» » Сахналық Өнердің шыңы – театр

Сахналық Өнердің шыңы – театр



Өмірдің айнасына айналған, ұжымдық өнерімен елді тамсандыратын театрдың берері мол. Сахна – қоғамды эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің жанды құралы.
Қарбалас тірлікті кейінге шегеріп, қойылым көріп көңіл сергіткенге не жетсін. Жаңақорған ауданы көрермендерінің көзайымына айналған театрдың тарихына көз жүгіртсек, халық театрының негізін 1961 жылы Мария Раишева қалады. Ал 1967 жылы халықтық атау алды. Сондайақ 1975 жылы Бірлік халық театры драма үйірмесі ретінде жұмысын бастады. 1977 жылы 28 сәуірде Бексұлтан Жакеевтің «Әке тағдыры» атты пьесасымен халықтық атақ алды. Ол кезде театр режиссеры Мария Раишева болды. Қос театрдың біріне кешегі күнге дейін Ролан Бақтыбаев режисерлік етсе, екіншісіне Нұрқанша Аманжолқызы режисерлік жасайды. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, көңіл сенерлік көріністерімен «Жаңақорған» және «Бірлік» халық театрында елеулі болып жүргендердің ішінде Дінмұхамед Әбжаппаров, Ролан Бақтыбаев, Нұрқанша Аманжолқызы, Абай Камалов, Нұрлан Бабажанов, Сайран Ділманов, Балмұхаммед Әбжаппаров, Кенже Әкімбаева, Жасдәурен Сабырқанов, Гүлжан Ағыбаева, Нұрлан Шотарбаев, Рахат Сейтқұлова, Жадыра Жолшиева, Жеңіс Тасболатов, Жансезім Тұрғанбай секілді өрендеріміз бар. Марат Беделбеков басқарып отырған Бірлік ауылдық клуб үйі жанындағы халық театрында 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек ететін режиссер Нұрқанша Аманжолқызын сол кездегі халық театрының басшысы, мәдениет саласының майталманы – Шәкір Бисенбиев клуб үйіне сүйемелдеуші ретінде жұмысқа қабылдаған екен.
Сол уақыттан қазірге дейін театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлесін қосуда. Халық театрында актерлер халықтан алынады. 1989 жылы Халық театрларының байқауы болып оған Шара Жиенқұлова мен Асқар Тоқпанов әділқазылық етті. Осы байқауда Бірлік халық театры Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» спектакльін қойып, Асқар Тоқпановтың батасын алды. Уәлибек Ибрагимов, Ырысгүл Ұлықпанова, Кенжебек Ибрагимов сынды өнерлілердің ізін қуып, халыққа ұялмай көрсететіндей мән-маңызы бар, елдің көкейіндегі ойды қозғайтын дүниені көрсетуді мақсат еткен театр ұжымы. Театр режиссері алдағы жоспарымен бөлісе кетті:
– Сұлтанәлі Балғабаевтың 75 жылдығына орай «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклін және балалар қойылымын сахналау жоспарда бар. Сондай-ақ жеңіс күніне пролог қоюды жоспарлап отырмыз. Халық театрында сахналанатын қойылымдарға елдің ішінен таланттарды тауып, тәп-тәуір табыстарымен танылуда. Театрда нақты штатта директор, режиссер, суретші және сүйемелдеуші жұмыс істейді. Нұрқанша Қыпшақбаева режиссер болған уақыттан бері сахнаға қойған пьесалары жетерлік. Халықтың сұранысына қарай қызықты дүниелерді ұсынып келеді. Оның ішінде: Қ. Мұхамеджановтың «Өзіңе де сол керек», «Осылай да кездесу болады», С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», «Құдағиды құртайық», «Бостандық алар күн туса», «Менің әжем сиқыршы», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Т.Нұрмағам-бетовтың «Жоғалған көл», Ә.Ақпамбетұлының «Байпатшада бес бибі», Б.Тоғысбаевтың «Қыз намысы», С.Балғабаевтың «Шыт көйлек» және балалар қойылымдары бар.

                                                                                                                                               Рауза ӘЗІЛХАН
03 сәуір 2023 ж. 218 0