Дүйсенкүл әженің тілегі
Қазыналы қарияларға құрмет көрсетіп, ақ жаулықты аналардың ақ батасын алу үшін аудан әкімі Мажит Самитұлы бастаған аға буын өкілдері бірнеше отбасына арнайы соқты. Аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бірге болды.
Алдымен тыл ардагері Дүйскенкүл Исабекқызының шаңырағына бас сұғып, 90 жастағы әзиз ананы мерекемен құттықтап, сый-құрметін көрсетті.
– Апа, амансыз ба? Мереке қарсаңында өзіңізге сәлем беріп, ақ батаңызды алуға келдік.
– Рахмет айналайындар, барлықтарыңды көріп қуанып отырмын, есімдерің таныс. Аудан басшысы келеді дегенді естіп өткен күндер есіме оралып отыр. Ауданның І хатшысы болған Самит Далдабаевтың Жаңақорған топырағына арнап шығарған «Ауылым» деген өлеңін ұмыта қойған жоқпыз. Биыл 91-ге келемін, Алла қуат берсін. Сендер аман болыңдар.
– Елге тілекші болып, есен-сау отырыңыз, апа!
Аудан басшысының жылы лебізінен кейін Дүйсенкүл әжей кешегі ашаршылық жылдары өткен балалық шағы туралы әңгімеледі. Дүйсенкүл апай тағдыр тауқыметі тұрмысты қысып, еңбекке ерте араласып, тылда жұмыс жасаған жандардың бірі. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, кешегі зұлмат жылдардың қасіретін көріп, ерте есейген сүйегі асыл, кеудесі қазына қарияларымыздың арамыздан азайып бара жатқаны өкінішті. Тіршілігінде қадіріне жетіп, құрмет көрсеткенге не жетсін. Тоғыз перзентінен немере-шөбере сүйген анамыздың көңілі балаша шаттанып, әкімнің «Алғыс хатын» өзі оқып шықты.
