№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

№40 (8854) 31

31 мамыр 2025 ж.

№39 (8853) 27

27 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Татулығы жарасқан Төменарық

Татулығы жарасқан Төменарық


Жаңақорғанда 550-ден аса этнос мекен етсе, соның 150-ге жуығы Төменарық ауылында тұрады. Бірлігі жарасқан, тату-тәтті күн кешетін олар ұлтқа бөлінбейді, тілі бір, тілегі бір ауыл тұрғындарының бүгінгі тіршілігі өзгелерге өнеге боларлықтай. Тыныштық пен тұрақтылық, татулықты ту еткен кез келген елдің болашағы баянды келетіні ақиқат. Сондықтан түрі басқа болғанымен тілеуі бір, дәстүрі басқа болғанымен діні бір, жүрегі қазақ деп соққан отандастардың бірлігі болашаққа сенімді негіз қалайды.


Шыны керек, Қазақстандағы ұлттар мен диаспоралар қазақ ұлтының қонақжайлығы мен кеңпейілділігін әрқашан жоғары бағалайды, құрмет тұтады. Оны Төменарықтағы өзге ұлт өкілдерінің ізгі ілтипатынан байқауға болады. Ауылда 8 этнос өкілдері түрлі салаларда еңбек етіп, өлкенің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Олардың арасында ұстаз, медицина және ауылшаруашылығы саласының мамандары мен кәсіпкерлер де бар. Қызмет барысымен де, жалпы өзге де жұмыспен талай жолымыз түскен ауылдағы тынымсыз тірліктің куәсі болдық.
Ауылдағы үлкен диаспораның бірі – кәрістер. Қазақ тіліне жүйрік кәрістер кәсіпкерлікке епті. Олардан егінді күтіп-баптауда үйренетін нәрсе көп.Төменарықтың тұрғындары есік алдындағы алқапты күтіп баптауға маманданған. Жылда қызанақ, қияр, қауын, қарбыз егіп, бала-шағасына дәруменге бай көкөніс және бақша өнімдерін өздері күтіп-баптайды. Өткен жылдары карантинге байланысты Жаңақорған және Шиелі кентімен байланыс үзіліп, көшеттерді алу қиындады. Осыны дұрыс бағамдаған Владимир Чжен көшет сатуды жолға қойды. Ол есігінің алдында жерді өңдеп, арнайы жылыжай жасамай-ақ қауын, қияр, қызанақ, баклажан көшетін саудалады. Онда адам қарасы көп. Таласып-тармасып сатып алуда. Тіпті көрші ауылдың тұрғындары келіп, өнімін алуда.
Төменарықта кіндік қаны тамған Евгений Метелев Сыр өңіріне танымал азамат. Қазақтың қызын қолына қондырған Евгений Вадимович бүгінде «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-да еңбек етеді. Немцовтар шаңырағы тек Төменарыққа ғана емес, көршілес ауылдарға танымал. Олардың омарташылығы ғана емес, төрт түлікті кәсіп еткенін ел жақсы біледі.
– Шыны керек, биыл көрші аудандардан бөлек өнімді Астана мен Ақтау қаласына жөнелттік. Келер жылы одан да көбірек жіберуге тырысамыз. Барлығы өзімізге байланысты, өнімді молырақ өндірсек сұраныс арта береді, ең бастысы, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі жақсы.
Иә, тілі ғана емес, болмысы қазақ болып кеткен Павелдің нағашы атасы Гордей Жило уақытында ауылда бал арасын асырауды қолға алған жандардың алғашқысы. Одан кейін әкесі жалғаған кәсіпті кеңейтуге кіріскен Павел мен Иван бала армандарының орындалып келе жатқанына шүкірлік етеді. Тек кәсіп ретінде ғана емес, емдік тұрғыдан да пайдалы ара жәндігінің аула ішінде 50-ден аса жәшігі орналасыпты. Емдік демекші, бал барлық ауруға дауа. Тіпті ұяшықтары да халық емінде кеңінен пайдаланылады екен.
Достық пен татулықты негіз еткен демократиялы елде азаматтық қоғам маңызды рөл атқарады. Мұны адамдардың саяси-әлеуметтік өмірін қамтамасыз етіп, қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру, ұйыстыру деңгейімен өлшеуге болады. Сингапурдың тәжірибесін мысалға алуға болады. Алты миллионға жуық халқы бар бұл ел жыл сайын 25 мыңға дейін сырттан келгендерге азаматтық береді. Этностық құрамы жағынан ел халқының 70 проценті – қытайлар, 13 проценті – малайлар, 9 проценті – үндістер, 3 проценті – өзге ұлттар. Этноқұрылым осындай ала-құла болса да халықаралық сарапшылар мұнда біртекті Сингапур халқының құрылғанын алға тартады. Қазіргі кезде стратегиялық жоспарлар сингапурлықтардың «ақылды ұлтқа» айналып келе жатқанын айқындайды. Оның басты себебі – халықтың тығыз тұруына қарамастан, инновациялық технологиялар енгізіп, бәрінің де өмір сүруіне жоғары сапалы жағдай туғыза білді.
Қазақстан да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, межелі бағдар құрылып, тапсырмалар түйінделіп келеді. Енді қазақ ұлтын титулды ұлт ретінде бағалап, татулық пен тұрақтылықты, бірлік пен берекені негіз ету керек. Мұны Төменарықта тұратын өзге ұлт өкілдері қолдайды. Олардың қазақ тілін меңгеріп, ұлттық мерекелерге белсенді қатысуы соны айғақтайды, ең бастысы, елдің ынтымағы артып, татулығы тұрақты болса болғаны.

Медине АБАЙҚЫЗЫ
студент
29 сәуір 2025 ж. 300 0