» » » ПОТСДАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ

ПОТСДАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ


Берлин. 1945 жыл. 15 шілде. Қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тұрғындарды есепке алу, мекенжай бойынша іздестіру-тексеру коменданттық бақылау күшейген шақ.


Казармаға шұғыл кірген шикіл сары орыс офицері: – Старшина Мұсылманқұлов, сізді шұ­ғыл штабқа шақыртып жатыр. Тез жинал! – деп дауыстады.
Орнынан атып тұрған Сапабек асығыс штабқа қарай адымдай басты. Штабта төрт-бес жоғары шенді офицер отыр. Әдеттегідей қабағынан қар жауған қаһарлы емес, жылы жүзбен қарсы алды.
Полковниктің жанындағы адьютанты сарбаздың жеке карточкасын өзгелерге таныстыра бастады.
–Старшина Сапабек Мұсылманқұлов 1898 жылы туған. Қазақ. Ол 47 армия, 175 атқыштар дивизициясы, 277-атқыштар полкі құрамында болып, үш мәрте жараланса да майданға қайта сұранған. Варшава қаласын азат ету барысын­да полк командирі Иванов ауыр жарақат алып, оның орнын коммунист Мұсылманқұлов жоқтатпай, отрядты өзі сауатты басқарып, жау тылын бұзып өтті. Әскер ешбір шығынсыз, толық құрамда аман шықты. Жеңісті жа­қындату жолында немістің құнды тілін ұстап, Польша жерін жаудан тазартуда ерекше ерлік көрсеткен. Оның батылдығы мен ерлігі үшін кеудесіне «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту» орде­ні, «Ерлігі үшін» медалі тағылды. Қолбасшы Сталин, маршалдар Жуков, Рокоссовскийдің алғыс хатымен марапатталған. Қаруластары арасында құрметі жоғары, ержүрек елжанды азамат, отан қорғауда өзін жақсы қырынан танытты, – деп оның әскери жолын қысқа-нұсқа қайырды.
–Нағыз совет азаматы. Елдік пен ерліктің жарқын иесі. Орыс тіліне де жүйрік, өзін салмақты әрі байсалды ұстайды. Ол ко­миссия тексеруінен сәтті өтті, – деді пол­ковник қасындағыларға басын изеп тұрып. Полковниктің сөзін жанындағылар да мақұлдап, ары қарай жұмыс жасалсын дегендей ишара білдірді.
Сапабек әлі түкке түсінбей тұр. Демнің арасында дамыл таппай кеткен коман­до­ваниенің мына іс-әрекетіне таң. Осыдан бір ай бұрын өз командирі: «Сені «Ленин» орденіне ұсындым» дегені бар еді, сол награда шығар деп қойды бір ойы.
– Жолдас Мұсылманқұлов, командование шешімімен сіз қатардағы жауынгерлер мен өз ұлтыңыздың атынан Потсдам конферен­циясына қатысасыз. Сесилиан-Хоф сарайында өтетін маңызды шарада КСРО, АҚШ және Ұлыбритания үкімет басшыларының келісімі болады. Ол 17 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді деп деп есептелген. Артық сөз, оқыс қимыл болмау керек. Бұл Совет елі үшін, оның қорғаушылары үшін ең саяси жиын.
Сонымен белгіленген уақытта Потсдам конференциясы үш ел басшыларының 13 отырыс өткізіп, 19 негізгі сұрақ бойынша шешім қабылдауына түрткі болды.
Конференцияда Германияның соғыстан кейінгі құрылымы және репарация төлеуі, Польшаның шекаралары мен ішкі саяси жағдайы туралы мәселелерге қайта-қайта тоқталуға тура келді. Келелі жиын біте салысымен офицерлерді алып қалып, қатар­дағы сарбаздарды босатты. Сапабек тамыздың орта шенінде елге қайтты.
Берлиннен бері шыққан қызыл вагон ышқынып келеді. Қара түтіні будақтап, күшіне күш қосып жатса да жеткізер емес.
Сапабек терезеге үңіліп еді, сап-сары сайын далаға көзі түсті. Сағыныштың да белгісі сияқтанды. Бүкіл өмірі баяндалып жатқандай. Терең ойға беріліп, өткеннің өшпес күндері санасын сілкіп өтті.
Ол жасынан зерек өсті. Баласының бойындағы алғыр қасиетін біліп, әкесі Мұсыл­манқұл оны «Қарнақ» медресесіне оқуға берді. Өте қабілетті болуының арқасында арабтың төте жазуын, құранды жатқа айтуды, сүрелердің мән-маңызын жетік білді.
Оны ел дамулла деп таныды. Ұлағатты ұстаздың алдын көргендер тек Түркістан мен Жаңақорған төңірегі ғана емес, сонау Ақтөбеде де оның ізгілікті ізі қалды.
1916 жылы елді аштық қысып, әкесі, Бегімбет ата, бес ағайынды бауырлары бір күнде Ақтөбеге шығады. Елдің «тары көп, тоқшылық» деген сөзі олардың сапарына себеп болды. Бұл бос сөз екен, онда да қиыншылық қысып тұрды.
Енді кері қайтуға қамданып отырғанда мұндағы ел-жұрт өтініш айтып, тағы үш жыл қалуға тура келді. Қасында інілері Әшірбек пен Опабек қалды.
Ақтөбеде бай татардың қасында қалып, Сапабек оның салдырған мешітінде елді сауаттандырып, оқытты. Ал, екі інісі егін және мал шаруашылығымен айналысты. Қыстың қатал мезгілінде Опабекке суық тиіп, айықпас дерттен көз жұмды. Осыдан кейін олар елге қайтуға тура келді.
Бұл кезең дін таратушы қожа-молдаға үкіметтің қарсылығы өршіп тұрған тұс болатын. Райзавхоз қызметінде жүрген Сапабекке «Байқоновшылар» қатарындасың деген желеумен ақыры Шымкент түрмесіне жапты. Қанша азап тартса да тағдырдың ісіне мойымады. Бес уақыт намазын қаза қылмады. Бір күні түрмеде жатқандарды төртеуден қатарға тұрғызып, қала ішімен жаяулатып теміржол вокзалына алып келеді. Перронда халық онша көп емес екен. Санаулы. Сол санаулы топтың арасынан бейтаныс кісі жылыұшырай қарап: «Сен Сапабек емессің бе, мұнда қалай тап болдың?» демесі бар ма. Заманауи үлгіде киінген, зиялы қауым өкілі екені түр-тұлғасынан белгілі болып тұр. Құлай танығанына қарағанда бұрын-соңды кездескен кісі. Бірақ сұрастыруға мүмкіндік тапшы. Сөйткенше болған жоқ, ол вокзалға беттеп кетті. Сотталушыларды жаппай вагонға кіргізіп, сырт есікті тарс жапты. Енді поездың жүруін күтіп жатыр.
Кенет әр вагонның тұсынан «Мұсыл­манқұлов» деген дауыс талып естіледі. Сапабек – үшінші вагонда, кезек оған да келді.
– Мен, – деп бар дауыспен дыбыс берді. Вагонның есігі ашылды да әскери адам бұйрық беріп: «дереу жинал, шығыңыз» деді. Жерге түсіп, қапталына екі күзетші еріп, вокзалға келді. Мұнда әскери шені жоғары, денесі толық келген кісіге әкелді. Ол: «Сіз бүгіннен бастап боссыз, еліңізге қайтыңыз. Ақталдыңыз» деп бірден вокзалдан босатты.
Еркіндік деген қандай, аспан шайдай ашылып кеткендей болды. Бұл бостандық әлгі кісінің ісі екенін біліп тұрса да оған алғысын айту бұйырмады. Мұнан кейін олар кездескен емес. Бұл 1937 жыл еді.
Сапабек колхоздастыру саясатын қолдап, халықтың басын біріктіріп, ТОЗ, артель, кейінірек колхоз ұйымдастыру ісіне белсене араласып, колхоз бастық, ауылдық кеңес бастығы лауазымдарын атқарды. Кейін ауданның қыр бетіндегі 7-8 колхоздың райзавхозы қызметіне тағайындалды. Осын­дағы интернат, балалар үйін ас-сумен қамтамасыз етіп тұрды. Оның шарапатын көргендер көп, ашқұрсақ отбасыларға түнде астық үлестіріп, қатарға қосып отырды. Аштықтан аман алып қалды.
1942 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Ақмолада үш ай дайындықтан өтті. Міне, енді үш жыл бойы отан қорғап, үш рет жараланып, аман-есен елге келе жатқан беті.
Оның ой елегі өткен-кеткенді саралап болғанша поезд Қызылорда аумағына кірді. Енді ұйқы да қашты, сағымға айналған сағынышы сыр бере бастады. Шиеліден өтісімен тіпті тыпыршыды. Тамбурдың есігін айқара ашып, кең тыныстап алды.
Теміржолда ерсілі-қарсылы жүйткіген әскерилер тиелген эшолонды үнемі көзбен сүзіп жүретін Сапабектің үлкен ұлы Жантастың бір ғана арманы бар. «Осы поездың ішінде әкем болса ғой» деп үнемі үмітін үзбей жүреді. Бүгін де дәл солай, екі көзі вагондарда. Бірін де қалт жібермей, әкесін іздеп тұр.
Отарба 25 разъезд тұсына келгенде Сапабектің жүрегі сезді ме, төңірекке тесіле қарап еді, теміржолдың етегінде есек үстінде отырған ұлын көріп қалды. Шарқ ұрған шарасыз әкенің: «Жантасжан» деген жандаусы ұлының құлағына да жетті-ау. Көптен күткен асқар тауы көз алдынан өтті.
Есектің басын ауылға бұрып «Сүйінші! Әкем әскерден келеді!» деп құстай ұшқан бала Жаңақорғанға пойыздан бұрын жетті...
Бейбіт өмірде Сапабек Мұсылманқұлов Орал қаласында колхоз бастықтары курсын бітіріп, колхоз бастық, парторг қызметтерін атқарды. Елдің бірлігі мен берекесіне бір кісідей атсалысты. Жоғары жетістіктері мен отан байлығына деген жанашырлығына байланысты Исатай Әбдікәрімов облыс басқарып тұрғанда Сапакеңе қара «Волга» көлігін ұсынды. Ол ойланып көрейін деп бірер күн мұрсат сұрады. Сөйтіп «өзім қартайдым, көлік жүргізетін бала жас» деп қарсылық білдірді. Оның орнына ұрпағыма деп Жайылмадан үй тұрғызды.
Соғыс және еңбек ардагері, 11 орден, 5 медаль иегері Сапабек Мұсылманқұловтың есімін мәңгі қалдыру мақсатында ауданның орталық көшесіне атын берген жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мамахан Сапарбаев: «Сапакеңдей соғыс көріп, жаумен бетпе-бет шайқасқан батыр некен-саяқ» деп айтып еді. Оның майдан даласында алған бірінші марапаты – “Сталинградты қорғағаны үшін” медалі. Соңғы марапаты “Берлинді алғаны үшін” медалі еді.
Потсдам конференциясына қатысқан қа­һарман қазағымыз 1981 жылы 21 қаңтар күні дүниеден өтті. Сапабектің әулеті өсіп-өнген, өнегелі, ұрпақтары еліміздің даму жолында әртүрлі салада қызмет етіп келеді.

Қаныбек Әбдуов,
журналист
26 сәуір 2025 ж. 1 043 0