«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТАҚЫРЫПТЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Бүгін аудандық партия филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында тақырыптық қабылдау өтті. Қоғамның шынайы дамуы – әлсіз топтарға жасалған жағдаймен өлшенеді. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру – бұл тек әлеуметтік саясат емес, адамгершілік пен әділеттің айқын көрінісі. Осы бағытта жүзеге асып жатқан «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясындағы тақырыптық қабылдауда көтерілген мәселелер – қоғамдағы өзекті түйткілдердің нақты көрінісі болды.
Қабылдауға «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Мажитов Арман Әбілпейісұлы, «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мамирова Алмагүл, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімінің бас маманы Расул Қарақожаев, кент әкімдігінің маманы Алеусеева Пәкизат, аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік қолдау бөлімінің мамандары және аудандық емхана мамандары қатысып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
Қабылдауда ең алдымен көтерілген мәселенің бірі – ғимараттардағы пандус мәселесі. Бұл бір қарағанда ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ арбаға таңылған немесе қозғалысы шектеулі азамат үшін бұл – ғимаратқа кіре алу немесе сыртта қалу мәселесі.
Одан кейін, емханадағы кезек мәселесі қозғалды. Емханаға барған кезде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұзақ кезек күтуі. Заң бойынша олар мемлекеттік мекемелерде, соның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет алуға құқылы. Бұл – тек ыңғайсыздық емес, кей жағдайда денсаулыққа қауіп төндіретін фактор.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тұрғын үй мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Заң бойынша олар баспанамен қамтамасыз етілуге құқылы. Дегенмен кезекте тұрғандардың саны жыл сайын артып келеді.
Сондай-ақ, қабылдауда коммуналдық төлемдердің қымбаттауы да қозғалды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басым бөлігі тұрақты табысқа ие емес немесе жәрдемақымен күнелтеді. Ал жәрдемақы мөлшері өмір сүру шығындарын толық жабуға әрдайым жеткілікті бола бермейді. Сондықтан тарифтерге жеңілдіктер беру немесе арнайы қолдау механизмдерін күшейтуді тілге тиек етті.
Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға протездік-ортопедиялық құралдар, арбалар және басқа да техникалық көмек құралдары беріледі. Бірақ қабылдауда бұл қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты мәселелер де көтерілді.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы бұл қабылдау – жай есеп беру емес, нақты мәселелерді ашық айту алаңы болды. Әрбір көтерілген сұрақ – бір адамның ғана емес, тұтас бір әлеуметтік топтың жанайқайы. Кедергісіз орта қалыптастыру – тек пандус салумен шектелмейді. Ол – қоғамның көзқарасын өзгерту, тең мүмкіндік беру, адамға құрметпен қарау. Ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар «ерекше» емес, олар – қоғамның тең құқылы мүшесі.
#AMANAT




