Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛМЕКЕН

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛМЕКЕН


Ата-дәртүрді жалғастырып, қолөнер шеберлігімен елдің назарына іліккен жандар арамызда жүр. Осындай тұлғалардың бірі қос өнерді құрықтап, қылқалам мен киізге жан бітірген Ұлмекен Мауытованың Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен көктем мерекесімен орайласқан үш күндік көрмесі көрермен көзайымына айналды.
Суретшілер және қолөнершілер одағының мүшесі Ұлмекен Мауытованың көрмесіне келген халықтың қарасы көп болды. Алтын қолды шебердің талантын құрметтеген аудан әкімі Ғалым Әміреев халықты өзі бастап барды.
– Көрмеңіз біз ойлағаннан биік дәрежеде әзірленіпті. Туындыларыңызға тоқталып кетсеңіз?
– Оң жақ қабырғада киіз технологиясы бойынша әзірленген туындыларым қойылған. Біріншісін – «Құс жолы» немесе «Тіршілік» деуге болады. Себебі, тарихқа үңілсек, «Жібек жолы» бойымен керуен көшкен. Барлық тіршілік осы бағытта өрбіген. Осыны арқау еттім, – деді өнер иесі.
Көрмедегі бағалы туындылардың екіншісі – «Көктем» деп аталады екен. Бұл аңыз-әңгіме желісімен салынған. Мұнда 10 туынды мифтік бағытта дайындалыпты. Олар – «Алтын сақа», «Алтын алма», «Үш тұғыр», «Дауа», «Сыйлы қонақ», «Бұғы», «Қасиетті домбыра», «Қорқыт қобызы». Мұның барлығы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен және сенім-танымынан сыр шертеді. Скифтік стилдегі 5 бұйымы «Алтын адам» киіміндегі өрнектерге арналыпты. Бұл бұйымдарды әзірлеуге шебер 4 ай уақытын жұмсаған екен. Оның құны 40-80 мың аралығында бағалануда.
Екінші қабырғада Ұлмекеннің қылқалам шебері екенін аңғартатын, әйел-ана тақырыбындағы суреттері ілініпті. Көрерменді қызықтырған картиналары – «Арманшыл қыз», «Нәзік болмыс», «Жүрек тебіренісі», «Ескендірдің мүйізі». Кескіндеме жанрымен айналысып жүрген жанның шеберлігі, ізденімпаздығы көпшіліктің таңдайын қаққызды. Майлы бояумен салынған суретінің бірі «Менің рухани байлығым» деп аталады екен. Бұны суретші өз әріптестеріне арнапты. Портретте Набихан Шалапов басқаратын ұжымдағы қызметкерлер бейнеленген. Бұл туралы тебірене айтқан Ұлмекен Мауытова жүрегіне жақын, ең құнды туындысын таныстыру кезеңінде айтты.
– Әр туынды мен үшін өз баламдай ыстық. Десе де, келініме арнап салған суретім – «Ақ жаулық» мен үшін ең сәтті шыққан секілді. Мен әже атансам да, өз немерелерімнің қасында көп бола бермесім анық. Алыс-жақын елдерге шеберлік сыныптар өткізуге айлап кетіп жатамын. Сол себепті, келінім өзі немерелерімді бағып, күндіз-түні бесік таянып, тәтті ұйқысын төрт бөліп жүр. Осы көріністі мен өз шығармашылығыма қостым, – деді.
Шығармашылыққа ден қойған Ұлмекен Мауытова Әлшекей атындағы өнер мектебінде бейнелеу өнерінен сабақ береді. Мұндағы балалар да апайының көрмесіне ең үздік шығармасын алып келіпті. Алғашқы туындыларының өзі шебер ұстаздың ізін жалғайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғартады.
Шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Аягөз Айдосова:
– Мұндай өнермен танылған жандар саусақпен санарлық. Өнер бар жерде әсемдік, әдемілік қатар жүреді. «Он саусағынан өнер тамған» деп Ұлмекен Мауытовадай іскер азаматтарға айтсақ жарасады. Әрі суретші, әрі қолөнерші жанның алар асуы әлі алда деп сенемін. Шығармашылығы дами берсін, отбасы аман болсын! – деген шынайы тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, шарада Әлшекей атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбаев және аудандық кітапхананың қызметкері Сурая Аманова рухани қолдау білдірді.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
21 наурыз 2018 ж. 1 730 0