Ат спортынан алдамыз

20 жылға жуық уақыт аймақтың ат спортын өрге сүйреп, бүгінгі биігіне шығуға Сламхан Боранбаев бастаған алдыңғы толқын аға буынның сіңірген еңбегі орасан. Ел чемпионаттарында талай топ жарып, әлі де үздік үштіктен түспей келе жатқаны қуантады. Осынша уақыт Сыр ат спортының абыройын асырып келе жатқан жаңақорғандық шабандоздар жылан жылын да толайым табыстармен түйіндеді. Биылға жоспар жетерлік, жуырда №7 спорт мектебінің ұлттық ат спорты түрлерінің «Ұлттық спорт – ұлт рухы» атты қорытынды жиыны өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы ашып беріп, ұлттық ат спортының өткен жылғы жетістігіне тоқталып, спортшылармен жаттықтырушыларға ізгі лебізін білдіріп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Шара барысында жамбы ату бөлімінің аға жаттықтырушысы Ғалымжан Өміртай, көкпар бөлімінің жаттықтырушысы Әмзеев Наурызқожа, теңге ілу бөлімінің жаттықтырушысы Айдар Исрайл, аударыспақ бөлімінің жаттықтырушысы Қанат Абылбеков қысқаша баяндама жасап, ұлттық ат спорты түрлерінің жаттығу барысының әдістемесіне тоқталды. Шара соңында спортшылармен жаттықтырушылар марапат төрінен көрінді.
Айта кетейік, 2025 жыл ұлттық ат спорты үшін маңызды да нәтижелерге толы жыл болды. Біздің спортшыларымыз ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда тамаша нәтиже көрсетіп, жоғары жетістіктерге жеттік. Атап айтар болсақ, Сейдахмет Руслан теңге ілуден Азия кубогінде жеңімпаз атанса, Асхан Заңғар жамбы атудан Әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. Ал Ақтауда өткен Азия чемпионатында Пернебай Ақәділ алтын иеленсе, Маханбет Нұрман жеңімпаз атанды. Жалпы, Азия чемпионаттарынан 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алсақ ел чемпионаттарынан 8 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль иелендік. Бұл жарыстар біздің спортшылардың дайындығының жоғары деңгейін көрсетті. 22 спортшымыз Ұлттық құрамаға қабылданды.
Жиын соңында ұлттық ат спорты түрлерінің облыстық аға жаттықтырушысы және мектебіміздің директоры Боранбаев Сламхан Өміртайұлы сөз алып, барша қауымға өзінің алғысын білдіріп, шарамызды қорытындылады. Осы жетістіктеріміздің барлығы ұлттық ат спорты түрлерінің дамуына қосқан Сламхан Боранбаевтың еселі еңбегінің жемісі. Енді биыл өтетін ел чемпионаттары мен байрақты бәсекелерге тоқталсақ.
Жарыстар шымылдығы киелі Түркістан қаласында ашылады. Алдымен республикалық «Қазақстан қабланы» турнирі өтеді. Одан кейін, көкпардан клубтық командалар арасында «NAYRYZ CUP» республикалық турнирі жалауын желбіретеді. Ізін ала облыс біріншілігі басталып, сайдың тасындай іріктелген білекті балуандар Жетісуда өтетін ересектер арасындағы ел чемпионатына аттанады. Жастар Қарағандыда өтетін аударыспақтан ХХ ел біріншілігіне жол тартады. Одан соң Жамбыл облысында жамбы атудан да жастар күш сынасады. Теңге ілуден чемпионат Елорда төрінде өтеді екен.
– Жалпы биыл жарыстар өте көп. Жасөспірімдер арасында да ат спортының барлық түрінен елдің мықтылары іріктеледі. Азия, Әлем чемпионаттары да бар. Біздің шабандоздар дайындық үстінде. Келесі айдан бастап дайындықты үдете түсеміз, өйткені, санаулы күндерден кейін жорықты бастаймыз. Ең бастысы, жастардың спорттық әлеуеті бабында. Бұйырса биыл былтырғы жетістіктерден де жоғары нәтиже көрсетіп, ұлттық құрама сапын толықтыруға тырысамыз, – дейді Сламхан ағамыз.
Шыны керек, ат спортының әлеуеті өте зор. Тек бізде жетіспей тұрғаны аттарды баптайтын арнайы орындардың болмауы. Бұл туралы талай жазылып, мінберлерде де айтылып жүр. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Түркістан шаһарында басталатын жарыстар жолы жыл соңында киелі мекенде кубоктарды сарапқа салумен түйінделеді екен. Барлық өңірлер сақадай сай, біздің жігіттердің де бабы мен бағы жанса сол үштік тұғырдан түспей, алтын алар күнде алыс болмас деп үміттенеміз.
Әли ТЕМІРБЕК



