№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бірлікті елдің болашағы баянды

Бірлікті елдің болашағы баянды


Бірлік пен берекенің, ынтымақ пен достықтың мерекесіне айналған 1 мамыр мерекесі аудан төрінде аталып өтті. Сәні мен салтанаты жарасқан мереке әдеттегідей аудан өнер ұжымының бастауымен, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Ынтымағы жарасқан – ырысты ел» атты театрландырылған көрініспен басталды.


Ауданда қаншама этнос тұрса, сонша ұлтты дәріптеу, олардың өнерін, сөйлеу мәнерін сахналаған мәдениет саласының қызметкерлері керемет көңіл-күй сыйлады. Мың бұралған бишілердің салтанатты композициясымен ашылған сахна дүйім жұртты өнер әлеміне тереңнен бойлатып, ерекше тебіреніс сыйлады. Қазақ, корей, өзбек, орыс, украин, түрік, түрікмен ұлтының дәстүрлі киімімен қойылым қойып, би билеген өнерпаздар көптің көңілін көтерді. Сондай-ақ әншілер әннен шашу шашты.
Бірлік пен ынтымақты ту етіп, алаңға жиналған жаңақорғандықтарды аудан әкімі Мұрат Тiлеуiмбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халық бірлігі – қасиетті сөз. Қашанда елдің ауызбірлігі сақталған жерде несібеміз бен құт-берекеміз артып отырғанына тарихымыз куә. Шынайы жалпыхалықтық мереке, отаншылдығымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыздың жарқын символы болып саналады. Бірлік пен келісімнің маңыздылығын толық ұғыну – еліміздің үйлесімді әрі орнықты дамуының негізгі факторы. Бірлік, достық және өзара сыйластық болған кезде ғана кең байтақ ортақ отанымыз қазақ елі мол байлық пен бақ - берекеге кенелетіні сөзсіз. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық – бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! – деп ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы түрлі салада қызмет етіп жүрген жандарды марапат биігіне шығарып, «Құттықтау хат» табыс етті.

Мерекеге арналған концерттік бағдарлама бір шаңырақ астындағы көпұлтты еліміздің татулығы мен мызғымас бірлігін айшықтайтын әндер мен билерден өрбіді. Ғалия Өзбекбайқызы «Бipлiгiмiз жарасқан» әнін орындап, бірлігі жарасқан ауданның келбетін әрлеп, одан әрі ынтымақтастықта болуға үндеді.
Жаңақорғанда 20-ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Қаны бөлек демесеңіз, жаны қазақ болып кеткен этнос өкілдері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр. Спорт, білім беру, медицина, өнер, кәсіпкерлік саласында олардың өзіндік қолтаңбасы бар. Біздің елімізде ұлты басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір, барша ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылдар ішінде елдің берекесі артып, бірлігі орнықты. Мәселен, бір ғана Төменарық ауылдық округінде 10-ға тарта ұлт өкілі тұрады. Берекелі ауылдан арнайы келген Наталия Германқызының жүрекжарды сөзі көңілді жадыратты.
– Өзім кәріс ұлтынан болсам да, сол тілде сөйлей алмайтыным рас, тек түсінемін. Бала кезімізден орыс тілінде білім алып, қоғаммен солай араластық. Бірақ мемлекет құраушы ұлттың тілі бәрінен жоғары. Сол себепті қазақ тілін меңгеріп алдым. Қазір балаларым қазақ болып кеткен десем де болады. Шыны керек, туған өлке өзіме өте ыстық, ауылдастарыма алғысым шексіз. Бір жерге қыдырып барсам, екі аптадан кейін ауылға қайтқым келіп, елді ерекше сағынып тұрамын, – деді ол.

Қазақты бауырым деп, тілін төріне қойып, туған жерді сүйіп, ұлтқа қызмет жасап жүрген этнос өкілдері қашан да құрметке лайық. Бұл өнеге өрімі ұрпақ сабақтастығына жалғаса беретіні анық. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар мен ұлыстар қазақ елінің салт-дәстүріне қонақжайлығы мен мейірбандығына, ұлттық құндылықтарына аса құрметпен қарайды.

Сондай-ақ, қазақ халқын қара­пайымдылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды. Бастысы, өздері қоныс тепкен қазақ халқымен ауызбірлікте болуды қалайды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 мамыр 2022 ж. 752 0