Абысын тату болса, ас көп

Ықылым заманнан қазақ «Абысын тату болса, ас көп», – деп әулеттің ауызбіршілігінің негізін қалайтын ақылды әйелдер екенін айтып кеткен. Бүгінгі күні де бұл тақырып өзектілігін жоймай, абысын-ажынның татулығы – отбасының маңызды аспектілерінің бірі болып отыр. Біз осы тақырып төңірегінде ел анасы, Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Жаңақорған аудандық филиалының жетекшісі Әзия Қыстаубаевамен әдемі әңгіме өрбіткен едік.
– Қазіргі қоғамда бір-бірімен тіл табыса алмайтын абысынды-келіндердің көптеп кездесетіні жасырын емес. Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Әр отбасының тыныштығы абысынның татулығында. Әсіресе, абысынның үлкені өзінің үлкендігін жасап, артынан ерген келіндеріне ақыл-кеңесін айтып, білмегенін үйретіп, бауырына баса білгені жөн. Өйткені, үйдің үлкенінің жаңа түскен келінге қарағанда тәжірибесі мол болады. Сол үйдің тәрбиесіне одан бұрын төселеді. Жалпы, көп жағдайда абысындардың тату-тәтті болуы осы үлкен абысынға тікелей байланысты. Қазақта «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы солай жүреді» деген нақыл бар. Егер сен үйдің үлкені екенмін деп, кеудеңді керіп, жөн-жосықсыз мінез көрсетсең, өзі жаңа түскен, сені танымайтын келін сені қайдан сыйласын. Міне, осыдан бастап абысын мен келіннің арасында алауыздық, түсініспеушілік туындап, екі бауырдың арасына сызат түседі. Сондықтан, артымыздан ерген қыздарым мен сіңлілеріме айтарым, бір үйдің үлкен келіні болдың ба сол жауапкершілікті көтере біл. Айналаңа мейірбан бол, сонда сенің сыйың қайнының алдында да, келіннің алдында да, тіпті қайын сіңілінің алдында да артпаса, кемімейді. Түтіндерің түзу ұшып, балаларың бір-бірімен бауырмал болуы үшін ең бірінші сыйластық керек.
– Сіздің отбасы мен қызметті қатар алып жүргеніңізді білеміз. Өзіңіз қандай келін болдыңыз?
– Өзі-өзіме баға бере алмаймын, бірақ бір үйдің үлкен келіні болып түстім. Ата-енемнің қолында қалдым. Бізден кейінгілердің барлығы жұмыс бабымен қалада тұрды. Менің әулетке сыйлы, жақсы келін болуымның басты себепкері енем еді. Екінші анам сондай сабырлы, ақылды, кеңпейіл кісі болды. Сол анамыздан алған тәрбиені бойымызға дарытып, сол кісінің көрсеткен жолымен жүрдім. Отбасы мен қызметті қатар алып жүруіме себепкер болған да осы кісінің даналығы деп білемін. Қызмет жасауыма қарсылық танытпай, қайта қолдау көрсетті.
– Артыңыздан ерген үш келініңіз бар екен. Араларыңызда болған есте қаларлық оқиғалармен бөліссеңіз?
– Мен келін болып түсіп, тұңғышымды босанып келгеннен кейін 18 күн өткенде қайным келін алып келді. Ол уақытта енеміз қыс бойы Алматыда болатын. Содан балам 6 ай болғанда сол келінімнің құдалығын шақырдық. Өзі Атыраудың қызы еді. Ол жақтың салты бойынша құдалар 15 күн үйде қонақ болды. Өзіміз жап-жас болсақ та екі апта бойы құдалардың көңілдерінен шығуға тырысып, қонақ қылдық. Сонда құдағи қайтарында қызын шақырып алып, «Қызым, Әзия отырса отыр, тұрса тұр, сонда сен жаман болмайсың», – деп ақылын айтып кетті. Одан кейінгі қайным үйленгенде қызық болды. Келін дәрігер, орысша тәрбиеленген екен. Келін оңтүстіктің тәрбиесін білмейді екен деп, шатақ шығармадық. Бәріне кешіріммен қарап, білмегенін үйреттік. Қателігін байқамағандай кейіп таныттық. Уақыт өте ол да барлығын түсінді. Сол қайным бізге ешкімнің қолы жете бермейтін уақытта көлік мінгізді. Көрдіңіз бе, сыйластықтың, өзара түсінісудің арты осындай болады. Одан араға уақыт салып, кіші келінім босағамызды аттады. Қайным екеуі Алматыда тұратын. Сол келінім тұңғышын босанар сәтте өзім күтіп, буыны бекігенше бағайын деп ауылға әкеліп 6-7 ай күткенмін. Үйдің үлкені ретінде қолымнан келгенше барлығына кеңдік жасаймын. Олардың маған деген құрметтерінің артуы үшін алдымен өзім оларды құрметтедім. Міне, сол сыйластығымздың, кішіпейілділігіміздің арқасында қазір өте татумыз. Бір-бірімізді туған апалы-сіңілідей іздеп, сағынып отырамыз.
– Қазақта «Ағайын тату болса, ат көп...» деген әдемі сөз бар. Дегенмен, ағайынның татулығы тікелей абысындарға байланысты деп жатамыз. Бұл орайда не айтасыз?
– Расында, туған-туыстың арасындағы ынтымақ пен бірлік көбінесе әйел адамдарға байланысты. Абысындар арасындағы достық пен сыйластық бүкіл әулеттің достығына алып келеді. Осы ағайынның татулығына байланысты мына бір оқиғаны айтып берейін. Ертеде бір-бірімен тетелес өскен екі ағайынды жігіт әйел, бала-шағасымен бір шаңырақта өмір сүреді. Екеуі де, әйелдері де әй-шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Енші алып бөлек кету, тіпті, ойларында да болмайды. Балалары да туған бауырдай бір-бірімен араласып-құраласып өседі. Олардың мұндай татулығына сүйсінген ауыл адамдары бір күні екеуінен мұның сырын сұрағанда, ағасы «інімнің мықтылығы шығар» десе, інісі: «Ағамның кеңпейілдігінің арқасы ғой. Ата-анамыздың тәрбиесі осындай болатын», – деп жауап береді. Мұны естіген әйелдері: «Бұл жерде біздің де бірталай үлесіміз бар-ау, бұлар соны ескермеді ғой. Онда бір қызық жасайық», – деп өзара жоспар құрады. Арада біраз уақыт өткенде, ет жеп отырған інісіне әйелі «Осы қайын ағам біздің балаларымызға үнемі артқы сирақты береді. Көрдің бе, өз балаларына адамдардың алды болсын деп алдыңғы сирақты беріп отыр», – деп сыбыр ете қалады. Мұны естіген күйеуінің көңіліне күдік ұялап, ойланып қалады. Осындай ұсақ-түйек дүниелер жинала келе, інісінің көңілінде ағасына деген ыза, кек пайда болады. Кез келген нәрсеге бола ілінісіп, үнемі керісіп жүреді. Ақыры араларына сызат түсіп, інісі басқа жаққа қоныс аударуға бекінеді. Ашуы тарқамаған күйі «үйді жығып қой» деп әйеліне тапсырма береді де, өзі ауылдастарынан үй көшіретін ат іздеп кетеді. Алайда, ешкімнен жарамды ат таба алмай, кешке үйіне келсе, әйелі үйді жықпай отыр екен. «Жықпағаның дұрыс болыпты, ешкім ат бермей жатыр» дейді салы суға кетіп. Әйелі: «олай болса, бір қойды сой, кешкі астың қамын жасайық» дейді де, малдың сирақтарын алып, «мынаның алдыңғы сирағы қайсы, артқы сирағы қайсы, айырып берші», - дейді. Күйеуі ары қарап, бері қарап, ажырата алмаған соң ағасынан барып сұрайды. Ағасы да ажырата алмайды. Сонда әйелі: «алдыңғы сирақ пен артқы сирақты ешкім де ажырата алмайды. Біз сіздердің сыйластықтарыңыздың қай шекке дейін жететінін сынамақ болып, осындай айлаға барған едік», – деп назданады. Сонда өзінің қателігін бірден түсінген інісі ыңғайсызданып: «Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен», - деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі. Көрдіңіз бе, абысындардың татулығы отбасының бақытты болуына тікелей әсер етеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Айсұлу АЛДАНАЗАР