Ерлік пен елдік – мәңгілік мұра

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай салтанатты шаралар шеруі дәстүрлі жалғасын тапты. Жат елде жүріп, жауынгерлік рухпен оралған сүйегі асыл сарбаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Кейінгі буынға олардың ерлігі мен батырлығын дәріптеу және арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету жүйелі жалғасып келеді.
Аудан әкімдігінде жаңақорғандық Ауған соғысы ардагерлерінің басып қосып, лайықты сый-құрмет көрсетілді.
– Өткен күн бүгінгі тарих, сондықтан сіздердің сол сұрапыл соғыста жасаған ерліктеріңіз бен көзсіз батырлықтарыңыз бүгінгі буынға өшпес өнеге. Ұмытылмас үлгі боларлық іс. От пен оқтың ортасынан оралған оғландарға құрмет көрсетіп, жауынгерлік рухын дәріптеу, ерліктерін өскелең ұрпаққа өнеге ету – біздің басты міндетіміз. Ал, әскер сапынан туған еліне оралмай, майдан даласында қаза болған боздақтардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ауған жерінде өзінің әскери борышын өтеген жерлестеріміздің ерен ерлігі мен жауынгерлік жолына, қайсарлық рухына тағзым етер бүгінгі ұрпақ сіздерге әрқашанда құрметпен қарайды. Дәстүрге айналған тағзым жасау шарамыз жалғасын таба бермек, – деді аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
– Ол жылдарды ұмыту әсте мүмкін емес, бірақ болашақта мұндай сұрапыл соғыстың болмауын тілейміз. Бейбіт күннің қадіріне жетіп, елдің еңсесін көтеру барлығымыз үшін үлкен міндет. Сондықтан мұндай жағдай біздің елге келмесін деген тілегіміз бар. Бізді жыл сайын құрметтеп, ыстық ықылас, жылы лебіздерін білдіріп жатқан аудан әкімі бастаған барша жерлестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бүгінгі жастар әрдайым елдің қорғаны болатын патроиот болып өсе берсін, – деп Жақсылық ағамыз ізгі ниетін білдірді.
15 ақпан – елден тыс жерде соғысқан, әскери антына адал және жанқиярлықпен берілген, қайсарлық пен батырлықтың жоғары үлгісін көрсеткен барлық интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні болып аталып келеді.
Келесі кезекте «Тағзым» алаңына барып, майдан даласында және елге келіп еңбек етіп, қазір арамыздан алыстаған азаматтардың рухына Құран бағышталды. Жауынгерлердің құрметіне үнсіздік жарияланып, естен кетпес естеліктер айтылды.
Салтанат «Ордакент» ардагерлер және жастар үйінде «Ауғанның отты жалыны» тақырыбында өткен шараға жалғасты.
Шара барысында ардагерлердің көшбасшысы Қуаныш Әбіләкімов:
– Жалпы Жаңақорғаннан ауған жеріне 95 азамат аттанды. Мұхтар Нарымбетов соғыс даласында көз жұмды. Бүгінде аудан көлемінде 44 ардагер бар. Жылдан жылға арамыздан сарбаздарымыз азайып бара жатқаны жанымызға батады. Біздің осы майдан жолымызды ұрпақ жадынан өшірмей, жыл сайын елеп-ескеріп жатырған жандарға алғыс айтамыз. Мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өткізілуде. Бұл да бір ілтипаттың белгісі. Ең бастысы, елімізде бірлік пен берекенің алауы сөнбесін, соғыс болмасын деп тілейміз» – деді ол.
Одан әрі ауған даласында әскери борышын өтеп келген ардагерлер марапаттау мінберіне көтерілді. Аудан әкімінің «Алғыс хатымен» Жарқынбек Қасымбекұлы, Жақсылық Тұрғанбекұлы, Серікбай Халықбергенұлы және Пардабай Махамбетқазыұлы марапатталды. Барлық майдангерлер құрметіне «Шурави» әні орындалып, кеш ары қарай ән шашумен жалғасты.
Мерекелік кештен кейін аудандағы мектеп оқушылары арасындағы доп додасы ашылып, жарыс қыза түсті. Тартысқа толы турнирде жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлер марапатталды.
Ауған соғысының тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Шынында бұл соғыстың көздеген мүддесі не еді? Он жыл бойы қан төгілгенде түпкі мақсатына жетті ме? Әрине, жоқ. Өйткені, бұл – бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған майдан. Асыл ерлерді құрбан еткен – олардың интернационалдық борышы дедік. Ал, ақиқатында тарих бедерінде саяси ойын мен бейтарап мүдделердің құрбандары ретінде есте қалды. 10 жылға созылған кескілескен соғысқа Қазақ жерінен 22 269 адам қатысып, оның 761-і қаза тапты. Жалпы, Сыр өңірінен Ауғанстанға интернационалдық борышын өтеуге 827 сарбаз аттанғаны тарихта жазулы қалды.
Тағдырымда сан қырғынды көргенмін,
Ауғанда да арпалысып келгенмін.
Қасым менен Бауыржандай батырдың,
Ұлағатты ұрпағы боп ергенмін...
Осылай өлең жолдарымен тағдыр тауқымет ақ қағазға түсірген ардагер аға буынға мың тағзым. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ