Отбасы – ұрпақтар сабақтастығының бастауы

Қазақ қашанда отбасы жылуын қадір тұтып, отбасылық құндылықтардың жалпы ұрпаққа беретін тәрбиесі мен мәдениеті тұтас қоғамның қалыптасуының негізі екенін ертеден-ақ білген. Отбасының мызғымас тыныштығы мен берекесін бекемдеуде аналардың рөлі басым екені жасырын емес. Біз отбасылық құндылықтар және ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың қадірі жайында драматург, ақын Әмір Мәжитовтің келіні, көпбалалы анамыз Ырыскүл Әмзияқызымен сырлы сұхбат өрбіттік.
– Апа, сізді көпшілік ақжаулықты әже, елге еңбек етіп жүрген перзенттеріңіздің анасы ретінде ғана емес, қазақ руханияты мен мәдениетінде өшпестей ізі қалған Әмір Мажитов атамыздың келіні ретінде таниды. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Бүгінгі қазақ келіндерінің көшбасшысы болып жүрген Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апай әрбір сұхбатында атадан алған ұлағаты мен өнегесі туралы жиі айтып жүреді. Мен де қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаға келін болғанымды мақтан тұтамын. Бұл үлкен жауапкершілік, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десем де болады. Сол кісілердің ақ батасы бүгінгі берекемізді арттырып отыр деп ойлаймын. Ол кісілердің тәлім-тәрбиелері өмірімізге өлместей өнеге болып қалды.
– Бүгінде ұлыңызды ұяға, қызыңызды қияға қондырған алтын құрсақты ана, аяулы әжесіз. Енді өзіңіздің бала тәрбиесіндегі тәжірибеңізбен бөліссеңіз...
– Отбасы – тәрбие бастауы. Біз отбасында балаға алдымен ата-ана қадірін түсінуге, достыққа адал болуға, бауырлардың бір-біріне мейірімді болуына шақырып, қоғамда өздерін дұрыс ұстауды үнемі насихаттап отырамыз. Қазақта «баланы жастан...» деген сөз бар. Бірақ балаға таңнан-кешке дейін тек әдемі сөздермен ақыл айтып тәрбие бере алмайсыз. Менің түсінуімше, бала біздің көшірмеміз. Өйткені олар естігенін емес, көргенін қайталайды. Ата-анасына қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ана отбасындағы әр ісіне мұқият болуы керек. Дастархан басында отырғанда да ұлағатты әңгіменің өрбігені жөн. Сонымен қоса, тәртіп пен еңбекті ұштастыра білген абзал. Балаға шамасына қарай жұмыс тапсыру керек, көп жұмсаған сайын еңбекке ысылып өседі. Еңбеқор болғаны баланың болашағына үлкен септігін тигізеді.
– Сіздің ойыңызша отбасындағы негізгі құндылыққа не жатады?
– Өзара қолдау мен түсіністік. Отбасында әр адам бір-біріне қамқор болып, қиындықтарды бірге еңсеруге тырысу керек. Жұбайлар арасында өзара құрмет пен махаббат, ата-ана мен бала арасында жауапкершілік пен мейірім болғаны жақсы. Бұл отбасының беріктігін, тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Жалпы, отбасы – қоғамның басты негізі. Өйткені, қоғамның барлық әлеуметтік құрылымдары отбасынан басталады. Отбасында дұрыс тәрбиеленген адам қоғамның жауапты мүшесі, еңбекқор, мәдениетті болып қалыптасады. Сондықтан, әке мен ана отбасында тек өз баламды тәрбиелеп отырмын деп емес, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырмын деп түсінуі керек.
– Ұлттың болашағы жайлы айттыңыз. Өз үйіңізде ұлттық салт-дәстүрді, наным-сенімді қаншалықты ұстанасыздар?
– Салт-дәстүрді толық ұстанамыз. Бабадан бүгінге дейін жеткен, өзіміз білетін дәстүрдің барлығына мән беріп, ұмыт қалмауына барынша атсалысамыз. Немерелеріміздің де осы дәстүрді бойына сіңіріп өсуіне ықпал жасауға тырысамыз. Өйткені, әр отбасы өз дәстүрін, әдет-ғұрпын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, мәдени мұраны сақтап қалудағы негізгі күш деп ойлаймын. Отбасындағы дәстүрлер, мерекелер мен күнделікті өмір салты баланың ұлттық сана-сезімін қалыптастыратыны анық. Ал, салт-дәстүрін біліп өскен бала өзінің шыққан тегін, бабалар аманатын ешқашан ұмытпайды.
– Өзіңіз білесіз, бүгінгі қоғамда ене мен келін институты ешқашан өзектілігін жойған емес. Осы тақырыпқа ойыссақ.
– Ең бастысы – ене де, келін де өздерінің ана екенін естен шығармауы керек. Ана әр шаңырақтың шамшырағы. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қоғамда нәзікжандылардың әлеуметтік рөлін айқындайтын бірегей көрсеткіш деп білемін. Ене мен келіннің ара-қатынасы – бір жағынан ұрпақтар сабақтастығының, дәстүрлердің сақталуының кепілі болса, екінші жағынан әйелдер арасындағы сыйластық пен құрметтің белгісі. Мен бұл ара-қатынасты өте нәзік қатынас деп айтар едім. Ене де, келін де сабырлы, шыдамды, өзара түсіністік пен жауапкершілік жүгін көтере білуі керек. Отбасында осы екі ана өз міндеттерінен жаңылмай, әрқайсысы өз орындарын білсе, ол жанұяда ынтымақ пен бақыт орнайды деп ойлаймын.
– Қолыңызда бірнеше келінді бірге ұстадыңыз. Әр үйдің аялаған аруын бір шаңырақ астында біріктіру сізге қиын болмады ма?
– Қазақта «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген тәмсіл бар. Аллаға мың тәубе, келіндерім ақылды, парасатты болып келді. Қолымда үш келінді бірге ұстадым. Жалпы, келіннің түскен жеріне сіңісіп кетуі алдымен тәрбиесіне, екінші, ер азаматына деген құрметіне, үшінші, енесіне тікелей байланысты. Қазір отбасын ұрыспен, қатаң тәртіппен басқаратын заман емес. Лажы болса татулықта, ауызбіршілікте ұстау керек. Мен енемін, ол келін, үй тірлігі келіннің мойнындағы міндет деп қарап отыра беруге болмайды. Шындығына келгенде келін ол үйді әкесінің үйінен арқалап келген жоқ. Ол алдымен сол ененің құтты мекені. Сондықтан шама келсе, келінмен бірге қимылдап көмек берген дұрыс. Сосын, көп жағдайда келін мен келінді ұрыстыратын ене деп ойлаймын. Ешқашан келіндерді бір-біріне жамандауға болмайды. Екеуі де бір шаңырақтың шаттығын кіргізіп отырған жандар. Абысын тату болса – ас көп деген. Өзім де абысын-ажындарыммен татумын. Барлығын жақсы көріп, құрметтеймін. «Атаңа не қылсаң – алдыңа сол келеді» деген бар ғой. Өзім де 15 жылға жуық ата-енемнің қолында абысын-келіндеріммен бірге тұрдым. Содан болар, менің келіндерім де бір шаңырақ астында тату болды. Олардың бір-бірімен шүйіркелесіп, күліп-ойнап отырғанын көрудің өзі біз үшін үлкен бақыт.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Айсұлу АЛДАНАЗАР