Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Қадірлі қауым! Құрметті ғалымдар!
Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым.
Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек.

Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Мен былтыр «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті Заңға қол қойдым. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады.
Тағы бір мәселе. Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше. Сонымен қатар, бұл – әлемдегі ең үздік компаниялардың берік ұстанымы, бұлжымас қағидасы. Жаһандық деңгейдегі ірі технологиялық корпорациялар бірінші кезекте білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізеді. Таланттарды қызметке тарту жағынан да бұл компаниялар көш бастап тұр. Адам капиталы олардың негізгі күш-қуаты саналады. Технология мен инновация – дамудың ең басты әрі баламасыз шарты. Мұны ХХІ ғасырдың үздік компаниялары дәлелдеп отыр.

Дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс.
Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз.
Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.
Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 наурыз күні тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қолдауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды.
Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни аталған салаларды жан-жақты қолдауға стратегиялық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауымдастыққа ризашылығымды білдіремін.
Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін.
Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді.
Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі.
Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дөп басып айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан гуманизм, әділдік, жауапкершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз.
Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады.
Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келетіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек.
Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам.

Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі.
Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын.

Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды.
Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс.
Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек.
Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет.

Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр. Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл – ең алдымен, сапалы адам капиталы.

Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады.
Қадірлі ғалымдар!
Біз жасампаз ұлт ретінде алдымызға биік мақсат қоямыз. Бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басамыз. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз. Бұл – біздің ұлттық парызымыз.
Осы тарихи жолда біз ғалымдардың орасан зор әлеуетіне сенім артамыз. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүмкіндіктерге жол ашылады. Ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мемлекет өздеріңізді әрдайым қолдайды.
Мен кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жеткен және жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жас ғалымдарға пәтер кілтін табыстаймын. Бәрі де құтты болсын! Берекелі болсын!
