№60 (8874) 12

12 тамыз 2025 ж.

№59 (8873) 9

09 тамыз 2025 ж.

№58 (8872) 5

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » » Жарты ғасыр жанұя жарасымы

Жарты ғасыр жанұя жарасымы


Өнегелі өмір жолымен елге сыйлы, ауызбіршілігімен үлгі боларлық жанұя, Жаңақорған кентінің тұрғындары Төленді ағай мен Сәпия апайдың шаңырағына арнайы ат басын бұрдық. Отасқандарына жарты ғасыр болған ерлі-зайыптының бір-біріне құрметі жас буынға ой саларлықтай. Әңгіме барысында отбасылық құндылықтардың адам өміріндегі мән-маңызы жайлы тағылымды ойлар айтылып, жанымыз жылып, жүрегіміз толқыды.


Қашанда тіршіліктің темірқазығы – еңбек. Төленді ағай жастайынан жауап­кершілікті жете сезінетін азамат бола білуімен және айрықша қарым-қабілетімен айналасына қадірлі. Өмір жолына келсек, орта мектепті тәмамдаған соң, аудан­дық аурухананың жедел-жәрдем көлігін жүргізіпті. Уақытпен санасуды білмейтін бұл қызметте оның үлкен жүректі кісілік қасиеті жарқырай көрінді. Екі жылдан аса уақыт осы салада қызмет етіп, одан әрі Германия жерінде әскери борышын өтеп қайтады. Отан алдындағы парызын адал атқарып елге оралған соң туған жердің тыныс-тіршілігіне белсене араласып, алды­мен аудан орталығындағы коммуналдық шаруашылық мекемесінде көлік тізгіндесе, кейін бұл мекеме таратылған соң құры­лыс саласына бет бұрады. Ел игілігі үшін тынбай тер төккен ол өмірінің отыз жылын құрылыс саласына арнаған.
– Құрылыс – тек кірпіш қалап, қабырға тұрғызу емес, ол халықтың игілігіне, елдің болашағына іргетас қалаумен тең. 1979 жылдан бері құрылыс саласында еңбек еттім. Аудан орталығындағы бұрынғы емхананы салдық. Шиелі ауданында екі мектеп, Тереңөзекте балабақша салуға қатыстық. Қолыңмен соққан ғимараттар перзентің сынды көзге ыстық көрінеді. Сол үшін әр жұмысты шын ниетпен, адал атқаруға тырыстым. Бұл салада тәртіп пен тиянақтылық бірінші орында тұруы керек. Қанша қиындық болса да, елге болсын деген ниет бәрінен биік тұруы қажет, – дейді Төленді Тәжентайұлы.
Төленді ағай әскерден келген соң өмірлік серігі Сәпия Шәмшиевамен бас қосты. Сол бір бозбала мен бойжеткеннің махаббаты бүгінде ел қызығарлық, немере сүйген ардақты әже мен ақылшы атаның жарқын ғұмырына айналған. Сәпия апай еңбек жолын кенттегі Халық банктен бас­тап, кейін әртүрлі мекемелерде қызметін атқарған. Тиянақ­ты, табанды, үнемшіл әрі биязы мінезді Сәпия апамыз бүкіл өмірін есеп-қисаппен байланыстырған. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүрудің есебін тауып, осы жолда талай қиындықты жеңіп, отбасын берекелі ұйытқыға айналдыра білді.
– Отбасы – бір шаңырақ астында мейірім мен түсіністікке, сабыр мен сыйластыққа құрылған киелі мекен. Біз Төкең екеуміз 50 жыл бойы өмірдің талай кезеңінен бірге өттік. Бір-бірімізді тыңдап, түсініп, қолдап отырдық. Балаларымызға да ең алдымен адами қасиетті, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуды үйретуге тырыстық. Мен үшін отбасының берекесі ер мен әйелдің бір-біріне тірек бола білуінде. Ынтымақ пен татулық бар жерде тыныштық орнығады. Ер мен әйел тең дәрежеде өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көтергенде ғана нағыз жанұялық бақыт қалыптасады, – дейді ол байыппен.
Төленді ағай мен Сәпия апай бес баланы дүниеге әкеліп, оларды білімді де тәрбиелі етіп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған. Бүгінде ұрпағының қызығына бөленіп, он жеті немеренің ортасында ақылман ата мен аяулы әже атанып отыр. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алып, өз орындарын тауып, ата-ана сенімін ақтай білді.
Әңгіме барысында түйгеніміз, бұл отбасы үшін бақыт материалдық бай­лықта емес, ұрпағының амандығында, татулығында, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете алатын тәрбиесінде жатыр.
– Балаларымызға үнемі еңбекпен жет­­кен нанның тәтті болатынын айтып отырамыз. Ең бастысы, адал өмір сүр, ата-анаңды құрметте, үлкеннің сөзін тыңда, өзіңе сен, елге пайдаң тисін деп айтудан бір сәт те жалыққан емеспіз. Қазір сол тәрбиенің жемісін көріп отырмыз, – дейді олар балалары туралы сөз қозғағанда.
Расында, қоғамдағы ең берік қорған мықты отбасыдан құралады. Төленді ағай мен Сәпия апайдың жанұясы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Үйдің іші мейірім мен жылылыққа, адалдық пен парасатқа толы. Бір дастарқан басына жиналғанда ұрпақтың басын біріктіретін ұйытқысы да осы қос қария. Олар үшін алтын той – жай ғана мерейтой емес, өмір бойы бірге өткерген қиындықтар мен қуаныштардың, ортақ арман мен үміттің, төгілген маңдай тер мен жиналған берекенің қорытындысы. Жарты ғасыр бойы қол ұстасып, тағдырдың түрлі кезеңдерінен бірге өткен бұл жанұя ел ішіндегі тыныштық пен бірліктің шағын моделі іспетті.
Иә, отбасындағы жарасым – елдегі берекенің бастауы. Төленді ағай мен Сәпия апайдың ғибратты ғұмыры, сыйластық пен жауапкершілікке құрылған жанұясы жас буынға үлгі болары анық. Елу жыл бойы бір-бірінің жанын ұғып, сөзі мен көзінен сыр аңғара білген ерлі-зайыптының өмір жолы – тағылымға толы шежіре, көпке үлгі өнеге.

Айсұлу Алданазар
28 шілде 2025 ж. 634 0