Шаңырақ шаттығы

Екеуі де сақшылық қызмет саласында жүрген ерлі-зайыптылар Жандарбековтер отбасына арнайы бұрылдық. Үлкен табандылықты талап ететін қызмет пен отбасын қатар алып жүрген, қос саңлақтың өмірі ерекше қызықтырды.
Әрине, екеуі бірдей ішкі істер саласында қызмет атқаратын жас отбасыға кәсіби тұрғыдан да, отбасылық тұрғыдан да мықтылықтың қажет екені белгілі. Жанұя жауапкершілігі өз алдына, күнделікті қызметте түрлі жағдайларға тап болып, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында салмақты міндетті арқалауға тура келеді. Екеуінің де міндетінің ауыр әрі жауаптылығы отбасы өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, бір-біріне қолдау көрсетіп, түсіністік пен шыдамдылықты ту еткен ерлі-зайыптылар бар қиындықты еңсеріп келеді.
Мейіржан Машбек Нәлібаев ауылындағы №196 орта мектебін бітірген соң алғашқы жылы оқуға түсе алмағанына мойымай, шаруашылықта мал бақты. Араға бір жыл салып қайта оқуға құжат тапсырды. Кешенді тестен жоғары балл жинап, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік университетіне «биология» пәнінің мұғалімі мамандығына грантқа оқуға қабылданды. Оқу бітірген соң туған ауылындағы №196 орта мектебіне орналасып, биология пәнінен сабақ берді. Әйтсе де, азаматтық борышын өтеуді міндетім деп санапты.
– Әскер қатарына аттанып, Теміртау қаласында әскери бөлімде қызмет еттім. Осы кезеңде әскери өмірге деген қызығушылығым ерекше артты. Әскери борышымды өтеп келісімен Қарағанды экономикалық университетіне «заңгер» факультетіне оқуға түстім. Саладағы алғашқы еңбек жолымды Қызылорда қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында бастадым. Осы қызметте 5 жылдан аса жұмыс жасап, 2019 жылдан бастап Жаңақорған аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрулдік полиция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны қызметіне ауысып, бүгінгі күні осы қызметте жүрмін, - дейді Мейіржан Айтбекұлы.
Мейіржанның жары Айтолқынның да мамандығы заңгер. Ол алғашқы еңбек жолын аудандық прокуратурадан бастаған. Одан әрі аудандық сотта, Қызылорда қаласындағы маманданған күзет басқармасында қызмет атқарған. Кейін аудандық ішкі істер бөліміне штаб тобының аға инспекторы болып ауысыпты. Екі жас осы қызметте жүргенде танысқан.
Бұл жөнінде өзі былай деп әңгімелеп берді: «Әріптестік қарым-қатынасты ұстанған қатардағы қызметкерміз. Әйтсе де бір күні Айтоқынға «2019 жылдың тоғызыншы айыныңы 19-ы тойхана бос емес екен, бірақ 29-шы қыркүйек бос-ау, тойымызды сол күнге белгілейік» дедім қалжыңдап. Ол да аса мән бермеді. Араға уақыт салып, үйдегілер келін әкел деді. Анама сөз байласқан қызым жоқ дедім. Бірақ өзіммен бірге қызметте жүрген Айтолқынға көңілім кетәрі емес тәрізді. Осы ойымды айтқаным сол, үлкендер жағы бір-бірімен танысып, той қамына кірісіп кетіпті. Ата-анамызға біз де қарсы шықпадық. Өзім айтқанымдай, сол жылдың 29-шы қыркүйегінде үйлену тойымыз өтті. Қазірде шүкір, Алла берген үш баланы тәрбиелеп отырмыз. Әр сөздің киесі бар деген осы шығар, – деді Мейіржан ағынан жарыла.
Иә, ішкі істер саласында жұмыс істейтін жұбайлар өз міндеттерін адал атқара отырып, қоғам алдындағы жауапкершіліктерін терең түсінеді. Бұл қызметте тек кәсіби біліктілік қана емес, адамның моральдық және психологиялық дайындықтары да маңызды. Күнделікті түрлі жағдайларға тап болып, қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптылардың берік отбасылық одағы олардың бір-біріне деген сенімін арттыра түсетіні анық. Десе де, жанұяның жылуы саналатын әйел адамның жауапкершілік жүгі қашанда басымырақ. Өйткені, ана қанша жерден қызметкер болса да отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шаттығы.
– Жалпы, ерлі-зайыптылардың қызметі бір-біріне көмек көрсету, қиындықтармен бөлісу мен сенімге негізделеді ғой. Жұмыс болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Біз әрдайым бір-бірімізді түсініп, қолдау көрсетуге тырысамыз. Сол қолдаудың арқасында біздерге артылған жауапкершілікті бірігіп атқарамыз. Ішкі істер саласында жұмыс жасаған соң, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету біз үшін бірінші орында. Соған қарамастан отбасымызға барынша уақыт тауып, ата-аналарымыз бен балаларымызға көңіл бөлуге тырысамыз, – дейді Айтолқын.
Бір салада табанды тер төгіп жүрген ерлі-зайыптылармен сұхбаттасу барысында қызмет саласындағы жас отбасылардың өзара қолдауы мен сыйластығы, бір-біріне деген түсіністік пен құрметі олардың кәсіби жетістіктерімен қатар, отбасылық өмірлерінің де тұрақты әрі берік болуына септігін тигізетінін аңғардық.
Айсұлу АЛДАНАЗАР