№56 (8870) 29

29 шілде 2025 ж.

№55 (8869) 26

26 шілде 2025 ж.

№54 (8868) 22

22 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Шоңбұлақтан шыққан Шынар

Шоңбұлақтан шыққан Шынар


Бар ғұмырын ғылымға сарп еткен Әбжан Құрышжанов қарт Қаратаудың төрінде Шоңбұлақ аталатын үлкен бұлақтың басында дүниеге келген. Әбжан ағамыздың өмірге келген жылдары жаңа мен ескінің алмасып, жеке шаруашылықтарды ұжымдастырып колхоз құрылып жатқан кезең екен. 1945-жылы “Ынтымақ” жетіжылдық мектебін бітірген соң аудан орталығы Жаңақорғандағы қазақ-орыс мектебінде интернатта жатып оқып, 1948 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Университетті жақсы тамамдаған ол ғылымға ден қойып түркіология саласында қажырлы еңбек етіп, белгілі түркітанушы ғалым, профессор атанады. Әбжан Құрышжановтың ғылыми еңбектері жөнінде белгілі ғалымдар пікір білдіріп, еңбектерін жоғары бағалап оң бағасын берген.

Әбжан ағамыздың тағы бір қыры -ақындығы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ мектеп қабырға газетіне "Стальдущев", "Жанов Кур" деген бүркеншік атпен "Ашынған азап", "Жетімнің зары", "Қиялмен кеңес" т.т сондай мөлдіреген, мұң моншақтары төгілген, қатал тағдыр мен қатыгез заманның қабат келген ауыртпалығынан туындаған мұңды жырларын қағаз бетіне түсіріп отырады. Ақындық өнері дегенде, ойға Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновпен айтысы еске түседі. Сонау 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде мемлекет қолдауымен халық ақыны Нартай Бекежановтың ел рухын көтеріп, еңбек адамдарының жеңіске деген құлшыныс, сенім жігерін көтеру үшін ауыл-ауылды аралап концерттер қойып,ақындар айтысын ұйымдастырғаны белгілі. Осы айтыстардың бірінде Манап ақынның қатарласы Әбжанмен айтысы бар. Манаптың Әбжанмен айтысының сөз бастауында халық батыры Амангелді Имановтың тойы деп, аудан орталығында өткен ақындар айтысына 16 ақын қатысқанын, оған халық ақыны Нартай Бекежаноовтың төрелік еткенін тілге тиек етеді.
Сол он үш жасынан қаламы қолынан түспеген, ақындық өнері қанша ғылым қуса да бір сәтте толастамапты. Қолымыздағы курстас досы ғалым, профессор Ербол Жанпейісовтың құрастырған "Өмір өрнектері" кітабы соның айғағы. 2007 жылы өмірден озған ағамыздың артында өлеңдері, Манаппен айтысы, дастан-поэмалар, аудармалары, арнау-толғауларымен жеке шумақтары қолжазба күйінде қалыпты. Осы қолжазбаны ғалымның жары Шайзада Құрышжанова ұсынған. Баспаға дайынағандар қызы ф.ғ.к. Әлия Құрышанова мен ф.ғ.к. Ләйла Құндақбаева. Редакциясын басқарған ф.ғ.д. профессор Ербол Жанпейісов. Ербол досы "Ия, ол жасырып жазған екен, ол асырып жазған екен. Сол қолына қалам алып, жас жүрегін тебіренте, тербелте отырып өлең жаза бастаған 1946 -жылдан бастап өмірінің ақырғы кезеңіне дейін өлең жазудан қол үзбеген екен " – деп өзінің жүрекжарды сөзін арнапты. Жинақта ақын өлеңдері, бірнеше тақырыптық топтарға бөлініпті. Жүрек күйін шерткен сезімге толы өлең жырлары, өзі өмір сүрген заман көріністерін бейнелейтін поэма, дастандары, орыс, шығыс, батыс классиктерінен аударған өлеңдері, сондай-ақ әр кезеңдерде өзімен тұстас өмір сүрген достарына, замандастарына, шәкірттеріне арналған арнау жырлары енгізілген.
Түркітанушы Әбжан Құрышжанұлының соңында өшпес мұрасы қалды. Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар ескі түркі жазба ескерткіштерін қазіргі қазақ тіліне түсірген ғалым аудармашы. Бұл салада “Сөз атасы”, Ахмед Иүгінекидің “Ақиқат сыйы”, “Ескі түркі жазба ескерткіштері”, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білік” сияқты тарихи танымдық еңбектерін дүниеге келтірді. "Ескі көне түркі жазба ескерткіштері", "Тіл тарихы туралы ойлар"( Ғылыми мақалалар жинағы") және өмірін өрнектеген "Өмір өрнектері " атты кітаптары жарық көрді.
Осы айдың басында филология ғылым­дарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері Әбжан Құрышжановтың туға­нына 95 жыл толуына байланысты өзінің туған жері – «Ынтымақтың» баурайында жергілікті жұртшылықтың қатысуымен рухани жиын өтті. Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлсара Алтынбекқызы баяндама жасады. Ол баяндамасында тіл тарихына еркін бойлап, іргелі еңбектерімен өзіндік мектеп қалыптастырған тұлға туралы кеңінен толғанды. Ғалымның әсіресе ХІ-ХІІ ғасырларда ақыл-ой мен білімнің алып тұлғалары болған Махмұд Қаш­қари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Йугінеки, Қожа Ахмед Иассауидің мұралараның рухани-ғылыми айналымға енуіне, туған елімен табысуына қосқан ерекше үлесіне тереңірек тоқталды. Соның ішінде «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі», Ахмад Йүгінеки «Ақиқат сыйы» сынды еңбектері арқылы тарихи тұлғаларымыздың өзіндік қасиеттерін, ой-пікірін болашақ ұрпаққа танытқан, ұлттық құндылықтарды сақтау мен қадірлеудің үлгісін көрсеткен, оны тану мен бағалауға үйреткен ғылыми әлеуетін әңгімеледі. ХІІІ ғасырда жазылған – «Кодекс-Куманикус» жазба ескерткішінің, VІІІ-ХІ ғасырларда көне түркі тілі мен тарихы жөнінде Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің жаңа ғасырда ұрпақ санасында жаңғырған рухани қуатын ғалым қолтаңбасының өміршеңдігімен сабақтастыра әңгімелеген жүйелі көсемсөз көптің көңілінен шықты.
Олан әрі Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Үсенбаева «Әбжан Құрышжанұлының тұлғалық болмысы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Шал, мая және жел» атты туындысында бүгінгі кеш кейіпкерінің тұлғалық болмысы мен тарихи кезеңдегі ұрпақ тағдыры көркем тілмен өрнектелгенін айтты. Шығармада Әбжан атаның әкесі Құрышжанның өмірінен алынған шындықтар, оның ішінде кеңестік дәуірлегі ұжымдастыру саясаты тұсында бастан өткерген ауыртпалықтар бейнеленген. Бұл тұтас буынның маңдайына жазылған ортақ тағдыр еді.
Жазушы шығармаға арқау болған жердің тау-тасын өзгертпей өз атымен берген. Шығармаға арқау болған оқиға шынайы өмірде де сол ауылда болған.
Құрышжан нақ сондай тағдыр кешкен. Осылай деген ғалым-оқытушы өзінің баяндамасында Әбжан Құрышжанұлының кеңестік кезеңдегі тіл саласындағы жұмыстары мен идеологиялық шектеулерге қарамастан алған биігін жан-жақты саралап берді.
Әбжан ағаның жолын қуған қызы – Әлия Қазақ ұлттық университетінде, одан әрі АҚШ-тың Индиона университетінде жұмыс істеген. Қазірде ол Оңтүстік Кореяның Хангук шетелтану университетінде шәкірттерге дәріс оқиды. Орта Азия тану департаментінің профессоры.
Қазақстанның шет мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасты нығайтуда дипломаттардың, аудармашылардың үлесі көп. Осындай кадрларды дайындауда өз топырағымыздан шыққан перзент – Әбжан ағамыздың қызы - Әлияның өзіндік қолтаңбасы айрықша.
Кореяда қазақ тілі 2003 жылдан бастап оқытылады екен. Профессор Әлия Әбжанқызы былай дейді: «Кореда қазақ тілін үйренетін студенттер арасында аудармашылар, дип­ломаттар мен Қазақ-Корей компаниясының болашақ қызметкерлері бар. Бұлар тек тілді жетік меңгеріп қана қоймай келешек қазақ тілінің дамуына да серпін береді деп сенемін». Әлия Әбжанқызы осы саладағы зор еңбектері үшн «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалымның тұңғышы Ерке Әбжанқызы Лондонда «Өнер» галереясында еңбек етсе, Жанары Англиядағы Кембридж университетінің әкімшігінде бөлім басшысы екен.
Жиналғандар осы күні бейнеэкран арқылы ғалымның тілшілерге соңғы берген сұхбатын тамашалады. Ол түйінсөзінде былай дейді: «Тіл ғылымы - баяу дамитын ғылым. Қазіргі қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, өз деңгейінде жетілуі үшін сол тілдің тарихын да жетік білуге тырысуымыз керек. Сондықтан ең әуелі барлық ой-назарды қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне аудару мақсаты тұр. Жетілген, байыған қазақ тілінің тарихы деген мәселеге өз кезегімен көмек болады деп сенеміз».
Ғалым-ағаның өзі өмірден өткенімен соңында қалың оқырманы, оның ішінде даңғыл жолын жалғаған ұрпақтары, шәкірттері қалды. Олар барда ардақты жанның аты өлмейді. Мұрасы мәңгілік түркі мәдени тарихының төрінен орын алады.

Қалмұрат Мұсебеков
22 шілде 2025 ж. 250 0