№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Даламның иісі бұрқырап, қарттарым, аман-сау жүрші!

Даламның иісі бұрқырап, қарттарым, аман-сау жүрші!


Қартын қазынаға теңеп, ақсақалын ардақтап, қариясына құрмет көрсеткен қазақ осы бір тектілігінен айныған емес. Қашан да ардагеріне ілтипат білдіріп, ізінен ерген інілігін көрсетіп, үлкенге сәлем беру дәстүрінен жаңылмады. Міне осы бір қадыр-қасиетті қашан да жоғары қоятын аудан әкімі Руслан Рүстемов 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай елге еңбегі сіңген қарттардың батасын алып қайтты. Мерекемен құттықтап, аудан дамуы жолында атқарған еселі еңбегі үшін, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, ұлағат көрсете білген ардагерлерге алғыс айтып, мерейін тасытты.


Қазір арамызда қазыналы қариялардың да қатары сиреп барады. Сексеннен асса да елмен болысып, жастарға жол көрсетіп, ақылын айтып отыратын ардақты аталар да бар. Аудан басшысы алдымен Шайдарбек қажы Ашимовтың шаңырағына бет алды. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» демекші, біз үйге ентелей бергенде бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абыз ақсақал алдымыздан шығып, төрін ұсынды.
– Ассалаумағалейкум, амансыз ба аға?
– Жақсымын, Русланжан. Шүкір Аллаға.
– Алғыс айту күніне орай сіз секілді халқына қызмет қылған үлкендерге сәлем беріп, ризашылығымды білдіру үшін жүрміз. Қадыр-қасиет, өнегеңіз үшін, ұрпақ тәрбиелеп, ұлағатты ісіңіз үшін алғыс айтамыз. Ауырмаңыз, деніңізге саулық тілеймін.
– Рахмет балам, өркендерің өссін. Еңбектерің жемісті болсын, елге қызмет ете беріңдер, – деп батасын берді. Жол бастап кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұзарап Махмутов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жарас Мырзалиев жол бастады.
Бүгінде Жамбылдың жасына таяп қалған Әбілтай Қарабаев та әкім келеді дегенді естіп, күтіп отыр екен. Төсекке таңылған қария әкімнің қолын ұзақ қысып, тілеуін жеткізді.
– Айналайындар, келгендеріңе рахмет. Бұл құрмет, ізет-ниеттерің Алладан қайтсын. Біз өздерің секілді ұрпағымызбен мың жасаймыз, елге жасаған еңбектерің өне берсін. Руслан балам, мына тәспімді қабыл ал, Жаратқан саған менің жасымды берсін. Жолың ашық болсын, – деп тәспісін тарту етті.
– Әбеке әлі де жасаңыз. Сіздің жасаған қызметіңіз, үлкендігіңізді әрқашан үлгі тұтамыз. Келіп тұрамыз, – деп Мұзарап атамыз інілік ізетін білдіріп, алғысын айтты.
Одан әрі Құттықожа ауылына жол жүрдік. Қараман Көшербаев қария да сексеннен асып, тоқсанға аяқ басқан екен. Жол жөнекей Айдар Әуезов ағамыз ілесті. Келген қонақтарды Қараман қария өзі күтіп алып, амандық-саулық сұрасты.
– «Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші!» – деп айтылған тәмсіл сіздер секілді кеудесі қазынаға, көңілі дархан даладай кеңпейілділікке жайылған жандарға арналғаны қандай керемет. Сондықтан мереке қарсаңында өзіңізге сәлем беріп, ақ батаңызды алуға келдік. Сіздердің тілеулеріңіз қашан да қабыл болады, алғыс айтамын, – деді аудан басшысы.
«Қуыс үйден құр шықпа» деп ескерткен қазақ дәм ауыз тигізбей ешкімді үйінен шығармайды. Сондықтан қонаққа құрмет жасап, көңілін табу – сауапқа кенелудің бірден-бір жолы, әрі бабаларымыздың қашаннан бергі сақтап келе жатқан ұстыны деп түсінгеніміз абзал. Келген мейманға Қараман қария төрін ұсынып, дәм-тұзын тарту етті.
Иә, қарттарға осылай құрмет көрсету өнегелік өрісті кеңейтіп, азаматтықтың асқар шыңына жетуге жетелейді. Бұл қазақ халқының ең басты құндылығының бірі де, бірегейі деп білеміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
08 наурыз 2021 ж. 747 0