» » » ОТБАСЫ – АЛТЫН ДІҢГЕК

ОТБАСЫ – АЛТЫН ДІҢГЕК


Отбасы – адам баласының өсіп- өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,- деп халық даналығы айтқандай, ата-ананың жеке басы үлгі-өнегелері, отбасындағы ахуалы баланың дұрыс тәрбиеленуіне ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан болар, білім ошақтарында отбасы құндылықтарын дәріптеу жүйелі жоспарға айналды. №286 тірек мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру негізінде «Сырғалым» аналар мектебінің ұйымдастырылуымен өткізілген «Отбасы – алтын діңгек» атты отбасылық сайысында мектеп пен ата-ана байланысына куә болдық.


Сайыс бірнеше кезеңді қамтыды. Оның әрқайсысында отбасының татулығы мен ұлттық дәстүрлерге деген құрметі сыналды. Қатысушылар бірінші кезекте отбасындағы ынтымақ пен келісімді көрсетті. Ұлттық әдет-ғұрыптар­ды дәріптейтін тапсырмаларды орындап, өздерінің салт-дәстүрлерін ұлықтады. Әр отбасы өнерлерін паш етіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Баланың бойында жеткілікті өмір тәжірибе, бейімділік пен икемділік әлі де болса толық қалыптасып бітпегендіктен ол үлкендердің мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, сұхбатта­су мәнеріне, іс-әрекетіне, басқалармен ара-қатынасына еліктейді және өзінің үлгі өнегелік бағдаршамы ретінде қабылдайды. Сондықтан әр отбасы нәзік қарым-қатынасты нығайту үшін жұмылған жұдырықтай беріктік қажет. Сайысқа қатысқан ана мен бала, әже мен немере, жеңге мен қайын сіңілі, әпке мен інінің сыйластығы мен ынтымағы жеңіске жетуге жол ашты.
Қорытынды кезеңде сөз алған мектеп директоры Ләззат Нәлібаева талапкерлердің батылдығын сөз етті.
– Отбасының қайнар көзі – бақыт. Отбасының іргесі нық болса, құрған қамалдары берік болса, отбасындағы тәрбие де дұрыс болады. Ұрпақ – адамзаттың болашағы. Егер отбасында дұрыс тәрбие берілсе, болашақтың қоғамға да, еліне де, жеріне де берері мол. Бұл аса маңызды міндеттің бірі. Осы орайда мектебімізде «Сырғалым» аналар мектебі тұрақты іс-шаралар өткізіп, үнемі тәрбиеге аса көңіл бөлуде. Отбасы сайыстарын өткізіп, үлкендердің батасын алып жүрген тәлімгерлердің еңбегін жоғары бағалаймын, – деді ол.
Сайыстың қорытындысымен «Жомарт» отбасы 1-орын иеленді. Сондай-ақ Керімбековтер отбасы мен Егізбаев­тар отбасы 2-орын, Қасымбековтер мен «Хорасан» отбасы 3 орынды иеленді.

Мақпал МАРҚАБАЙ


25 ақпан 2025 ж. 237 0