Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Доссыз – өмір тұл


Редакцияға елге сыйлы ел ағасы Зинабдин Шермағамбетов келді. Жүзі сынық көрінді. Оның мән-жайын сұрадық. Ұстаз ғой, көңілі сергек, кез-келген құбылысты жүрегімен қабылдайды. Өмірде дос ретінде сыйласқан, талай сырын бөліскен Әскербек Рахымбекұлы байқилық болыпты. Жанына осы батады екен.


Ағартушының бетінде бір тамшы сырғып барады. Досын сағынғандығынан болар, қимас­тығынан болар. Бір сәт бөлмеде үнсіздік жайлады...
Санасында жастық жағы сырғығаны анық, кенет қалам­гермен достығы қалай басталғаны жайлы сыр тарқатты:
– 1960 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түстік. Әсекең Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылынан келді, мен Жаңақорғанның Кеңесінен бардым. Бір факультетте бес жыл бірге оқыдық, төрт жыл бірге тұрдық. Бірден сөзіміз жарасып, достығымыз орнады, – деді ол.
Сыр мен қырдың талапты жастары студенттік кездегі бар қуанышына ортақтасады. Одан кейін отбасымен араласып, әулеттің үлкендері – аталарының көзін көрді. Осы достық 60 жылға ұласты.
1967 жылы Зинабдин ағамыз үйленгенде Әсекең күйеу жолдас болады, 1968 жылы Әскербек шаңырақ көтерген кезде Зинабдин ағамыз күйеу жолдас болады.
– Біз бір-біріміздің қызықшы­лығымызға ортақтасып, тойымыз­дың мазмұнды өтуіне мән бердік. Тіпті Әскербек екінші рет үйленген кезде де жолдас болып, тойға қатыстым. Жастар секілді тойға келушілер тілек айтқанда отырып-тұрып тұрдық. Әскербектің күйеу жолдасының шашы сұлу болып тұрсын деп қара түске боятып алғаным да бар. Бәрі досым үшін ғой! – деп өткенді еске алды ардагер ұстаз.
Иә, нағыз достықтың үлгісін Зинабдин Шермағамбетов пен Әскербек Рахымбекұлы ара­сындағы берік сыйластықтан көруге болады. Бұл жайында көлемді мақала жазуға да болады. Мұны алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, ағамыздың газетке әкелген толғауына кезек берсек.
Зинабдин ағамыз досын жоқтап, ойын мазалаған сұрақтарды өлеңге айналдырып әкеліпті.

Сен де өттің-ау өмірден,
Әсекем-ай!
Жетпіс сегіз жас берді
жаппар Құдай.
Өлеңмен өріп ең ғұмырыңды,
Мәреңе жеттің бе, тұлпарым ай!
Жасыңнан болды өлең пірің сенің,
Өлең жазбай өтпейтін түнің сенің.
Төрт қатары ұйқасып
паң жорғадай
Мөлдіреп төгілетін жырың сенің.
Алпыс жылдан келеміз
досың болып,
Өмірдің қысы-жазын бірге көріп.
Ортамызда жан болдың өрең биік,
Ақындық талантыңмен
болдың озық.
Тынысы кең ақынысың
әуел бастан,
Жазғансың өлеңмен де
не бір дастан.
Жырларыңды өзіңнің
жатқа оқисың,
Қанша шумақ болса да жаңылмастан.
Өзің-өзі жаратқан тұлпар жансың,
Талай жабық бәйгеде жүлде алғансың.
Бір кезде Асқарларға
шәкірт болсаң,
Елде бүгін бас ақын атанғансың.
«Сыр бойын» да басқардың
қиын шақта,
(Газет ол келе жатқан «әлімсақтан»).
Орын керек болғанда әріптеске,
Әсекең бере салған әдеп сақтап.
Бұл ісі ақыныңның мәртік шығар,
Пенделіктен биік ол бір ақ сынар.
Ақын өтті өзінің биігінде
Тамыры терең кеткен
ол бір шынар.
Мінезі қорғасындай ауыр, білем,
Жұмысы жоқ мақтан мен дабырменен.
Айтарын өлеңменен айтып кетті,
Өмірде бәрін жеңді сабырменен.
Ақын ол тауқыметке төзе білген,
Ажырамай өтті өзі туған жерден.
Өзінің ескерткішін қойып кетті,
Мәңгі бақи өлмейтін өлеңменен.
Мұра болып қалды
артта кітаптары,
Шыққан бәрі ақынның кемерінен.

Өкінеміз, шығарып сала алмадық,
Елдегі қу індеттің себебінен.
Періштедей жан едің,
орның бөлек,
Пейіште бол, Алланың демеуімен!

Жазып алған Мақпал Патенова
19 қыркүйек 2020 ж. 702 0