Келешек кілті – білімде
Жуырда кент орталығындағы «Қыран» негізгі мектебі оқу жылының алғашқы жарты жылдығын қорытындылап, үздік оқушыларды марапаттады. Салтанатты шараны мектеп директоры Шолпан Мәжитқызы ашып, ұстаздар мен оқушыларды жеткен жетістіктерімен құттықтап, марапатын табыстады.
–Бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сондықтан олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық. Дарынды балаларды қолдау мақсатында мектебімізде жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. Бүгін біз мектебімізді аудан, облыс, республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген дарынды әрі талантты шәкірттерімізді мақтан етеміз.
«Алты алаштың басы қосылса – төр ұстаздікі», – демекші, әрдайым мерейімізді өсіретін білімді шәкірттеріміз көп болсын, – деді мектеп басшысы.
Одан әрі мектеп директоры республикалық «Алтын сақа», «Ақбота» зияткерлік олимпиадасынан, ағылшын тілінен қашықтық олимпиадасы және, «Абай» олимпиадасынан жүлделі орындарды қанжығасына байлаған шәкірттер мен оларға дәріс берген ұстаздарды марапаттады.
Салтанатты шара дарынды оқушылардың өнерімен жалғасын тауып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Иә, бүгінде ауданда жеке мектептер бой түзеп, заман талабына сай оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Әсіресе, баланың мектепте көп уақыт өткізуі олардың түрлі үйірмелерге қатысып, оқушының жан-жақты ашылуына үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Осы орайда, «Қыран» негізгі мектебінде де оқушының зейінін ашатын шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, футбол, робототехника сынды бірнеше үйірме түрі бар.
Жалпы, алғыр оқушы – еліміздің болашағын жарқын ететін негізгі күш. Мұндай оқушылардың жоғарғы жетістікке жетуі – мектеп ұжымы мен ата-аналардың тығыз байланысының нәтижесі. Қосымша білім беру бағдарламалары мен заманауи әдістер олардың қабілеттерін дамытуға айрықша мүмкіндік береді. Сондықтан кез-келген мектептің сапалы білім беру жүйесін одан әрі нығайту маңызды. Бұл – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін де арттырады.
Айсұлу Алданазар