Досқа адал, сертіне берік болды

Тағдырдың тосын сынағы – ажалға қарсы дәрмен жоқ екеніне тағы бір көзіміз жетті. Көкірегі қазына, жүрегі кең, ойы терең, сөзі мен ісі жарасқан асыл азамат – бала күннен бірге оқып, бірге өскен, өмірдің талай белесінде қатар жүрген сыныптасым, адал дос Қамбарбек Аманкелдіұлының өмірден озғанын ауыр күйзеліспен қабылдап отырмын. Ия жалған дүниеде кім қалар дейсіз? Бүгінгі қаралы хабарды естігенде дүние төңкеріліп түскендей болды. Тай құлындай тебісіп өскен құрдасым, досым Қамбар Амангелдіұлының мезгілсіз қазасы жаныма ауыр тиді. Біздің достығымыз сонау балалық шақтан басталған еді.
1990 жылы Өзгент ауылындағы №224 Өзгент орта мектебін бірге бітірдік. Ол біздің сыныпқа 1986 жылы, 6-сыныпта Түгіскен ауылынан келген болатын. Сол жылдардан бері достығымыз еш ажыраған емес. Мектеп қабырғасында жүріп, талай естен кетпес сәттерді өткердік. Бала достығымыз кейін ер жетіп, отбасылық қарым-қатынасқа ұласты.
Қамбар өзінің қысқа ғұмырында ағайын-туысқа бауырмал, дос-жаранға адал азамат болды. Мектеп бітірген соң алғашқы еңбек жолын Өзгент ауылындағы автогаражда слесарь болып бастады. Мен де өз ауылымда құрылысшы болып бірге еңбекке ерте араластық. Кейіннен жоғары оқу орнында оқып, бітіріп, қай салада болсада қызметін абыроймен атқарды Салық басқармасында да, қаржы саласында өңір дамуына өзіндік үлесін қосты. Шиелі ауданын басқарып тұрғанда коронавирустың кең етек алып тұрған кезі еді. Халықты бұл сынақтан да аман алып шығуға бар қажыр-қайратын жұмсады.
Ол жастайынан білімге құштар, әр іске жауапкершілікпен қарайтын, өз ортасына сөзі өтімді, мінезі орнықты. Жылдар өтсе де, сол қасиеттері оның бойынан жоғалған жоқ. Қайта одан сайын тереңдеп, кемелденіп, нағыз тұлғаға айналды. Балалық шақта есте қалар талай естеліктер болды.
2021 жылы мектеп бітіргенімізге 31 жыл толуына орай кездесу өткіздік, сол кешке Қамбарбек те келіп, жылы жүздесу, сағынышқа толы қызықты сәттер өтті. Кездесу кешінде марқұм Гүлзия Құрбанова екеуі шеруді бастап шыққаны оның жолдасқа, құрдасқа деген ақ пейілінен екен ғой.
Жары Айнұр екеуі достардың қызықшылығынан қалған емес. Қиындықта да қасқайып, шынайлы мінезімен танылды. Әттең, барлығы өткінші екен. Жаратқан енді артында қалған ұлы мен қыздарына ғұмыр берсін дейміз, Алла соңында қалған анасына, бауырлары, жары, ұл қыздарына сабыр берсін.
Сыныптастар, қатар жүрген жолдастар үшін Қамбарбектің орны бөлек еді. Оның өмірден озуы – бәріміз үшін орны толмас қаза. Бұл дүниеден абзал азамат емес, бір тұтас дәуір, бір үлкен парасат иесі өтті. Сыныптастары оның артында қалған ұрпағына, асыл жарына, ағайын-туыстарына, барша жақын-жуықтарына қайғыра көңіл айтады. Бұл қаза – баршамыз үшін ортақ қасірет.
Қамбарбектің басты құндылығы – оның адами қадір-қасиетінде еді. Ол ешқашан даңқ қуған жоқ, қарапайым қалпынан айнымады. Қандай лауазымда жүрсе де, туған ауылын ұмытпай, қатар жүрген достарын, ауылдастарын, сыныптастарын қадірлеп өтті. Кездескен сәттерімізде ортамыздың ажарын ашып, өзіне тән әзілімен, байсалды ақылымен, кең пейілімен ерекшеленетін. Оның жанынан жайлылық сезіп, жан дүниең тынышталып қалатын. Ол – нағыз зиялының, нағыз қазақы мінездің иесі болды. Адал жар, ұлағатты әке, немерелеріне мейірімді ата ғана емес, айналасына үлгі болған асқар тұлға. Отбасына деген қамқорлығы, бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі де ерекше еді. Қамбарбектей азаматтың артында игі істері, тиянақты сөзі, өшпес өнегесі қалды.
Қымбатты досым, сені мәңгілік сағынышпен еске аламыз. Жаның жәннаттың төрінен орын алғай! Сенің жарқын бейнең жүрегімізде мәңгі сақталады. Орның – биікте, атың – абыроймен аталар азамат едің. Жатқан жерің жайлы болсын, досым!
Бақытжан ТӨЛЕГЕНОВ,
сыныптас-досы