» » Дархан далама алғысым шексіз!

Дархан далама алғысым шексіз!


Ашық аспан астында сан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып,ынтымағы жараса өмір сүруде. Әсілінде, мұндай татулықтың бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани ынтымағы жатыр. Дархан мінезді қазақ халқы жаратылысынан жақсылықты сүйетіндігінен болар 1-наурыз «Алғыс айту күні» болып белгіленіп, жыл сайын жоғары деңгейде тойланып, халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайтып келеді. Бұл – тек ризашылық күні ғана емес, келер ұрпаққа тарихи деректерден сыр шертетін тағылымға толы мереке.


Тыныштық пен бейбітшілікті, ынтымақ пен ырысты, жасампаздық пен жарас­тықты насихаттауды мақсат еткен мереке қарсаңында аудандағы өзбек ұлтының өкілі Отабек Каюмджанмен әңгімелестік. Ел дамуына титтей де болса үлесін тигізуді мақсат тұтқан жастың қазақ халқына айтар алғысы шексіз.
– Бала күнімнен осы Төменарық ауылында өстім. Мен өзімді ешқашан қазақ бауырларымнан бөлекпін деп сезінген емеспін. Ес білгелі ауыл халқымен бірге тату-тәтті тіршілік кешудеміз. Көр­шілеріммен, әріптестеріммен туған бау­ырымдай араласамын. Бір атаның бала­сындай бауыр болып, ынтымақты арқау етіп, тіршілік кешіп келеміз. Мұның бірден-бір себебі қазақ бауырларымыз­дың мәртігі мен жомарттығында деп біле­мін. Жалпы, қазақ жұртына айтар алғы­сым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қарашаңырағы. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған сонау зұлмат жылдары халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі екені анық, – дейді Отабек.
Бүгінде білім саласында табанды еңбек етіп жүрген жаңашыл педагогті ауданда танымайтын жан жоқ. Жас ұстаз өзінің белсенділігімен, иннова­циялық идеяларымен ерекшеле­ніп жүр. Мәселен, цифрлық білім беру құ­рал­­­дарын ұтымды қолданып, түрлі инте­рак­тивті платформаларды пайда­лану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда. Сонымен қоса, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен көзге түсіп жүрген кейіпкеріміз, ел ертеңі үшін бүгінгі ұрпақтың тәлімді тәрбиесі мен алған білімдерін жақсы бағытта ілгерілетудің маңызына ден қойып келеді.
– Ақиқатында елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Олардың санасына сапалы білім мен тәлімді тәрбиені сіңіре білу, достықтың қадірін ұғындыру өте маңызды. Әр сабақ сайын шәкірттер­дің бойына осындай асыл қасиеттерді сіңіруге, бір-бірін құрметтеуді үйретуге, әлімжеттіктен аулақ болуға шақырамын. Өйткені, қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ал, осы татулықты біз өскелең ұрпақтың санасына еккенде ын­тымақтың алауын жағамыз. Ын­тымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бүгінде бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды десем артық айтқаным емес. Осы орайда, көктемнің алғашқы күні елдегі барша ағайынға, көңілі даладай дархан қазақ жұртына алғыс айтамын, – деді Отабек Рысбайұлы.
Иә, тіршілігін тату­лықпен үйлестіре білген өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ жеріне деген риясыз алғысы шексіз. Бұл да бол­са, рухани келісім – бірліктің, берекенің, бейбітшіліктің кепілі екені ақиқат. Лайым, татулығы жарасқан, жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болса да тілегі бір ұлттар мен этностан құралған қазақтың рухани келісімі арта берсін.

Айсұлу Алданазар
01 наурыз 2025 ж. 175 1

Hershel от 2 наурыз 2025 07:09
Как подобрать идеальные шины и диски Nominal size of tires Changan CS75 Plus and tolerances - https://auto-tyres.info/,