» » » Ұлттық құндылықтар және жаһандану

Ұлттық құндылықтар және жаһандану


Ұрпақ тағдырын ұлт тағдыры деп қарап, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінгідей жаһандану кезінде бүкіләлемдік білім бәсекесіне сай озық ой-санамен қаруланған жас өскін тәуелсіз еліміздің тұғырын нықтайды. Міне, сондықтан олардың жан-жақты білім алуларымен қатар өз ұлтын сүйетін, оның кемел келешегіне қызмет ететін тұлға болып өсуі жолында қандай құндылықтарға сүйенген дұрыс?

Кент орталығындағы «Қыран» негізгі мектебі басшылығы ұстаздар біліктілігіне зор талап қоюмен қатар тәрбие жұмыстарын жаңашыл мазмұнда өрістетіп, әсіресе руханият тақырыбына ден қойып, сабақтан тыс уақытта аға толқынның білімгерлермен кездесуін ұйымдастыруға зор көңіл бөліп келеді.
Сейсенбі күні аудан орталығындағы «Ордакент» мәдениет сарайында «Ұлттық құндылық және жаһандану» тақырыбында өткен кештің қонақтары – Жаңақорған ауданының құрметті ардагері, көп жыл ауданның бас имамы қызметін атқарған, ел ағасы Садулла Омаров, «Құрмет» орденінің иегері, «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық қорының төрайымы Әзия Қыстаубаева, қаламгер, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова тағылымды ойларымен бөлісті.
Кемел адам тәрбиелеу тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші болып табылады. Осындай көркем мі­незді адамды тәрбиелеу ең әуелі жас өскін бойына адамшылық, мейірім, рухани тазалыққа үндейтін имандылық тәрбиесінен бастау алары сөзсіз. Алдымен сөз алған Садулла Омаров ағамыз осы бағытта әңгіме өрбітті.
– Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» деп айтқан өсиетінің астарына үңілсеңіз, ғұламалардың бәрі оқығанының мәйекті тұсын түртіп алып, көңіл түкпірінде сақтауға тырысқан. Білім де, өнер де оқумен табылады. Бір қынжыларлығы, ата-бабамыз армандап кеткен жақсы заманда өмір сүріп жатқанымызбен рухымыз неге төмендеп барады?
Рухани құндылық деген не? Қазақтың бір мақалы бар. «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек. Осының мағынасына келсек, сегіз қырлы дегенге: бекзадалық, жомарттық, мейірімділік, білімділік, мәрт­тік, адалдық, қайрымдылық сынды қасиеттер жатады. Ал бір сырлы дегені – сен кім болсаң ол бол, Алланың құлысың деген сөз. Алланы тану, бір деп білу, оның бүкіл қадір-қасиетінің кілті сонда жатыр. Ислам дінінің мақсаты – ақыл иесі – адам баласының рухани құндылықтарын жоғалтып алмауына бір нұр, шамшырақ болып табылады. Осы құндылықты жүрекке қондырған адам адаспайды деп анық айта аламын, – деп жас өскіндерге бақытқа жетуде тек қана өз еңбегіне сүйенген өмір ақиқатының мәнін түсіндіріп берді.
Одан әрі сөз алған көп жыл аудандық әйелдер кеңесін басқарған ел анасы Әзия Қыстаубаева бүгінгі қыз баланың тәрбиесі жөнінде ой-пікірін ортаға салды. Ол өзінің ата-анадан алған тәрбиесін мысалға алып, өмір өрнегінен тәлімін жеткізді. Әкесі соғысқа аттанғанда елде кішкентай бөбектерімен қалған анасының баласын арқасына таңып жүріп колхоз жұмысына араласқан, қолмен канал қазған ерлік еңбек жолын әңгімелеп берді. Міне, сол қиындықты жеңген қажыр-қайраттың рухынан күш алып, өмірде кездескен кедергіні өз ерік-жігерімен жеңе білген тағдырына өзінің еңбек жолын мысал еткен қайраткер-ананың әрбір сөзі көрерменнің көңілінен терең орын алды. Келесі кезекте ақпараттық технологияның даму кезеңінде жаһандану үдерісіне ілесумен қатар ұлттық құндылықтың өміршеңдігін сақтау мәселеле­рі жөніндегі сауалға жауап берген «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінованың пікірі төмендегіше өрілді:
– Бұл кездесудің әсіресе жас өрендер үшін мәні өте терең. Жас кезіңде айтқан сөз тайға таңба басқандай санада қалып кетеді. Өмір жолы тағылымды аға толқын талай ұрпақты тәрбиеледі. Қандай қиын сәтте елді имандылық ұстап тұрды. Кешегі қиын-қыстау өтпелі кезеңде осы аға толқын, тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы сынақты кезеңде елдің сағының сынбауына сабырды тірек етті.
Қазір мектептерде имандылық-ізгілікке баулитын тәрбиелік-насихат шаралары кемшін түсіп жатқан уақытта сабақ бағдарламасынан тыс тәрбие шара­сында болсын осы олқылықтың орнын толтырып, жастарды аға толқынмен кездестіріп ақыл-кеңесін алуына жағдай жасап отырған мектеп басшылығына рахметімізді айтқымыз келеді. Өйткені бұл жас өскін үшін керек.
Бүгінгі жаһандану заманында жас толқынға екі есе міндеттілікті алып жүруге тура келеді. Олар осы жолда үлкен сын-қатерді еңсеруі тиіс. Біріншіден, зама­науи технологияны меңгеріп, бәсекелестік заманында ешкімнен кем қалмай, кеуде керіп алдыңғы орынға шығудың аспектілерін меңгеру талабы халықтық педагогиканың қайнарынан қол үзіп қалу қаупін де кесе-көлденеңдейтінін жасыруға болмайды. Әрине, жаһандану заманында бірінші кезекте білім алу, бәсекеге сай маман болып қалыптасу маңызды. Жас ұрпақ сол жолда кенже қалмауға барын салуда. Екіншіден, одан да биік тұрған міндет, ол өзінің ұлт­тық құндылығынан, тәрбие ұстанымынан ажырамау, халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан рухани ұстындары – ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, екеуін бір­дей тең ұстаған жағдайда жеке тұлға екі қанаты тең құс сынды еркін қалықтай алады. Келешегімізді осы бағытта тәрбиелеуге мектеп, ата-ана, қоғам, үшжақты ынтымақты іс-қимыл танытуымыз қажет, – деді.
Рухани кешті мектеп директоры Шолпан Мажитова қорытындылап, келген қонақтарға алғыс айтты.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ
25 ақпан 2025 ж. 209 0