№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Жылдар жаңғырығы


Өзінің адами қасиеттерімен, салиқалы өмір сүру қалпымен елдің ерекше ықыласына бөленген, елі үшін еңбек еткен аға толқынды құрметтеу ләзім. Солардың бірі – Садықбекұлы Сақбай атамыз. Ол кісі 1911 жылы қарт Қаратаудың төріндегі “Ынтымақ” елдімекенінде дүниеге келіпті. Әкеден жастай қалса да тумысынан зерек бала молданың алдын көріп арабша сауат ашқан. Араб тілімен қатар латын әліпбиін үйреніп төте жазуды жақсы меңгерген. Еңбекке ерте араласады.
Сақбай атамызды айтатын көнекөздер азайып, тарих тереңіне сіңіп барады.


Сақбай көкем әкем Мұсабектің немере інісі, ет жақын бауыры. Жылдар жаңғырығын жаңғыртып ұрпақтары үшін архив құжаттарын ақтаруға тура келді. Ауызша айтылған әңгімелерден басқа ресми құжаттар қолда жоқ еді. Көкеміз сауатты болғандықтан кезінде Кеңес өкіметінің партиялық қызметтерін атқарған. Архивтен көкеміз туралы бірнеше құжаттар таптым.
Алғашқысы 1939 жылы коммунистік партияның кан­дидаттығынан партия мүшелігіне өтуге жазған өтініші мен өмірбаяны және екі коммунист қызметкердің берген кепілдемесі (рекомендация). Өтініш, өмірбаян, кепілдемелер латын әрпімен жазылған. Екінші бір архивтен еңбек жолы кітапшасының көшірмесін таптым. Сол құжат бойынша Сақбай көкемнің еңбек жолын саралап өтсем.
1920-1924 жылдары Ақмешіт (Қызылорда) қаласындағы бастауыш мектепте оқып, 1925-1927 жылдары Аққұм бастауыш жетіжылдық мектебін бітірген. 1935-1937 жыл­дары Шым­кент қаласындағы алты айлық комсомол қызмет­керлерін дайындайтын арнайы курсты тәмамдаған. 1932-1937 жылдары “Ынтымақ” колхозында бригадир, 1937-1938 жылдары осы колхоздың басқарма төрағасы. 1938-1940 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінде кадр бөлімінің және аймақтық билер бірлестігінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1940-41 жылдары аудандық "Екпінді" газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі болыпты.

1941 жылы тамыз айында әскерге алынып, взвод командирінің көмекшісі ретінде соғысқа қатысады. 1944 жылы ауыр жараланып, госпитальда емделген. 1945 жылы Баку қаласындағы Бакинск тігін шеберханасының меңгерушісі болды. 1945 жылы 4 мамыр күні СССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Неміс басқыншылығына қарсы соғыста міндетін үлгілі орындағаны үшін "За боевые услуги" медалымен наградталған.
Өкінішке қарай осы құжаттардан басқа соғыстан кейінгі еңбектерін архив құжаттары арасынан таба алмадым. Мүмкін сақтауға берілмеген шығар. Баласы Амангелдінің айтуынша, көкеміз соғыстан кейін Ынтымақ колхозында ферма меңгерушісі, Тақыркөл колхозының басқарма төрағасы қызметінде болған. Онан кейінгі жылдары аудандық су шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан. 1972 жылы Келінтөбе кеңшарына көшіп барып ағайынның басын қосуда біраз еңбек атқарған. Сақбай көкем ой-өрісі кең, сөзге жүйрік шешен, шежірені тарқата білетін парасатты да пайымды жан еді. Ағайын арасындағы ауызбіршілікті сақтауда өзінің түйінді, түкпілікті кесімін айтып басшылық жасап отыратын. Сәлима жеңгем өте қонақжай ақжарқын кісі болатын. Қай уақытта барсаң да сары самаурыны екі иінінен демалып бұрқ-сарқ қайнап тұратын. Қазаны оттан түспейтін. Күніге қанша қонақ келсе де қабақ шытпайтын.

Көкемнің ұлдары Аманжол, Есенғазы, Амангелді, қызы Розадан өрбіген ұрпақтары қазірде өсіп-өніп шаңырақтары берік үлкен әулетке айналып отыр. Қоғамның әр саласында өздерінің мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр.
Аманжол ағамыз жас кезінде қызылша ауруынан зағип болып қалып Алматыдағы зағиптар мектебінде оқыды. Сол жақта зағиптар қоғамында жұмыс жасайды. Қызы Лена мен ұлы Павлик жеке кәсіпкерлер. Есенғазы ұзақ жыл Келінтөбе кеңшарында озат механизатор болып еңбек етті. Есенғазының үлкен қызы О.Жәутіков атындағы мектепте жоғарғы санатты мұғалім. Сымбат пен Нұрғазы да жоғарғы білімді ұлағатты ұстаздар. Гүлайхан медицина қызметкері, Ерғазы Келінтөбе мектебінде директордың оқу ісі жөнінде­гі орынбасары, қарашаңырақ иесі. Кенжесі Нұрдәулет финансист, жеке кәсіпкер. Сақбайұлы Амангелді Астана қаласында тұрады. Ұлы Құрманғазы Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінде ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор. Нұртасы финансист, жеке кәсіпкер. Қыздары Раушан, Ләззат білім беру саласында ұстаздық етуде.
Елі, жері, Отаны үшін от кешіп еңбек еткен аға ұрпақ өкілдері ұмытылмақ емес. Жыл өткен сайын ұрпақ санасында жаңғырып жаңара бермек.

Қалмұрат Мұсабекұлы,
Қосүйеңкі ауылы

20 ақпан 2024 ж. 413 0