Отбасы – отанның тірегі
Отбасы ұрпақ бойына ұлттық құндылықтардың қасиетін, салт-сананың тағылымын сіңіретін тәрбие ошағы. Мұны «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналықтан аңғаруға болады.

Соның бірі – Сүттіқұдық ауылдық округінің клуб үйінде өткен «Өнерлі отбасылар» сайысы. Сайысқа Төменарық аймағынан төрт отбасы сынға түсті.
Отбасы құндылықтарын сақтау, жандандыру және дамыту, жас ұрпақтың бойына толеранттық қасиеттерді сіңіруге бағытталған байқауды Сүттіқұдық ауылдық округ әкімінің бас маманы Жанар Аманбаева ашып, қоғамдағы отбасының орнына тоқталды. Сайыста бақ жарыстыруға келген Қожамберді ауылынан Бибасаровтар отбасы, Төменарықтық Асылбековтер, Сүттіқұдық және Жайылма ауылдарынан Нұрдинов, Омаровтар отбасы қатысып өнерлерін ортаға салды.
Қатысушылар алдымен сайыс шарты бойынша өздерін таныстырды. Одан әрі «Шебердің қолы ортақ» кезеңі бойынша қолданбалы өнерлерін ұсынса, «Өнерге де әркімнің бар таласы» тақырыбында өз бойындағы ерекше қырын танытуға тырысты.
Сайыс болған жерде оң бағасын беретін әділқазы алқаларының болуы заңдылық. Сайысқа аудан әкімінің әйелдер ісі отбасылық гендірлік саясат жөніндегі кеңесшісі Әзия Қыстаубаева, Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің бас әдіскері Талап Тотаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Жайна Жиенбаева қазылық етті.
Әке мейірімімен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып өскен ұрпақ елін, жерін, сүйетін ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Міне, осындай ұрпақты тәрбиелеп, бойына өнер дарытқан отбасылардың бірі ағаш өңдеп бұйым жасауымен ерекшеленді. Нәзік жандылар құрақ құрап шеберліктерін көрсетсе, отбасының кішкентай мүшелерінің бірі ән айтып, екіншілері зеректігімен көзге түсті. Сондай-ақ спорттағы шеберліктерін көрсетіп көрермендерді тәнті етті. Төрт отбасы да өзінің «Өнерлі отбасы» екендігін дәлелдегендей.
Сайыстың қорытындысы бойынша «Парасатты отбасы» номинациясын Жайылма ауылының Омаровтар отбасы, «Алтын қол шебері» номинациясын Сүттіқұдық ауылының Нұрдиновтер отбасы, «Өнерлі отбасы» номинациясын Төменарық ауылының Асылбековтер отбасы, «Бірлігі жарасқан отбасы» номинациясын Бибасаровтар отбасы иеленді.
Сайыс соңында Әзия Қыстаубаева жүлдегерлерді марапаттап, одан әрі отбасы жайында баяндады. Ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, қоғамда ажырасудың көбейгені ұлттық қасірет екенін алға тартты. Алдағы уақытта отбасылық құндылықтарды дәріптейтін шаралар тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.