Жүрек жылуы

Қазір біздің арамызда тыл ардагерлерінің көзі саусақпен санарлықтай ғана. Олар – кімдер? Олар – балалығын соғыс жалмаған, кеуделерінде әке бейнесі еміс-еміс елес қана болып сақталған жаны жаралы ұрпақ. Санада мәңгіге орнығып қалған сол сартап сағыныштың орнын өткен күнді елжірей еске алумен ғана емдеген болады. Одан басқа алданышы, ол – өз қанынан өсіп-өнген өмір жалғасы, артына тастап кете алар айшықты іздері.
Осындай жанның бірі – кенттегі Манап Көкенов көшесінің тұрғыны, тоқсан төрт жастағы қария – Тұрғанбек ақсақалдың үйіне арнайы бас сұқтық.
Газет қызметкері ретінде еселі еңбек майданы майталмандарының қаншасы қаламымызға ілікті. Ал бұл кісі туралы бірінші рет қалам тербеп отырмыз. Себеп? Оның себебін бұл ағамыздың үлгілі үрдісін айналасына айқайламай, аттандамай, үндемей жүріп-ақ дарытып келе жатқан азаматтық мінезімен байланыстыруға болатын тәрізді.
– Әкем соғысқа кеткенде он жастамын. Елтай колхозының мектебінде оқып жүргенбіз. Балалық дегеннің не екенін білмедік. Таң азаннан егіндікте күріш орамыз, масақ тереміз. «Бір дән – бір оқ» деген ұранды жаттап алғанбыз. Қанар қап тола жинаған астығымызды атарбаға немесе өгіз жеккен арбаға толтырып Төменарыққа жөнелтеміз.
Әкем Пірманов Қалдыбектің қаза болғандығы жөнінде 1944 жылдары қара қағаз келген, бірақ нақты дерегін әкемнің Жәмшит деген інісі, ауылдық кеңестің хатшысы еді, сол кісі Мәскеу мемлекеттік архивіне хат жазып жүріп анықтады. Отыз сегіз жасында оққа ұшқан әкемнің Чехославакияда бауырластар зиратында есімі жазулы тұр екен. Басына барып топырақ салып қайту арманым іште қалды, – дейді қария. Анам Пәтіш соңында қалған жалғыз ұл – мені, менен үлкен екі әпкем Үрқия мен Зүлфияны өзі асырап жетілдірді. Колхозда кетпенші еді. Сунақата каналын қазған кісі. Кейін туған жеріміз – Жаңарыққа көшіп келдік.
– Ал өзіңізді аяққа нық тұрғызуда кімдердің көмегі болды деп атай аласыз?
– Соғыстан кейінгі жағдай қиын кез. Үкімет өзі көмектесті. Өзі оқытты. Екі мезгіл тегін тамақ берді. Әскер жанұясы ретінде Қызылордадағы техникалық училищеде оқытып, мамандыққа баулыды. Он бестегі баламын. Сабақтан тыс уақытта қала сыртына барып Тасбөгеттің құрылысына қатыстық. Сонда қап толы құмды 100 метр жерге жаяу арқалап тасыдық. Бөгеттің салынуына осылайша үлесімізді қостық.
Училищеден соң әскер қатарына алындым. Томскідегі әскери бөлімде үш жыл, сегіз ай қызмет еттім. Мамандығым бойынша меншігіме үлкен жүк көлігі тиді
1959 жылы Жаңақорғанды су алды, кенттің осы отырған орнымызға сол кездері көшіп келіп қоржынтам салып кірдік. Кейін жағдай түзелген соң жақсы баспана салып алдық. Еңбек жолымды аудандық мәдениет бөлімінде киномеханик болып бастадым. Мәдени үгіт бригадасы құрамы түгел колхоз-совхоздарды аралап еңбеккерлерге қызмет көрсететінбіз. Барған жерде малшылардан, дала қосында диқандардан «кино көрдік» деген тілхат жаздырып аламын. Тәртіп солай. Шаруа адамы демей, кино көріп, жаңалық тыңдап, күнделікті мерзімді басылымдағы жаңалықтардан хабардар болып отыруы керек. Жанымызда Алижан деген азербайжан азаматы да болды. Толық келген ақкөңіл кісі еді. Жол бойы айналасын қыран-топан күлдіріп отыратыны есімде қалыпты. Кезінде елінде министрлікте істеген екен, Қазақстанға жер аударылып келген, жалақыға тапқан жұмысы осы болса керек, күнкөрісіне шаштараздық кәсіпті айналдырды. Он жылдай осы жерде жұмыс істедім де, одан соң аудандық райпотребсоюздың автодүкені меңгерушісі болдым. Ол кезде аудандық партия бюро мүшелеріне арнайы дүкен жабдықталады. Соның жұмысын жүргіздім. Не керек, зейнетке осы жерден шықтым. Осынау еңбегімді елеп Үкімет зейнет демалысына шығарда мекемеден есептен шыққан көлікті маған бермек болды. Одан бас тарттым.
– Неге?
– Өйткені жетпіс екінші жылдары жекеменшігіме «Волга-21» машинасын сатып алған едім. Мұндай көлікке ешкімнің қолы жете бермейді, ауданда 4 азаматта ғана – белгілі күрішші Ақбалаевта, Исатай Топышевте, Шайын Қалқожаевта және Жакудаевта ғана болды. Оны да игілігіме көп міне алмадым. Кезінде Өзбекстанға тұрмысқа шығып кеткен апаларымнан туған жиендер келіп қалап алып кетті. Бір айдан соң он мың теңге әкеп берді, қыздарымның несібесі екен, мектеп бітірген Айман-Шолпанымды сол қаражатқа жоғарғы оқу орнына түсірдім. Кіші қызым Алманы да оқыттым. Үш ұлым өз қотырын өзі қасып, өздерінше аяқтан тұрып кетті.
– Жиенге жетектетіп жіберетін тай емес, темір тұлпар. Ішіңіз ашыған жоқ па?
– Туысқандарым да солай деп айыптады. Бірақ ол кезде кісіге дүние емес, кісінің көңілі қымбат кеңшілік кездер екен ғой деп ойлаймын. Сол жиендеріммен күні бүгінге дейін араласып, екі мемлекеттің арасын жалғап келеміз, – дейді ақсақал.
Күні кешелері қарияны Жеңіс күнімен құттықтап аудан әкімшілігіндегі балалары келіп кетіпті. Жағдайын сұрапты. Хал-күйім өте жақсы деп жауап беріпті. Ал зейнетақысы жаңағы азаматтардың айлық жалақысынан артық болып шыққанын айтты. Ақсақалдың өкіметке, жергілікті басшылыққа еш өкпесі жоқ. Барлығы да шама-шарқынша өз абыройына дақ жуытпас үшін қажырлы жұмыс жасап жатыр деп есептейді ақсақал. «Әкеңіздің әскери фотосуреті бар ма?» деген сауалымызға «Кешке Зарина қызым келген соң таптырып беремін» деген жауапты алдым. Зарина – ақсақалдың қолдағы ұлы мен келіні – Қанат пен Айгүлдің қызы. Жақында тұрмысқа шығыпты. Бірақ қарияның екі сөзінің бірі – Зарина. Неге? Мұны Тұрғанбек көкеміздің келіні Айгүл былай шыға бере төмендегіше тарқатты. «Ата-әжеге немеренің бәрі бірдей тәтті ғой. Бірақ атаның осы қызына қатты мейірімі ауды. Ол кісі қазір бала сияқты. Әсіресе кемпірі дүниеден қайтқалы тым сәби болып кетті. Заринаны күніне бір көріп, қызының қолынан дәрісін ішіп, басқа да қамқор «тапсырмаларын» орындап отырмаса ұйықтай алмайды. Зарина өзге отбасына келін болып түскен босағасында он күндей ауырып келе алмай қалғанында бұл кісі нәр татпады. Күйеу балаға түсіндірдік соны. Екеуі күніне бір рет кеп атасының мауқын басып кетеді. Міне, ата мен немеренің арасында осындай да махаббат болады екен, – деді күліп.
Мен қатты толқыдым. Жасынан әкесіз жасық өскен, балауса бұғанасы ауыр еңбекке жаншылып, бой жазып, еркін ержете алмаған, енді төсекке таңылып, кесел меңдеген бейнеткеш жанды өмірінің ақырғы күндері алақанға қалай салып, қалай еркелетсек те жарасады. Соны түсініп, қамқорлық жасап жүрген күйеу баламыздың да парасатына рахмет. Өссін, өнсін!
Тұрғанбек ата көп жылдар осы көшенің комитет төрағасы болды. Елді жақсы істерге ұйытты. Әлі де отырысы тіп-тік, көз алдында теледидардағы жазуды көзілдіріксіз оқып отыр. Газет-журнал – жастанып оқитын рухани серігі. Жеке дәрігері – Сәулебек Ысқақов. Дерт мазалап, саушылығы сыр берсе осы баласын шақыртады екен. Өйткені ол бәрінен жақын. Бала күнінде Елтайдың мектебінде математикадан дәріс берген ұстазы Есқожаның баласы. Сондықтан да ол Тұрғанбек көкесі дегенде сөзге келмейді, облыс орталығынан болсын жетіп келеді. Әкеден жалғасқан сыйластық, сабақтастық деген осы.
Қарияның ұлдары – Мұрат пен Саматтың келіншектері – Әлия мен Раушан, бірі ұстаз, бірі дәрігер. Екеуі де халыққа мінсіз қызмет етіп келе жатқан өз саласының озық қызметкерлері. Ал үйдегі келіні Айгүл көп жыл бала бақшада басшылық қызметте болды. Қазір толықтай атаның күтушісі. Үлкен үйдің шырақшысы. Бие байлап, саумал сауып, қарияға қажет дәруменді өз қолымен өндіріп отыр.
Оның өз атасы туралы құнды көзқарасы, ойлы түйіндемесі бар. Оны былай деп өрнектеді:
«Менің атамның өзгеге ұқсамайтын бір-ақ қасиетін айтайын. Ол кісінің ешуақытта біреуді кінәлап сөккенін естімеппін. Сырттан өз немересі жылап келсе де оның өзін айыптап, өзіне ескерту жасайтын әдетінен жаңылған емес. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген мәтелді қадір тұтқан жан. Бұл ерекше тәрбие ғой. Бірнәрсені бүлдіріп қателік жасап алдына келген жанға дауыс көтеріп ұрысқанын естімедім. «Мұның қалай, ойланбадың ба? деп салмақ сала айтқан жай сөзбен-ақ өңменінен өткізетін қасиеті бар. Сосынғы бар ауыр сөзі «сволыш» дейді. Болды. Өмірден қаншама қиындықты көрсе де жүйкесі тозып, біреуіміздің де көңілімізге жел болып тимеген атамыз осындай сырбаз мінезімен-ақ айналасына сыйлы, құрметті, – дейді ол.
Иә, тұлғасының өзімен-ақ айналасына қадір-қасиетін арттырған осындай аталарымыз аман болсын.
Баян ҮСЕЙІНОВА