Өмірі өнегелі, еңбегі үлгі
Әр елдің құрметтейтін қадірлісі, арқа сүйер ардақтысы болады. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған сондай жандардың ақыл кеңесі қазіргі қоғамға керек-ақ. Ал ондай дәрежеге екінің бірі жете қоймайтыны белгілі. Өмір белесінде айшықты жол қалдыру кісінің қарым-қабілетіне де байланысты. Жасы сексеннің сеңгіріне шығып, қарттықтың кемел белесіне аяқ басқан Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тасболат Төребаевты осындай жандар қатарына қосуға болады.
Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне, әсіресе ауыл келешегін кемел ету бағытына еңбек еткен тұлғаның тағылымға толы өмір жолынан мол ғибрат алуға болады. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырауда ыдырай бастаған кеңестік шаруашылықтардың жұмысын жүйелеп, ауыл өмірінің ақсаған тұстарына тірек болуға айшықты үлес қосқан Тасболат аға жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Көпшілік кейіпкерімізді көлік техникасының тылсым құпиясын жатқа білетіндігімен таниды. Тіпті ғұмырнамасын терең зерделеген сайын ұлықтауға лайық, өмір жолы парасатқа толы, өмірі өнеге, ісі үлгі боларлық азамат екеніне көз жеткізесіз. Өйткені туған жер алдында перзенттік парызын атқарып, бедел биігінен түспей, ұрпағына құнды дүние шежірені жинақтап қалдыру екінің қолынан келмейтін дүние. Осындай қасиетімен бүгінде көкеміз ортасына сыйлы, айтса сөзі екі етпей орындалатын ақ сақалды қария.
Сонау 1942 жылдың жаймашуақ жазында Қожамберді ауылында жарық дүние есігін ашқан кейіпкеріміз өмірден алған тәлім-тәжірибесінің арқасында ауданның көшін алға сүйрейтін бірнеше буын қалыптастырды. Қазіргі елге қызмет етіп жүрген аға буын өкілдерінің дені осы кісінің мектебінен өтті десек артық айтпаған болармыз. Ғұмырының мағыналы кезеңдерін басшылық қызметтерге арнап, жақсы жетістіктерге қол жеткізген жанның тәлімінен сабақ алған қаншама жан бүгінде ауданның дамуы жолында игілікті іс атқарып, айрықша үлес қосып келеді.
Өмірі өнеге мен тәжірибеге толы Тасболат Төребев 1961 жылы №163 мектепті бітіріп, Түркістан қаласындағы индустриалды педколледжге сырттай оқуға тапсырады. Осы уақытта аудандық автобазада жүргізушілік жұмысты қатар алып жүрген азаматқа 1963 жылы әскер қатарына шақырту келеді. Осылайша Түркменияның Қызыларбад қаласындағы №97633 бөлімінде Отан алдындағы борышын 3 жарым жыл өтеп, елге аман-есен оралады. 1967 жылы жеңгеміз Райханмен өмірлік серік болуға серттесіп, отбасын құрады. Бүгінде 4 ұл, 3 қыздан 25 немере, 6 шөбере бар.
Автобазадағы жүргізушілік қызметпен қатар партияның атқарушы хатшысы ретінде қоғамдық бақылау жұмыстарына да белсене араласып, жауапты жұмысты батыл әрі білікті маман ретінде жауапкершілікпен алып жүрді.
Көкеміз қызмет еткен жылдар заманның қиын, заңның өте қатал кезеңдері еді. Тастай талап пен өктем бұйрықтар, заңсыз әрекеттер мен босаңсуға жол бермейтін сол кезеңде осындай қызметтерді абыроймен атқара білген кейіпкеріміз ізінен ерген ініқарындастарына ақылын айтудан да шаршаған емес.
Иә, диірмен тасындай дөңгеленген дүние сайдың тасындай іріктелген тұлғаларды ғана тарих сахнасына шығарады. Мейлі ол ақын болсын, мейлі жазушы болсын, тіпті қарапайым еңбек адамы болса да, қоғамға қосқан үлесіне сай белгілі бір биікке көтеріліп, құрмет төрінен табылып жатады. Міне, біз әңгімемізге арқау еткен Тасболат аға қатардағы қызметкерден бастап, бүгінгі абыройына қызметіне адал жан ретінде көтеріліп отыр. Сондықтан бұл кісі жайында білетіндердің бағасы басқалардан биік.
Сонау 1991 жылдан бастап кенттегі Сапарбеков көшесінің комитет төрағалығын атқарып келе жатқан кейіпкеріміз өзі талай жыл тұрған көшенің түйткілді мәселелерін биік мінберлерде де көтеріп келеді. Мұнысы жеке басының қамы үшін емес, қоғам игілігі үшін болатын. Есесіне халықтан лайықты бағасын алып келеді.
Халқы қадірлеген жанның бұл кезге дейін ие болған марапаттары мен жеткен жетістіктері де баршылық. Ол сондай дәрежені адал еңбегінің арқасында иеленген. Демек соған лайық. Сонымен қызметте жүріп алған марапаттарының қатарында облыстық автотранспорт ардагерлер ұйымының «Алғыс хаты» мен министрліктің «Құрметті Автокөлікші» марапаты тұр. Бұдан да басқа қаншама марапат қатарына жақында Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» қосылды. Оны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Серік Дүйсебеков өзі келіп табыстапты. Сондай-ақ облыс әкімі мен аудан әкімінің Құрмет грамоталары, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы тәрізді атақтары бүгінде ел үшін еңбек еткен қазыналы қарттың мерейін тасытып отыр.
Осы жылдар ішінде қазыналы қарияның көптеген мәдени-рухани шараларда бой көрсетіп, қоғамға белгілі азаматтар жөнінде есті әңгімелерден естелік айтып жүргені бөлек әңгіме. Жастарға да өзінің ағалық, аталық ақылын айтып, парасат-пайымын байқатып келеді. Көңілі дария жанның көкірек тұсына қатталған кесек ойлы хаттары да кейінгі ұрпақ үшін үлгіөнеге. Біз кейіпкеріміз Тасболат көкемен тілдесу барысында осыны ұғындық.
«Ақылды қария, ағынды дария» деген теңеуге лайықты жандар қатары да сиреп барады. Алла өмір берсе, қайсыбір жан болмасын қарттықтың ауылына ат басын бұрады. Сол кезеңге жеткенше бейнеттің бел ортасында болып, ел үшін, қоғам үшін қолтаңба қалдыра білген жандардың өмірі құрметке лайық. Мұндай ақылман қарияның өмір таразысы қашанда қазынаға бай келеді.
Түйін. Өнегелі, тағылымы мол өлкеміздің ақсақалдарының өмір жолынан бүгінгі жастарымыздың алары көп. Ал оларды мақтан тұтып, үлгі өнегесінен ғибрат алу ұрпақтар сабақтастығының бұлжымас қағидасы.
Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне, әсіресе ауыл келешегін кемел ету бағытына еңбек еткен тұлғаның тағылымға толы өмір жолынан мол ғибрат алуға болады. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырауда ыдырай бастаған кеңестік шаруашылықтардың жұмысын жүйелеп, ауыл өмірінің ақсаған тұстарына тірек болуға айшықты үлес қосқан Тасболат аға жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Көпшілік кейіпкерімізді көлік техникасының тылсым құпиясын жатқа білетіндігімен таниды. Тіпті ғұмырнамасын терең зерделеген сайын ұлықтауға лайық, өмір жолы парасатқа толы, өмірі өнеге, ісі үлгі боларлық азамат екеніне көз жеткізесіз. Өйткені туған жер алдында перзенттік парызын атқарып, бедел биігінен түспей, ұрпағына құнды дүние шежірені жинақтап қалдыру екінің қолынан келмейтін дүние. Осындай қасиетімен бүгінде көкеміз ортасына сыйлы, айтса сөзі екі етпей орындалатын ақ сақалды қария.
Көкеміз қызмет еткен жылдар заманның қиын, заңның өте қатал кезеңдері еді. Тастай талап пен өктем бұйрықтар, заңсыз әрекеттер мен босаңсуға жол бермейтін сол кезеңде осындай қызметтерді абыроймен атқара білген кейіпкеріміз ізінен ерген ініқарындастарына ақылын айтудан да шаршаған емес.
Лаура БИБАСАРОВА