделген салтанатты сәттің әсері де өзінше бір бөлек. Бұл күннің жастарға жүктейтін жауапкершілігі де салмақты. Өткен күн естеліктерінде осы атаулы күні таспада таңбаланып қалған фотоларыңыз әрбіріңіздің үйіңізде сақтаулы тұрған шығар. Кешегі толқынның қайсыбірінің фотоархивінде бас қосқан жастарға заңды неке куәліктерін тапсырып тұрған Талшын апай орталарында тұр. Міне, сондықтан да артта қалған аяулы жастық шағымыздың шынайы куәгері – Талшын Ахметқызының есімі жаңақорғандықтардың барлығына бірдей жақын, ардақты. Иә, солай. Ендеше, жаңа өмірге қадам басқан бақытымызға куә болған осынау жан туралы еске алып, рухын шат ету – есен де сау, қара жерді екі аяғымызбен тең басып жүргендегі бір борышымыз емес пе?

Хош. Ата-бабалары отызыншы жылдарғы аштықта Өзбекстан жерін паналап кеткендіктен сол жақта жапырағын жайған Сүлейменовтер отбасында өсіп-өнген төрт ұл-қыздың бірі – Талшын Ахметқызы 1939 жылы 16 маусымда дүниеге келді. Ташкент облысы, Ордженикидзе ауданындағы орта мектепті оқып бітірген соң Ташкент­тегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факуль­те­тін тәмамдайды. 1963 жылы жолдамамен Қызылор­да облысының Жаңақорған аудандық прокуратурасына жіберіледі. Осы жылы Жаңақорған мен Шиелі аудандарын біріктіру туралы шешім қабылданған. Ол кезде жас жігіт Сәбит Сайфулмаликұлы аудандық тұтынушылар одағының бас бухгалтері. Бір күні дүкендердің бірінен касса жетіспеушілігі шығып, прокуратураға жолдаған ұсынымы бойынша арнайы тексеруге келген бойжеткен өзін «прокуратураның тергеушісімін» деп таныстырды. Шашын екі өрім етіп, үстіне өзбекше көйлек киіп алған көрікті ару жігітке ә дегенде ұнады. Сонымен бір жылдай танысып-білісіп жүріп екеуі бас қосады. Бірлік ауылындағы қарашаңырақта отырған молда әкелерінің батасын алған жас жұбайлар Шиеліде екі жылдай тұрса, аудан қайта бөлінген соң Жаңақорған қонысына келіп орнығады. Бұл кезде екі бөпелі болған еді. Жаңақорғанда Талшын Ахметқызына екі түрлі қызмет ұсынылды. Бірі – прокуратурада, екіншісі ішкі істер бөлімінде. Осының қайсысын таңдау керектігін отағасымен кеңесуді жөн көрді. Сондағы күйеуінің айтқаны: «Үш күн мұрсат, жақсылап ойланып-толғанып, көңіл сүзгісінен өткізіп көр. Прокуратура дегенің күндіз-түні демалмайды. Тіпті түн баласында үй-жайыңды тастап шығып кете беруге тура келетін жағдайлар кездеседі. Милицияның жұмысы одан бір кем емес. Бұ қалай болады? Сондықтан, менің талабым – не қызметті таңда, не отбасын таңда» депті. Бұл хиқаяны бізге өз аузымен айтып беріп отырған Талшын апайдың жары Сәбит (шын аты Сабытхан екен) Сайфулмаликұлының өзі. Бүгінде тоқсанның тө­ріне озған қария әлі де тұғырдан түсіп тұрған жоқ. Редакциямызға арнайы келіп, газетіміздің бір әрпін қалдырмай оқитынын айтып, бізге де дем беріп қойды. Тіпті жары Талшын Ахметқызы туралы естелігімен жаңа тақырыпқа арна салып беріп отырған да осы кісінің әлі де қоғамнан қол үзбеген өмір салтын өзгеге үлгі етуге де болар еді. Сонымен жоғарыдағы әңгімені жалғастырсақ, бұл азаматтың дегені болмаса сүйіп қосылған жарынан ажыраспақ па? Ақсақалдың «Е, енді ол кезде дүрілдеген ревизормын. Қарауымда қырық қыздың ішінде қызығып, қыр соңымнан аңдып жүргендер аз емес» деген сөзді іркіп көмейде қалдырдым. Не қылам айтып, өзі де жақсы біледі ғой» деген жауабынан өз-өзіне тым тоқмейіл көңілін қазір де танығандайсың. Сонымен Талшын апай үш күн ойланған соң тоқтаған байламын айтыпты. «Қызметті қайтем, бірінші кезекте отбасымды таңдадым» деп мәселенің нүктесін қойыпты.
Ерлі-зайыптылар өздерінің бұл шешімі туралы исполкомның төрағасы Ибраевқа жеткізген екен, Талшын Ахметқызын ауданда ЗАГС бөлімі меңгерушілігі қызметіне ұсынатынын айтыпты. Оң жамбасқа ыңғайлы келетін бұл жұмыстан жас маман да бас тартпады, сөйтіп Талшын апай осы салада отыз жыл еңбек етіпті.
1967 жылы Жаңақорған аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Әділет министрі И.И.Роговтың қолы қойылған Құрмет грамотасымен марапатталды.
Талшын Ахметқызы ЗАГС бөлімін басқарып тұрғанда ерлі-зайыптыларға неке куәлігін заңды түрде табыс етерде әсіресе жас жұбайлар одағының ынтамақтастығы туралы толғана айтатын. Ол кісінің көкірегінен құйылған көп өсиеті Конституция ережелерінде көрсетілген ер мен әйелдің тең құқылығынан гөрі ер-азаматтың басын жоғары ұстау, құрметтеу, әйел-аналардың ақ босағаға адалдығы тақырыбымен өріле өзектесіп жататын. Мықты жанұя болу үшін ең алдымен ерлі-зайыптың бір-біріне адалдығы басты орында тұруы керек. Ал ол тағдырыңды қолына тапсырған еріңе ғана емес, келін боп түскен еліңе деген көңілде терең орныққан алғаусыз пейіл, адами мейірден басталады. Бүгін ойлап отырсақ, қолыңа заңды неке туралы құжатыңды ұсынып тұрған ресми өкілдің бұл ақыл-кеңесі құрғақ ақыл емес, өз өмір қағидасынан қайнап шыққан тұжырымы екенін ол кезде түсіндік пе, түсінбедік пе?
Талшын апай заңды түрде некесін қиған ұрпақ арада 40-50-60 жыл өтіп кетсе де осы бойға сіңірген ұстанымын енді өзінен кейінгілерге үлгі етуді армандайды.
– Кемпірім ұлы жүздің ішінде Жаныс, оның ішінде Тайлағы боп келеді екен, – деп жалғастырды сөзін ақсақал. Сол кезде атағы дүрілдеп тұрған Асқаровтың бауыры боп шықты. Асекең обком боп тұрғанда алдынан өтіп, Шымкентте жақсы бір қызметтің құлағын ұстадым. Құрылыс нысандарына материал тарататын мекеме­нің бас бухгалтерімін. Алты айдай жұмыс істегеннен кейін ауылға барып, келіншегіммен ақылдасып, отыр­ған үйімізді сатып, бала-шағамды көшіріп ап кетуге ниеттендім. Сондағы жолдасымның айтқаны: «Мен осы елге келін болып түстім. Ендігі өз жұртым – ағайынның барлығы осында. Қайтып төркін жаққа не үшін баруым керек? Осы жерде өстім-өндім. Балдардың алды мектеп бітіріп қалды. Жағдайды күйттеп, пайданы қуып, жылы орнымызды суытпайық» деді. Содан не істеймін? Майлы орынды тастап ауылға қайтуыма тура келді. Ауданның бірінші хатшысы Сәмит Далдабаев промкомбинат мекемесіне есепші болып барасың деді. Қабатында май зауытының да бухгалтері болдым. Кеңес үкіметі тарап, мекемелер жекешеленгенде өндірістік комбинаттың жеке меншігіме алған аумағында сауда күктесін аштым. Бұл кез Талшынның да бала санымен зейнетке шыққан кезі еді. Енді ол осы ашқан азық-түлік дүкенімнің иесі болып сауда ісін жалғастырды» дейді ол.
Иә, Талшын апайдың өздері ашқан магазинде сауда жасап тұрған кезі есімізде. Ұмытпасақ, Жаңақорғанда бірінші рет жеке азық-түлік дүкенін ашқан осы кісілер. Оған «Мөлдір» деп ат қойды. Қарашаңырақтағы ұлы – Жамшиттен көрген немересінің есімі ғой. Тоқсан бесінші жылдан бері қарайғы қиын жылдар. Халықтың қолында қаржы жоқ, айлық, зейнетақы кеш беріліп, көп отбасылар тарығып отырған осы кезеңдері дүкеннің кілтін ұстаған Талшын апайдың айналаға қамқорлығы аз болмады. Тегін таратып бермесе де қолындағы барды көрші-көлем, жақын-жуық, туыс-бауыр, жалпы таныс-тамырға қарызға беріп отырудың өзі ол кезде қайырымдылықтың үлкені ғой.
Уақыт деген зулап өте береді ғой. 2015 жылдың желтоқсанында аяқастынан мазасы кетіп, Алматының дәрігерлеріне қаралайыншы деп жол жүріп кеткен кемпірінің соңынан екі күннен кейін өзі де жолға шыққан. Жайсыз түс көруі себеп болды ма, соңынан суыт жеткен. Ауруханаға орналасқан екен, палатада жанында жатқан әйелдердің мұны көріп «Ой, жас көрінеді екенсіз» деуі жарының көңілін одан әрі түсіріп жібергендей. «Әй, айта берсін, дүниеде сенен артығы жоқ» деп әйелінің арқасын қағып отырып өзі де іштей өткенге ой жіберген. Үй мен түздің жұмысын қатар меңгерем деп талаптанумен жары Талшынның жан тыныштығын күйттеп, жайбарақат демалған кезі болды ма екен? Сәбилі болғанында да демалысқа шығып, бірер күн күтіну жайына қалып, бөбектерін яслиге, балабақшаға тапсырып, күнұзақ қызметте жүрді. Отыз жыл осылай зырылдап өте шықты дейік, одан кейін күндіз-түн дүкенде аяқтан тік тұрғанда да бір сәт өзінің де жағдайын ойлап, отбасына міндет артып, жалғыз мәрте шағынып көрмепті ғой, құдайым-ау. Содан кейін біз де қайдан білейік, ерік-жігері мықты, өз дегенін орындамаса тұрмайтын қайсар жанның қайыспайтын емендей еңселі мінезін арқа тұтып, оны ешқашан еңкеймейтіндей көріппіз ғой.
Қария осы бір өкініштің өзімен бірге мәңгі серік болып қаларын ол кезде білген жоқ шығар. Бірақ тағдырдың жазуы ғой, «Маған алаңдамай, ертерек астанаға жол жүріп Иранға елшілікке жүргелі тұрған қызыңды өзің көзбен көріп шығарып салғаның дұрыс шығар. Мен де тәуір болсам ауылға қайтамын ғой» деп аурухана төсегінде қоштасып қала берген кемпірімен осы соңғы тілдесуі екен.
Өкінгенмен орны тола ма? Одан бері бала-шағаға өзі бас-көз болып, тілеуін тілеп отырған қария қажылыққа бес рет барып-қайтқанын айтады. Қанша дегенмен молданың ұрпағы емес пе, өзіне, ата-анасына арнайы тәу етіп оралса, бір барған сапарында аяулы жарының атынан қажылық құлшылығын орындап қайтқанын айтады.
Жан-жары Талшынның өмірден озғанына жиырма жыл толуына орай елді жинап ас беруді жоспарлап отыр екен. Қазір қарашаңырақта үлкен ұлы Жамшит пен келіні Шакида ата-анасы қазығын қадаған кәсіпкерлік саланы одан әрі өрістетіп келеді. Анасының жолын қуған Жамшит прокуратура, сот саласында қызмет атқарған. Қазірде облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Сәбира ғылым докторы, Алматы мемлекеттік университетінде оқытушы. Зағипасы дәрігер. Рабиға шетелде елші қызметінде. Екінші ұлдары Рашит құрылыс инженері. Сабытхан ақсақал барлығынан тоғыз немере, төрт шөбере көріп отыр екен. Газетіміздің қарашаңырағына асқақалды сүйікті немересі Мөлдір ертіп келіпті. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген соң Кипрде, Германияда, Америкада оқып келген Мөлдір қазірде ХҚТУ-де оқытушы екен. Атасы әңгімені айтып отырғанда Мөлдірдің кірпігі мөлдір жасқа шыланып отырғанын байқадым. Әжесі өмірден өткенде бұл әлі он жасқа да толмаған бала шығар. Бірақ парасат қанға сіңіп, сүйекке бітеді ғой. Қарияның өкініші қаракөздің де көңілін тербеп, әжесіне деген сағыныш жасын ірке алмай отыр.
Иә, «адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 қыркүйек 2025 ж. 391 0