№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Берік отбасы - ел тірегі

Берік отбасы - ел тірегі

Oтбaсы – баршаның жүрегіне ең жақын ұғым. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. Сондықтан болар, еліміз отбасы құндылықтарын қадірлеуге үлкен мән беріп келеді. Сүттіқұдық ауылдық клубында өткен «Берік отбасы – мәңгілік ел» атты облыстық сайысқа қатысушылар осы ұғымның мағынасын тереңдете түсті.


Сайыстың мақсаты қазақтың салтын сақтап, оны құнды қазынасындай көріп, дәстүрін ұрпағына дәріптеген отбасылардың үлгісін көрсету еді. Отблыстық сайыстың шымылдығын ашып, алғы сөз алған Сүттіқұдық клуб директоры Ғалымжан Бейсенов додаға түскен отбасыларға сәттілік тіледі. Сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен келген 5 өнерлі жұп қатысты. Олардың өнерін арнайы әділқазылар бағалады.

Сайыс шарты бойынша бірінші кезеңде жұпта мәтінмен таныстыру, екінші кезеңде арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру, үшінші кезеңде жарасымды жұптардың махаббат хикаялары сахналанды. Ал төртінші кезеңде әр отбасы өз өнерлерін паш етті.

Сайысқа қатысушылар әуелде отбасындағы ең нәзік тұс – ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынасы, ердің даналығы мен келіннің ибалығы, екі жұптың бір–біріне деген ізгі ілтипаты, отбасының берекесі мен мерекесін дәріптеп, үміткерлердің ой ұшқырлығын сынайтын екінші кезеңінде өткір сұрақтарға тұщымды жауап берді.

Сайыс арасында көрермендерге өнегелі отбасы жайлы бейнеролик те көрсетілді. Әділқазылар төрағасы Уәли Ибрагимов сайысты қорытындылап сөйлеген сөзінде: «Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ата-ана, ұстаз, қоғам – үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып, біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Тұғыры берік елдің отбасы да берік болады, отбасы қазығы нық қағылса, шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі болмақ дегім келеді, – деді.

Отбасылық байқаудың қортындысында Түгіскен ауылынан келген Жексенбаевтар әулеті бас жүлдеге ие болды. Ал, бірінші орынға Қармақшы ауданынан қатысқан Әмзеевтер отбасы, екінші орынға Шиелі ауданынан келген Шыныбековтар отбасы тұрақтады. Ал, үшінші орынды машбектік Алтынбековтар отбасы мен қыраштық Алтыбаевтар отбасы бөлісті.

ТҮЙІН.
Отбасы – әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі. Осынау қастерлі ұғымның мән-мағынасына терең бойлап, мәңгілік ел болып қалу жолында ұлттық құндылығымыздың маңызы зор. Әр отбасының атадан балаға мұра болып қалар асыл мирасы – тілі, діні мен ділі. Біз осы ұлттық мұрат жолында еселі еңбек етіп, болашақ ұрпақтың кемел елге айналуына өз ізін қалдырып жатқан жерлестердің жұмысына көңіліміз марқайып оралдық.

Мақпал МАРҚАБАЙ
02 қазан 2023 ж. 893 0