ТЕАТР – РУХАНИЯТ ОРДАСЫ

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» дегенді Ғабит Мүсірепов текке айтпаса керек. Кез келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүниетанымы екені даусыз. Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар десек, «Жаңақорған» халықтық театры тарихынан өңіріміздің өнерінің өрістеуі мен қоғамдық ой сананың шарықтау шегін аңғарамыз.
Халық театрының негізі 1961 жылдан талантты өнерпаз Мариям Райышованың режиссерлық етуімен басталды. Режиссер М.Райышованың тынымсыз еңбегінің арқасында драма үйірмесіне 1967 жылы «халықтық» атақ берілді. 1985 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша Жаңақорған, Бірлік халық театрының режиссері болып драматург Әмір Мәжитов тағайындалды. Ол М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», «Өзіме де сол керек», «Бөлтірік бөрік астында», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», «Қарақұм трагедиясын», Сәкен Жүнісовтың «Ажар мен Ажал» пьесаларын сахналады.
1987 жылы театр ұжымы Алматы қаласы М.Әуезов атындағы драма театрында өткен республикалық театр фестивалінде Ә.Мәжитовтің «Бір үзім нан» пьесасын сахналап, лауреат атанды. Ж.Тұрсыновтың 60 жылдығына арналған халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауында драматург Қ.Сүйенішовтің «Кемпір-шалдың кенжесі» атты пьесасын қойып, бас жүлдегер атанды. Өнерлі ұжым С.Шәймерденовтің «Сөздікті қара, сөздікті», Ш.Құмарованың «Бір бойдақтың хикаясы», О.Бодықовтың «Барымташы», З.Шашкиннің «Ақын жүрегі», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектакльдерін сахналады. 2003 жылы А.Боранбаевтың «Он алты қыз», К.Рахмановтың «Келін» атты, 2004 жылы Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» спетакльдерін және ауданда өткізілген барлық мәдени шараларға театрландырылған қойылым мен көріністер дайындап, жұртшылық алдында өнерлерін көрсетіп келеді.
Жаңақорған аудандық мәдениет үйі халық театрының тізінін ұстаған Роллан Бақтыбаев ұжымға басшылық етіп қана қоймай, ұжымымен облыстық, республикалық деңгейде өткен айтулы мәдени шараларға қатысты. Қызылорда облысының құрылғанына 70 жыл, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойына арналған «Театр көктемі» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық фестиваліне қатысып, жазушы, драматург С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты драмасын сахналап ұсынды.
Жаңақорған өнер ұжымы 2017 жылы Ә.Мажитовтың 80 жылдық мерейтой аясында өткен «Театр тарланы» атты халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық фестивалінде І дәрежелі дипломымен және «Ең үздік қойылым» номинациясымен марапатталды. 2018 жылы Қ.Мұхамеджанов атындағы облыстық халықтық театрлар мен драма үйірмелері байқауында жүлделі орынды иеленді. Театр режиссері Р.Бақтыбаев «Үздік режиссер» номинациясымен, театр актеры Т.Әжімұратов «Ең үздік ер бейнесі» номинациясымен марапатталды. Атырау қаласында өткен Н.Үлкенбаевтың 80 жылдығына арналған Республикалық Халық театрлары фестиваліне қатысқан өнерпаз Р.Бақтыбаев «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Майданнан хат» атты сахна қойылымдарының облыстық онлайн байқауында жаңақорғандық өнерпаздар үшінші орынды иеленді. ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты облыстық халық театрлар байқауында «Бас жүлдені» жеңіп алды. Сырдария ауданында өткен Е.Оразымбетовтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлттық өнерді ұлықтаған» атты облыстық халық театрлар байқауында «Жаңақорған» халық театры жүлделі ІІ орынға ие болды.
«Жаңақорған» халықтық театрының режиссері Тоқтар Әжімұратов бізге берген сұхбатында: «Театр – тәлім-тәрбие құралы. Шәкен Айманов айтқандай, «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын». Біз қоғамдағы айшықты оқиғаларды сомдай келе, көрерменге салмақты ой салғымыз келеді. Әр кейіпкердің тағдыры мен мінез-құлқы арқылы өмірдің шынайы келбетін көрсетіп келеміз», – дейді ол.
Мақпал МАРҚАБАЙ