№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Театр тарланына тағзым

Театр тарланына тағзым

«Театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда», деп ұлы жазушылар айтып кеткендей театр көрінгеннің ермегі емес, ол ұлы еңбектің жемісі. Көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ, идеологиялық құрал. Осы ретте, Жаңақорған жерінде театр мәдениетін мен іргетасын қалаған тұлға - ақын, әнші, термеші, режиссердраматург Әмір Мәжитовтің шығармашылығына арналған «Театр – ғұмыр» атты руханитанымдық шара өтті.


   М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің көрермен залында адам қарасы көп. Туған жердің өнерін өрге сүйреген талантты тұлғаға деген құрмет еді бұл. Көңіл көкжиегінде жарық жұлдызға айналған Әмір Мәжитовтің шығармасын сағына күткен ел сахна шымылдығы түрілгенін күтіп, тау тұлғаның адамгершілік асыл қасиетін сөз етті.

Рухани кеш Әмір Мәжитовтің өмірі мен еңбек жолын сөз ететін бейнебаянмен басталды. Осы көріністе өнер майталманының өнерге деген адал махаббаты, өңір театрының жандануына қосқан еңбегі, киелі сахнаға тума таланттардың танылуына қосқан үлесі, ақын һәм драматург қабілеті жайында жанды тербетер сырлар айтылды.

Мәдени шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашып, рухани-танымдық кештің маңыздылығына тоқталып өтті.

– Қаратау топырағында талай тау тұлғалар өмірге келіп, руханияттың биік шыңын бағындырып, өзінің өшпес мұрасын мәңгілік қалдырды. Соның бірегейі театр тарланы, драматург, ақын, әртіс Әмір Мәжитовтің қазақ өнерінде орны ерек. Бүгін біз айтулы азаматтың құрметіне үлкен ісшара өткізудегі мақсатымыз өскелең ұрпақтың жүрегінде ұлттық мұрамызды қалдырып, асыл азаматтарымыздың бейнесін есте сақтауға күш салмақпыз. Қазақ өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан тұлғаның шығармасын дәріптеп, ізін сөндірмей келе жатқан ұрпақтарына алғыс айтамын, – деді.

Рухани-мәдени шараға ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Бақтияр Қожа Абдуллаұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, режиссер Оңталап Нұрмаханов, ҚР Мәдениет қайраткері Камила Әбжанова, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер Сауран Елеуов, еңбек ардагері Ибрагим Абибуллаев, кәсіпкер Нұрпейіс Мәжитов және т.б. өнер майталмандары қатысып, есті естеліктерімен бөлісті.

Бақытбек Алпысбаев:

– Ағамыздың әлемдік деңгейдегі жазылған «Қорқыт Ата» реквиемі бала көңілімде қалыпты. Сонау Қорқыт бабамыздан бастап, Алаш арыстарына дейін, тіпті көзі тірі тұлғалардың мұңын жеткізетін тамаша реквим шығарып, оны өзі үзіліссіз 40-50 минут бойы орындағанда әнші үнінің құдыретіне тыңдарман еріксіз бас иетін. Міне, осындай құнды дүниесінің қолжазбасы кімнің қолында кеткені белгісіздеу болып тұр. Әмірдің батылдығы сонда 1987 жылы коммунистік партияның қылышынан қаны тамып тұрған кезде қазақ халқын қырғынға ұшыратқан ашаршылық туралы республикада тұңғыш «Бір үзім нан» спектаклін М.Әуезов театрында қойып, республика бойынша бірінші орын алғанда Асанәлі Әшімов: «Мұндай талантпен ауылдың деңгейінде қалып қоюға болмас, қалаға келсең қалай болады?» деп қолқалайды. Осындай үлкен ұсынысқа қарамастан, туған жерінің өнері мен мәдениетін көтеруді мақсұт етті. Әрі өркениет өрісі тек қалада ғана емес, ауылаймақта да дамитынын, жарық жұлдыз қай жерде тұрса да жарқырай беретінін іспен көрсетті, –деді ол.

Бақтияр ҚОЖА:
– Әмір Мәжитовке туыстық қарым-қатынасым болғанымен ол кісі мен үшін ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер болды. Алғашқы еңбек жолымда Жаңақорғанның мәдениет үйінде басталып, автоклуб меңгерушісі болдым. Сол сәттерімді еске алғанда кеудемді сағыныш кернейді. Халық ақыны Манап Көкенов, Бибажар Маханбетовамен бірге қызмет етіп, шалғай ауылдарды аралап, концерт бердік. «Беу, қыздар-ай» спектакльін қойып, қойшы қауымның көңілін сергітеміз. Манап көкеміз бен Бибажар апамыз бастаған термешілер жырын төгіп, соңы жастарға арналған биге жалғасатын. Осы істердің басы-қасында Әмір Мәжитов жүрді. Бізді көпшілік қызметке баулып, талай әңгімесін тыңдап, тағылым жинадым. Осындай тау тұлғалардан үлгі алып, көпшіл болуға, шығармашылық тұрғыда дамуға ұмтылып, өнер ортақ мұра екенін жүрегіммен сезіндім. Бұл қарашаңырақ рухани азық алған мектебім болды. Алғашқы еңбек жолым осындай тұлғалардың тәжірибесін бойыма жинауға себеп болып, Алматыға үлкен сахнада жұлдызым жануына есік ашты. Міне, сондықтан киелі табылдырыққа тәу ете келіп, Әмір Мәжитовтің рухына тағзым қып, халқымның батасын алуды мақсат еттім, – деді.

Кеш барысында мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылып, Ә.Мәжитовтің «Бір үзім нан» спектаклі сахналанды. Сондай-ақ, көрермендер «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы арқылы түсірілген «Дала дарыны» атты деректі фильмді тамашалады.

Жиналғандар бейнебаян арқылы есепші маманы бола тұра, өнерді сүйген жүрекпен өлшейтін шығарма тудырып, есінде қалған елдің еңбек жолымен жанжақты таныс болды. Орта мектепті тәмамдаған соң, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бухгалтерия мамандығы бойынша бітіріп, кейінгі жылдары Ташкент ауыл шаруашылығы институтын тәмамдайды. Еңбек жолын шаруашылықта есепші, экономист болып бастайды. Жастайынан бойына дарыған ерек қабілетімен әрі актер, әрі режиссер болып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Әмір Мәжитов аудан өнерпаздарымен бірге М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», «Өзіме де сол керек», «Бөлтірік бөрік астында», «Әке тағдыры», С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», «Қарақұм трагедиясы» т.б. қойылымдарды сахналады. Жаңақорған және Бірлік театр ұжымының халықтың атағын алуына қосқан үлесі зор.

Нәубет жылдарындағы ауыл өмірін көрсететін «Бір үзім нан» пъесасы кейін Алматы, Орынбор қалаларында өткен халық театрларының Бүкілодақтық конкурсфестивальдерінде қойылып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл оның көрермен көңілінен шыққан шоқтығы биік туындысы еді. Ол Қызыл Отау меңгерушілері, Халық ақыны Манап Көкенов пен Есіркеп Қоңқабаев, әнші-сазгерлер Бексұлтан Байкенжеев, Сауран Елеуов, Жақсыгүл Бегманова, театр режиссері Мәриям Раишевалармен бірге өнер көрсетті. Өзі таңдаған өнер жолын жете меңгеріп, киелі сахнаның саңлағына айналды.

Мақаламызды белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың сөзімен түйіндесек: «Өнер аудандық, облыстық, республикалық деп бөлінбейді. Өнер – біреу. Әмір сияқты елдің арасынан шыққан, сөйте тұра, халықтың зор махаббатына бөленген, өнерді жанымен сүйген азаматтардың арқасында ғана біздің қазақ мәдениеті, ұлт өнері өзінің тұғырында мығым тұр. Сондықтан өнерге деген іңкәр ілтипатымен сол саладан алыстамай, бүкіл ғұмырын ұлт мәдениетіне арнаған Әмір Мәжитовке тағзым етер едім» деген екен ол.

Кешке жиналған көрермендерге өзінің алғаусыз рахметін жеткізген Әмірұлы Нүрпейіс ағамыз ата-ана алдындағы перзенттік борыштың бір өтеуіндей әкесінің соңында қалған рухани мұраларды насихаттауға тікелей өзі демеуші болып жатқанын айтты.
Көп балалы отбасында күнкөріс қажетінен артылмайтын айлық жалақымен құлашты кеңге соза алмаған шығармашылық адамының «Шіркін-ай, пышақтың қырындай болса да кітабым шықса екен» деген әке арманын іске асырған ұлы Нұрпейіс Әмір Мажитовтің шығармашылығы топтастырылған екі бірдей кітабын шығарып, оқырмандар игілігіне ұсынды.

Түйіндей келе айтарымыз, сан түрлі өнерді бір бойына түйістірген Әмір ағамыз атамекеннен алысқа ұзап шықпайақ асқақ өнерімен атақтыларға өзін мойындатқан екен. Өнер құдіреті дегеніміз осы.

Мақпал ПАТЕНОВА
27 қараша 2023 ж. 540 0