№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түгіскендік аналар мерейімізді асырды

Түгіскендік аналар мерейімізді асырды


Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымыз өрнектелген отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы халқымыздың бірлігін нығайтуды мақсат еткен “Абысын-ажын” байқауының республикалық кезеңі күні кеше Алматы шаһарында қорытыланды. Ұлттық байқауда Түгіскен ауылының “Атымтай ата” әулетінің келіндері “Бас жүлдені” иеленіп, аудан мерейін асқақтатып оралды. Байқауда салт-дәстүріміздегі ерекше құндылық – абысын-ажын арасындағы жарасымды әдеп-ибаны әсерлі жеткізіп, жүлделі 500 000 теңгені қанжығалаған арулар көптің алғысына бөленіп Сыр елінің атын тағы бір айқындай түсті.


Кеше мен бүгінді сабақтастырып, ұлттық салт дәстүрімізді дәріптей түсетін ақжаулықты аналар отбасының тірегі һәм ұйытқысы екені хақ. "Абысын тату болса ас көп" деген халық даналығы осы қадір-қасиетімізді дөп басып тұр. Екі елдің арасын жалғастырып, ынтымақ пен өнегені қоса өрген ақ желеңді аналар мен сырлас жеңгелер бойынан қазақ әйелінің жасампаз бейнесін айқын аңғарамыз. Отбасындағы береке мен татулықты тәрбиеге ұластырып, білгенін кейінгіге кең пейілімен ақтарып салатын абысыннан кішіпейіл келіннің үйренері қашанда көп. Отбасы абыройын ту еткен "Атымтай ата" әулетінің келіндері бұл бәйгеге барын салып, ұйымшылдық пен өзара татулығының арқасында жүлделі орынды қанжығалап оралды.
Байқауға “Қазақ аналары-дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігі жоба­сының авторы Айнұр Жүгінісова, кино және театр актрисасы Бақыт Әліпбаева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жанайым Ауғанбай сынды мәдениет сала­сының майталмандары қазылық етіп, суыр­ылып шыққан жерлестеріміздің өнерін әділ бағалап, жүлделі жеңісімен құттықтады. Қырмызы қыз күнінен құлағына сіңіріп өскен келіндік парызды бұлжытпай атқарып, елдің алғысын алып жүрген жеңгелеріміздің бірі мұғалім, бірі дәрігер, енді бірі қарт ата-енесі мен бала-шағасы­ның жағдайын жасап отыр­ған нәзік жандар ғой, осы азаматтардың басын өнер ордасында тоғыстырып, сахна мәдениетіне сай өнер көрсетуге үндеген Түгіскен ауылдық клуб үйінің директоры Бақытгүл Тұрсынханқызының бұл жеңіске сіңірген еңбегі ересен. Қолы істен босаған түнгі мезгілде ауыл клубына жиналып, өнер додасына қызу дайындалған апа-жеңгелеріміз бір-бір үйдің отанасы. Алғашында аймақтық сыннан сүрінбей өтіп, байқаудың республикалық кезеңіне жолдаманы жеңіл алған күннен бастап өз-өздеріне сенімі артып, шын ниетімен бойдағы барын сарқудан аянып қалмаған түгіскендік арулар шыңнан көрінді.
– Ене мен келін, абысын-ажын ара­сындағы татулық пен ізетті ту етіп, көрерменге ұсыну арқылы әр отбасындағы бірлікті бекемдей түсуді мақсат еттік.
Өсіп-өнген «Атымтай ата» әулеті жұрт қызыға қарайтын қарашаңырақ. Көрегенді анадан тәлім алған келіндердің сенімге селкеу түсірмейтініне әу бастан-ақ ауыл үлкендері сеніп, ақ батасын берді. Тілеулес болып, өнерімізге қолдау білдір­ген ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарымызға алғысымыз шексіз, – дейді клуб үйінің директоры.
Ата дәстүрді ардақтап, бір-біріне деген сыйы мен құрметі жарасқан отбасына қарап көз қуанады. Осындай үлкен отба­сында өсіп-өніп, береке мен бірлікте ғұ­мыр кешіп келе жатқан абысын-ажын сый­ластығы ең алдымен ата-ананың үлгісі, бауырмалдықтың, татулықтың арқасы деуге болады. Ал бұл ізгі қасиеттер барда әулеттің мерейі қашанда үстем болып, бақ даритыны сөзсіз.

Түйін: Жастарымыздың бойына отба­сылық құндылықтарды сіңіру арқылы ұлт­тық сананы оятуда, саналы қоғам қалып­­тастыруда осындай байқаулардың әсер-ықпалы мол. Шаңырақ көтерген әрбір отбасының түтіні түзу шығып, берекесі мен бірлігі жарасқан жылы ұяға айналуы да алдымен ерге серік, елге көрік отанасының қолында екенін "Атымтай ата" әулетінің келіндері осылай дәлелдеді.

Жәмила ЕРМАХАН
24 қыркүйек 2024 ж. 582 0