Жақсылықтың жолы ұзын

Ғасырға жуық тарихы бар Жаңақорған ауданының жарқын келешекке бет түзеген сырлы шежіресі көкірегінде қатталған көнекөздер қатарында өткеннің өнегелі тұстарын кейінгіге үлгі етуі міндетіміз. Осы тұста қарапайым еңбек адамынан ел басқару жауапты ісіне етене араласқан туған жердің перзенті ретінде атамекеніміздің тізгінін нық ұстап, әр жылдары басқарған азаматтар жөнінде ойдағы жүрексөзімді ортаға салсам артық емес деп ойлаймын. Бүгін-ертең жетпіс бес жастың биігіне көтеріліп, елінің көз алдында көшелі қадір-қасиетімен құрметке бөленген, бірнеше ауданды басқарған, соның ішінде 2000 жылдан 2004 жылға дейін Жаңақорған ауданының әкімі болып қызмет атқарған Мұсабаев Нәжмадин Түркбенұлының еңбектерін Жаңақорған халқы да әркез ыстық ілтипатпен еске алып отырады.
Өткен ғасырдың аяғында егемендігіміз қолымызға тиіп, дербес мемлекет атанғанымызбен бұл кезең бұрынғы кеңес одағы құрамындағы ұлттар үшін аса сындарлы, тұтастай қоғамдық құрылыс күйреген, өндіріс пен шаруашылықты жүргізудің механизмі тоқырап, кім қайда, қалай жүрерін білмей дағдарған ауыр кезең еді.
Мемлекет қазынасының тапшылығынан бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің өзінде айлық-жалақы уақтылы берілмей, зейнетақы, жәрдемақы жайы күрделеніп кеткен еді. Дүкен сөрелері бос. Мұндай жағдайда елдің саяси ахуалы да едәуір ширығып, әрбір отбасына күнкөріс қамының өзі ауыр тиді. Осындай кезеңде тығырықтан жол тауып, есеңгіреген елді елең-алаң шақтан ерік-жігермен алып шығатын жалын жүрек жетекшіңнің болғаны – елдің шын бағы.
Өзім еңбек жолымды егіс даласында бастап, одан әрі жоғары білім алып, мамандығым бойынша сатылап жоғарылап, Жаңақорған аудан әкімінің орынбасары қызметінде он тоғыз жыл қызмет атқарған өткен жылдар белесінде көңілге түйгендерімді саралай келе, іскер басшы Нәжмадин Түркбенұлын нақ осындай азамат бола алды деп сеніммен айта аламын.
1994-2000 жылдар аралығында ауданда төрт әкім ауысыпты. Себебі белгілі. Артың тұңғиық, алдың тұман, болашағың болжаусыз сындарлы кезеңде көпті соңыңнан ертіп, іске жұмылдырудың өзі төзім мен тәуекелді талап ететін ерлікпен тең. Осы қос қағиданы тұғыр еткен іскер тұлға ауданға басшылыққа келген күннен бастап барлық салалардың тынысына талдау жасап, тиянақты жоспар түзді. Сырттан кадр әкелмеді, барлығы да өз саласының маманы, тек бұрынғы әдіс-тәсілді түбірімен өзгертіп, ілгерілеудің ілкімді ізденістеріне жан-жан-жақты бағыт берді.
Агроөнеркәсіпті ауданның экономикалық әлеуетін әлбетте егін және мал шаруашылығы арқылы көтеруге негіз бар. Міне, сондықтан әкім ең бірінші қолға алған міндет – егіншілік мәдениетін көтеру, дақылдарды қолайлы жерге орналастыру, су жолдарын, тоспаларды тазалап, ретке келтіру жайы болды.
Алғашқы жылы аудан бойынша 25205 га егіс егілді, оның ішінде күріш дақылы 8500 га, күздік бидай 3500 га, мақсары 400 га, күнбағыс 200 га, бақша 1330 га, көкөніс 560 га, картоп 450, жоңышқа 2600 га, жүзім 150 гектар жерге орналастырылды. Су жүйелерін реттеуде Мұсаханов атындағы каналдың бойы, су тоспалары жөнделді, Тайпақкөл каналынан топырақ шығару арқылы көлде су қорын жасау жұмыстары қолға алынды.
Түгіскен массиві игерілген алпыс тоғызыншы жылдан тоқсаныншы жылдарға дейін аудандағы барлық егістіктің үштен бірін беріп тұрған сыр беткейдегі шаруашылықты тұқым өндіретін мемлекеттік қазыналық кәсіпорын етіп сақтап сақтап қалу талабы нәтижесіз қалмады. Міне, осылайша тұғыр тіктеген Түгіскен тұқым шаруашылығы мемлекет алдындағы барлық қарызынан құтылу бір бөлек, «Миллионер шаруашылық» ретінде даңқы кеңге тарады.
Аудандағы 15 кеңшар 298 заңды және жеке тұлғаларға бөлініп кеткенімен жұмысы бірден нық тұрып кете алған жоқ. 189 заңды тұлғаның 85-і әрекетсіз тұр екен. Бұл аудан халқына шаққанда әр мың адамға 9 кәсіпкерден ғана келді.
Нақтылы жүргізілген жұмыс нәтижесі бірінші жылдың өзінде-ақ жемісін бере бастады. Нақтылап тоқталсақ, 2001 жылдың қорытындысында ауданымыз соңғы он жеті жылда бірінші рет жүлделі үшінші орынға шықты. Ауыл шаруашылығы жөнінен 25030 га егістік егілді. Оның ішінде 6500 га күріш, 600 га мақсары дақылдары егілді. Мақта дақылы елу жылдан соң қайта егіліп, шаруалар 350 га мақтадан 25,5 центнерден өнім алып, 3,5 млн пайда тапты. Тұқым мәселесін шешу өзімізде шешіліп, жоғары кондицияға жетті. Қой-ешкі 113296, құс ірі қара 21581, жылқы 5453, түйе 678 басты құрады.
Бір жыл ішінде ауыл шаруашылығы бағыты бойынша 1000 адам жұмыспен қамтылды. 200 майда шаруашылық 25 ірі шаруа қожалықтарына бірігіп, егістен мол өнім алуға қол жеткізді.
Жаңарық пен Төменарықта ірі қара мал басын асылдандыру пунктері ашылды. 2001 жылы қара малды қолдан ұрықтандыру басталды. «Ынтымақ», «Бақытжан» сынды асыл тұқымды мал шаруашылығының негізі қаланды. Шаруаға ынталы азаматтар қатарының артуы нәтижесінде сол жылдары облысқа тиесілі 100 млн теңге несиенің 29 млн-ын Жаңақорған ауданы шаруалары еншіледі. Мал тұқымын асылдандыру бағытында Ұлттық Академияның Аграрлық зерттеу орталығымен бірігіп малды күтіп-баптау ғылыми негіздемелерін жасау қолға алынды.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде аудан 2001 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өндірісінде үшінші, 2002 жылы екінші орынға тұрақтады. 41 күріш өңдейтін, 15 ұн тартатын, 6 май сығатын, 1 мал өнімін өңдейтін цех жұмыс істеді. Оларда 79 млн 160 мың теңгенің өнімі өңдеуден өтті.
Осы жылдары облыста тұңғыш рет біздің ауданымызда ауылдағы шаруаны несиемен қамтамасыз ететін корпорация - «Қамқоршы» несие серіктестігі құрылды.
Бюджет кірісі 106 пайызға артып, кәсіпкерлер 20,2 млн теңге инвестиция салды.
Шаруашылықты жаңа деңгейге көтеру үшін елді мекендерді абаттандыру жан-жақты қолға алынды. Кентті жарықтандыру, су құбырларын тарту бойынша нақты жұмыстар атқарылды.
Нарықтық қатынастар заңдылығына сүйенсек, ел тұрмысы тіктелу үшін орта және шағын кәсіпкерлік кең қанат жаюы керек. Бұл мәселеде облыстағы жеті ауданның ішінде кейіндеп қалған жағдайымызды оңалтуда көп жұмыстар атқарылды. Осы ретте аудан басшысы Нәкеңнің кісілермен тез тіл табысқыш елгезек қасиеті кәдеге асты. Елдегі қалталы деген жеке азаматтармен жан-жақты келісімге келіп ынтымақтаса жұмыс жүргізудің арқасында халыққа тұрмыстық және мәдени қызметтің тұғыры тіктеле түсті. Жеке кәсіпкерлер Сәпен Сариев, Ерлан Бердиев, Бану Молдашева сынды жеке кәсіпкерлер «Әнуар», «Фараон», «Мирас» тойханасын іске қосты, Ғалия Тұрабаева «Нан-Береке» наубайханасының жұмысын жолға қойды. Орталықтағы «Нұр» базарының ішкі келбетін ретке келтіру талабы қойылып, сауда сөрелері жаңартылып, қызмет мәдениеті қалыптасты.
2002 жыл облыс бойынша «Денсаулық жылы» болып белгіленді. Осы орайда аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерді де дәрігерлік нысанмен қамтамасыз ету аса маңызды еді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмейтін күрделі кезеңде бюджетке иек арту тиімсіз, сондықтан ауыл халқы болып шамалап бөлінген қаржыға бастау алған әр іске қарқын дарытып, көп болып көмегін аямады. Денсаулық жылында асар әдісімен 2 селолық аурухана, 1 медициналық нысан, 7 ФАП, 2 емхана салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев осы жылы «Денсаулық жылының Үздік аудан әкімі» аталып, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Елдің мәртебесі мәдениетінен танылады. Өнерді бағалайтын руханият жанашырының бұл бағытта ауыл өнерпаздарына деген қамқорлығына өз көзімізбен куә болдық. Аудан өнер саңлақтарының сахналық киімдерін жаңартудан бастап мәдениет үйлерінің талапқа сай жабдықталуына барынша жағдай жасады. Орталықтағы «Арман» клубы толықтай жөндеуден өтті.
Ауылда 2 жаңа клуб салынып, 7 клуб жөндеуден өтті.
Дәнді дақылдарды әртараптандыру бағытында Шалқия, Қыркеңсе, Ақүйік ауылдық округтерінде суармалы жерді тиімді пайдаланып, суды аз талап ететін әрі өнімділігі жоғары майлы және техникалық өнімдер егіліп, көкөніс және бақша дақылдарының көлемі артты. Нақтылап айтқанда, 2002 жылы 470 га мақта, 22 га қант қызылшасы, 2415 га майлы дақылдар, 450 га картоп егілді. Бидай егістігі екі есеге көбейді.
2003 жылы 7050 га жерге күріш егіліп, гектарынан 45 центнерден өнім жиналды.
Осы жылы сәуір айында өткен облыстық мәслихат сессиясында 30 жыл иесіз жатқан К-1, К-2 су қашыртқылары каналдарын облыстық су шаруашылығы басқармасының қарауына өткізуге қол жетті. Оның құрылысы 2004 жылы бюджетке ендірілді. Бұл да болса әкім Н.Мұсабаевтың қажырлы жүргізген жұмысының жемісі деуімізге болады.
2002-2005 жылдар елімізде «Ауылды түлету жылы» болып белгіленуі ауданда қолға алынған қанатты жобаларға қарқынды еселеді. Әлеуметтік, өндірістік инфрақұрылым дамыды.
2002 жылы 907 кәсіпорын нысан тіркелді. Онда 5930 адам жұмыс істеді. Осының нәтижесінде ел бюджетіне түсімнің көлемі екі есеге артты. Жұмыссыздық азайды.
Кенді Қаратау жотасында мырыш, қорғасын, алтын, кадмий, гранит, доломит, гипс, фосфор, қиыршық тастың мол қоры бар. Осыны өңдеу, игеру жұмыстары өндірістің тынысын ашты. Өгізмүйіс, Талап, Шалқия, Ақтөбе карьері іске қосылды. «Қызылорда жолдары» АҚ күшімен қиыршық тас өндіру қызу қарқын алып, Қызылорда-Жезқазған жол құрылысына тас жөнелтіле бастады. 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Табиғи қиыршық тас өндіруде «Өтеміс», Қыран ЖШС тас зауытында 2003 жылдың бес айында 4,3 мың текшеметр тас өндірілді.
Өндірістің жолға қойылуы ауыл кадрларының әлеуетін арттырды.
Аудан басшылығы сонымен қатар жергілікті жердегі атқарушы органдардың ролін көтеруге баса ден қойды. Мамандарды жан-жаққа іссапарларға жіберіп, жаңа технологияны ендіру бағытында да ізденісті жұмыстар атқарылды.
Білімді ұрпақ – елдің бағы. Жаңа мектептер салу, балабақшалар ашу міндеті өзекті кезеңде қазына қаржысының таяздығы тағы да көп іске қолбайлау болғаны рас. Бірақ аудан басшысының тынбай министрліктерді жағалап, жағдайды нақты жеткізе білуінің арқасында жоғары жақ арқылы күрмеулі мәселелердің біразы шешімін тапты. 2003 жылы «Алпамыс» балалар бақшасы санаториясы екі қабатты жаңа ғимараттан орын алды. Аудан орталығындағы №5 «Балғын» балалар бақшасын «Харрикейн-Құмкөлмұнай» мекемесі қамқорлығына алып, жәрдем жасап отырды.
Шағын кәсіпкерлік – аудан бюджетін дотациядан құтқарудың төте жолы екені рас.
Осы жылдары Шалқия кен орнының қайта іске қосылуы да өңір өндірісіне серпін әкелді. 260 адам жұмыспен қамтылды.
2001 жылмен салыстырғанда облыста өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 33 пайызға артып, жүк айналымы 12 млн-нан 55 млн-ға артса, онда Жаңақорғанның айрықша үлесі болды.
Осы жылдары ауданға келген сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі А.Есімов әкімнің жұмысына оң бағасын берді.
2001 жылы тұрғын үйге 8870 мың теңге инвестиция салынды. 1 мектеп, 19 тұрғын үй салынған болса 2002 жылы Тұрғын үй құрылысына 13020 мың теңгенің инвестициясы тартылды. Барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдардың күшімен 19 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс басшылығының «Жас мамандарға – 1000 баспана» бағдарламасы бойынша асар әдісімен тұрғын үйлер салу бастамасы қолға алынды. Осы жұмысты аудандар арасында нақты іске асыра алған Жаңақорған ауданында сол кезеңде 100 баспана асар әдісімен салынды. Тұрғын үйлер ғана емес жаңа мектеп үйіне аса зәру Қосүйеңкі, Құттықожа, Қыраш ауылында халық болып қолға алып №161, 164,160 мектеп орнына жаңа ғимараттар бой түзеді. Бас-аяғы он мектеп асар әдісімен пайдалануға берілді. Келінтөбеде 14 үй, Келінтөбеде он екі, Қыркеңседе 7 үй, Түгіскенде он үй салынды.
2003 жылдың 1 қыркүйегінде Жайылма ауылында №55 мектеп жаңа ғимаратқа көшті.
Нәжмадин Мұсабаев жастар тәрбиесінде мәдени-көпшілік шаралардың ролін жоғары бағалады. Жаңақорған ауданы бойынша түрлі сала өкілдерінің облыстық деңгейде өтетін маңызды шараларға қатысуына тікелей ықпал жасап, қамқорлық жасап отырды.
Түгіскен ауылында өткен Мұрат Әбенов жүргізген «Ауыл жастары – ұлт болашағы» деген облыстық шараға сол кездегі аймақ басшысы Нұрғисаев Серікбай Өрікбайұлының өзі қатысып, жастармен емен-жарқын пікір алмасқанын ұмыта қойған жоқпыз. Әкім бастамасымен ауданымыздың мақтанышы, өнер саңлағы Манап Көкеновтің 75 жылдық мерейтойында республикалық ақындар айтысын өткізуі, осы жылы Адырбек Сопыбековтың «Манаптың бір өзі бір театр» атты кітабын шығарып беруі өнер адамдарына құрметінің дәлелі болса керек.
Осы жылдары Төменарық ауылындағы №53 мектептің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Оған Елтаңба авторы Жандарьек Мәлібеков арнайы келіп қатысып, Төменарық ауылы бейнеленген геральдикалық белгіні тарту етті. Түгіскен ауылында Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Әнуар Әбутәліповтің 80 жылдық мерейтойы, Түгіскен массиві игерілуінің 35 жылдық мерекесі салтанатты атап өтілді.
Жалпы, Жаңақорған ауданының тарихы таспаланған «Келешегі кемел аудан» энциклопедиялық жинағы осы жылдардың жемісі.
Нәкең мемлекеттік мәртебесі бар мерекелік шараларды атап өтудің маңыздылығы бір бөлек, ел ішіндегі түрлі басқосулардың да тәрбиелік мәніне терең мән беру қажеттігін назардан тыс қалдырған емес. Реті келсе, ешкімді алаламай арнайы барып, елдің қуаныш-қайғысын бірге бөлісуді азаматтық парызым деп түсінді. Нәкеңнің Жаңақорған ауданында болсын, басқа да қызмет атқарған лауазымды орындарда халықтың ілтипатын бөленіп, ойға алған барша тірлігінің оңынан жүруіне осы бір қадір-қасиеті де көп демеу болды деп айта аламыз. Халық – жердегі Құдайдың бір аты дейді ғой. Ол кісі қашанда көппен бірге болып, тыныс-тіршілігін болмысымен зерделеді, жан-дүниесіне терең бойлады. Сондықтан да оларға ең бірінші кезекте қажетті шешімдерді қабылдады. Оны іске асыруда тағы да көпшіліктің жұмыла еңбектенуіне ерен күш жұмсады. Өзі көзі жеткен, көңілден өткерген жайларға қолұшын беруде аянбай, қайырымдылық қадамдарға көп баруына да осы ұстанымы ықпал етті. Әлі есімде, аудан орталығындағы Исаевтар отбасына қазаға көңіл айтып барып, бір үйде үш келіннен өрген он алты жан өмір сүріп жатқан жағдайларын өз көзімен көріп, қайырымдылық қор есебінен баспана бергізуге шешім шығарып еді. Оның осындай жақсылықтарын бұл елдің халқы әрдайым айтып жүреді.
Бәрінен бұрын Нәжмадин Түркбенұлының Жаңақорған ауданын басқарған төрт жылда өңіріміздің алдыңғы орыннан танылуына атқарған таудай еңбегін ел ұмыта қойған жоқ.
2004-2010 жылдары Арал ауданын басқарған жылдары да біздің ауданда жинаған іс-тәжірибесін одан әрі жалғастырып, экологиялық ахуалы ауыр аймақтың өзін адам күшімен жайқалтып, жасыл желекке бөлеуге болатынына жұртшылықтың көзін жеткізді. Ол кісінің бүкіл еңбек жолында осы қағидадан таймай қай жерде тер төксе де табанды іс-қимылымен қажырлы еңбек етіп, мемлекетіміздің гүлденуі жолында ортақ игілікке қосқан үлесін сырбойылықтар түгел мойындайтыны сондықтан.
Жақсылықтың жолы ұзын. Жаны жақсылық жасауға бейім тұратын үлкен жүректі жандардың шапағаты мол, ой-арманынан нұр еседі, басқан ізінен гүл өседі. Нәжмадин Мұсабаевтың басқару стилі, білімдарлығы, шешендігі, қандай тақырыпта болмасын қағазға қарап сөйлеуді ысырып қойып, өзінің өмір бойы жинаған тәжірибесі негізінде нақты тұжырымдарға сүйеніп қана пікір айтатын қарым-қабілеті біздің көбімізге, ізінен ерген жас кадрларға да дайын университет сынды болды дей аламын.
Басшы болу дегеніміз – мансабына сүйеніп қарамағындағыларды дәреже құзіретімен, қаталдығымен жасқап отыру ғана емес, жан сұлулығымен де тәрбиелеудің тамаша үлгісін Нәкеңнің бойынан көріп, көп үлгі алдық десек жаңылыспаймын. Осы жерде мына бір тәмсіл есее түседі: «Осман мемлекетінің негізін қалаған Осман қазы бата сұрай келгенде Әдебалы әулие оған: «Ұлым, енді бек атандың. Бұдан былай ашу бізден, сабыр-сізден, ренжу бізден, басалқы айту-сізден, кінәлау бізден, төзу – сізден, жаңылу бізден, кешіру сізден, жанжал – бізден, әділет – сізден, бөліну бізден, біріктіру – сізден, кері тарту бізден, кемелдік, қанаттандыру – сізден. Осы жолда жүгіңді жеңілде тер күш -қайрат, ақыл мен жүрек тілеймін» деген екен. Осы жеті жүз жыл бұрын айтылған өсиет бүгін де өзекті. Халық деген сан қырлы мінезді, сан түрлі сапалы, жоғары-төменгі деңгейден тұратын адамдардың тобы. Бірі жылатса, бірі жұбатады. Бірі етектен тартса бірі мерейлендіреді. Нәкең де жұмыр басты пенде ретінде көптің осындай талқысынан өтіп сыналды, шыңдалды. Қай кезде де Абай атамыз айтқандай, өзіне сенді, өзін алып шығар қайраты мен ақылына арқа сүйеді.
Нәжмадин Түркбенұлының еңбек жолындағы дәйім берекеге қауыштарған бейнетті жолдары құр кеткен жоқ деп сеніммен айтуға болады. Оны ең бірінші елі бағалады. Үкімет ескерді. Жоғары дәрежелі марапаттарды иеленді. Ол Қызылорда қаласының, Арал және және Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қазақстан балық шаруашылығы еңбек сіңірген қызметкері атақтарын иеленген. Еңбектегі зор жетістіктері үшін кеудесіне «Құрмет», «Парасат» орденін қадады.
Бүгінде жетпістің бесеуіне толып отырған қоғам қайраткері әлі де ел өмірінен тысқары қалмай, өңірде атқарылып жатқан іргелі істердің басы-қасында өзінің бай болмысы, баталы тілегімен жар болуға ұмтылып, дәйім жақсылығымызға тілектес жан ретінде көптің алдында жүргені сүйсінтеді. Жаны асыл ағаға деніңіз сау, ел алдындағы құрметіңіз еселене берсін деген жарқын тілегімізді жаңақорғандықтар атынан жеткізгім келеді.
Серхожа Ыдырысов,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы