“БЕСІК ЖЫРЫ” ЖАҢҒЫРДЫ

Қазақтың рухани тәрбиеге бағыттайтын салт-дәстүрлерінің ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Әсіресе бесік жырын айтатын әжелер мен аналар бүгінде жоқтың қасы. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қызылорда облысының Жастар Одақтары» ҚБ үйлестіруімен Аққорған ауылдық клуб үйінде «Бесік жыры-ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы» атты әжелер байқауы өтті.
Дәстүрді дәріптеуге арналған байқаудың Аққорған ауылдық клуб үйінде өтуінде үлкен мән бар. Клуб директоры Бақыткүл Тасхожаеваның «Этноауыл» кешенінде қойылған құнды жәдігерлер мен салт-дәстүрге тұнған тағылымына таңдай қақпасымызға лажымыз жоқ. Сондай-ақ, ауылдың келіндерінен құралған «Атымтай ата» тобы, «Алтын жүрек» ансамблі мен әжелерден құралған «Әз әжелер» ансамблі республикалық байгенде топ жарып жүрген жайы бар. Ұлттық құндылыққа бай ауылдың төрінде басталған аудандық «Бесік жыры» байқауына алыс-жақын ауылдардан 7 әже қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық құндылығымыздың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы болған әжелеріміздің бойындағы ізгілікті өскелең ұрпаққа жеткізу және ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау
Бүгінде бесікке бала бөлеп, бесік жырын айтатын аналар қатары аз. «Күл-қоқыста жатқан бесік» жайлы мақала ел арасында резананс тудырғандықтан республика бойынша әр аймақтарда «Бесік жыры» байқаулары ұйымдастырыла бастады.
– «Бұл байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатым – ұмытылып бара жатқан ұлттық тәрбиеміздің бастауы – бесік жырын қайта жандандыру. Бала – біздің болашағамыз, елдің ертеңгі тірегі де солар болып табылады. Алайда қазіргі балалар ұлттық тәрбиені бойына қаншалықты сіңіріп жатыр деген ой бізді толғантады. Кешегі ата-әжелеріміздің жастарға үлгісі мен ғибраты мол еді. Ал қазір сол ата-әжелердің институтынан неге ажырап қалдық? Осыған орай, әжелер арасында осы байқауды ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ жеңімпаз әжелерді ынталандыру мақсатында сый-сияпат үлестіруді жөн көрдік, – деді Қазақ Аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған ауданы бойынша төрайымы Раушан Назарова.
Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Тоғжан Алпамысова ақ тілеулі аналардың ізденісі мен сөз шеберлігін тілге тиек етіп, ұмытыла бастаған көне дәстүрлерді дәріптеудің қоғамдық маңызына тоқталды.
Байқауда өнеге көрсеткен Аққорған, Қожакент, Жаңарық, М.Нәлібаев, Келінтөбе, Қыркеңсе ауылдық округтерінен әжелері ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сахналап, қазылардың сұрақтарына жауап берді. Шеберліктері мен өнері де сараланды.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Қожакент ауылынан келген Құрбанай Шайхсламова иеленсе, жүлделі І орынды аққорғандық әже Разия Бейбитоваға бұйырды. ІІ орынды М.Нәлібаев ауылынан келген әже Қарлығаш Көрпебаева еншіледі, ал жүлделі ІІІ орын жаңақорғандық Айзада Мұятова және аққорғандық Гулзира Иманбаеваға бұйырды.
Сондай-ақ, байқауға белсене қатысқан қыркеңселік Сапура Дүйсенбаева мен келінтөбелік Айсұлу Ахметова арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мақпал МАРҚАБАЙ




