» » НАУРЫЗ – ЫРЫС ПЕН МОЛШЫЛЫҚ БАСТАУЫ

НАУРЫЗ – ЫРЫС ПЕН МОЛШЫЛЫҚ БАСТАУЫ


Наурыз – тіршіліктің бастауы, жаңарудың негізі. Күн мен түн теңеліп, табиғат түрленген шақта ежелгі дәстүрімізден танбай алты алаштың баласы қуанышпен көрісіп, бір дастарханда бас біріктіріп, есен-саулық сұрасып жатамыз. Міне, осындай ғажап дәстүр биыл да жалғасын тауып, «Руханият» орталығының ауласында аудандық мәдениет үйі, «Арман» мәдениет үйі, орталық кітапхана, спорт бөлімі бірігіп ұйымшылдықпен атап өтті.


Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген әз-мерекемізді ұлықтаған өнерпаздар көпке өнеге көрсетіп, елге тамаша тарту жасады. Жаңақорған аудандық архивінің директоры Зағипа Абжалелова ұжымымен ақ қанатты үй тігіп, наурыз мерекесіне сән берді.
– Кешегі кеңестік кезеңде Наурыз мерекесін тойлауға түрлі себептермен тыйым салынғанын да жақсы білеміз. 2010 жылы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Әлем мәдениеті» бағдарламасына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» туралықарар қабылданды. Міне бүгінгі күні – Наурыз – ақ жүрек­тен жаңару және ұлттық дәстүрімізді насихаттап толыққанды салтанатпен атап өтетін мерекеге айналды. Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің, ауызбіршілік пен ынтымақтың белгісі, ырысы төгілмес тірліктің бастауы, – дейді ол.
Ақ дастархан жайылған аулаға көрік беріп, қазақтың ұлттық киімін киген тұрғындар мен ұйым өкілдері жайғасты. Көптен бері көрмей жүрген жандар төс қағыса амандасып, саулық сұрасып жатты. Қазан толы наурыз көжені қайнатқан қыз-келіншектер бар ықыласымен қонаққа дәм ұсынды. Ән мен күйден жыр шашылып, ақ тілектер төгілді. Келген меймандар жылы лебіздерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Соның бірі аудандық параолимпиадашыларды шынықтырып, Үндістанда өтетін әлем чемпионаты­на аттанғалы тұрған Шыңғыс Азнабаев ықыласын төмендегіше жеткізді:
– Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Биылғы наурыз тойымыз он күнге созылып, ұлық мерекенің мән-мағынасы тереңдей түскендей. Бұл мереке ұландарымызға рух беріп, әлем чемпионатында жігер сыйлайды деп ойлаймын. Менің мақсатым – жаңақорғандық әлем чемпионын шығару. Осы арманымыз қасиетті рамазан айында орындалып қалар деген үміттемін, – деді бапкер.
Наурыз мерекесі – рухани жаңғыру мерекесі ғана емес кіл мықтылардан кім мықтыны анықтайтын сайыстың да алаңы. Осы күні руханият өкілдері ұлттық ойындар ұйымдастырып, жас ұрпаққа ұлыс күнінің маңыздылығын насихаттады. Жастар арасында қол күрес пен арқан тарту ойындары ойнатылды. Ерлер арасында 8 жұп, әйелдер арасында 8 жұп қол күшін сынасса, арқан тарту сайысында әр ұжым бір-бір команда жасақтады. Мерекенің мәнін арттырған ұлттық ойынның жеңімпаздарына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов қаржылай сый-сияпат жасады.
– Интернет ойыны озған заманда аяқ-қол қимылына құлшыныс аз. Сондықтан осындай бұқаралық ойындар жиі өтсе, дәстүрлі ойындарымызға ынта артады, – дейді жеңімпаз Наурыз ағамыз.
Наурызнаманың төртінші күні «Шаңырақ» кү­нінде аудан төңірегінде абыз ақсақалдар мен дана апаларымыздың мерейі артты. Аудандағы «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, ақ некелі жұптардың қатары артты. Ауданда осы күні 3 жұп ресми құжатын алып, жас отаулардың неке қию салтанатты шарасы көпшілік алдында қиылды.
Қол ұстасқан жас жұбайлар Ерсұлтан Ерахан мен Балжан Әзімбайқызының заңды некесін «Руханият» орталығындағы неке қию залында аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Жанна Тәжібаева салтанатты түрде тіркеп, неке қию куәліктерін табыстады. Осы шараға арнайы шақырылған «Алтын шаңырақ» иелері Жола­ман Мырзахметов пен Раушан Назарова, ауданның құрметті азаматы, қарымды қаламгер Файзулла Сахиев сөз алды.
– Ең алдымен аудандағы игі істің бірегейі неке қию сарайының ашылуы жастарымыздың отбасы құруға ниетін арттыруда. Әз-наурыз айында отбасы құрып жатқан жастар қатары артуда. Бүгінгі некесін заңдастырып жатқан жұбайларға айтарым, отбасын берік ұстап, ата-аналарыңыздан алған тәлім-тәрбиенің биігін байқатып, ұлттық салт-дәстүрден алшақтамай, жұптарың жазылмасын деп тілеймін. Некенің қадір-қасиетін ұғынып, қиындық пен қуанышты бірге еңсеріп, сенімдерің мен махаббаттарың мәңгілік болсын. Бақыттарың баянды, өмірлерің мәнді, құрған шаңырақтарың мәңгілік жасай берсін, – деп тілектестік білдірді Қазақ аналары «Дәстүрге жол» республикалық бірлестіктің аудандық жетекшісі Раушан Назарова.
Неке қию залының мамандары ұйымдастырған наурыз кәделер мен наурыз көже келген меймандарға ұсынылып, мерекенің мәні ашыла түсті.

Мақпал МАРҚАБАЙ

18 наурыз 2025 ж. 409 0