Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ер есімі ұлықталды

Ер есімі ұлықталды


Сыр бойының серпінді қадамына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері – Есалы Тұрсынбайұлы өмірден өтсе де өшпес өнегесі оңтүстікте әліге дейін аңыздай айтылады. Бірнеше шаруашылықты, мекемені басқарған біліктілігін, әр саладан жиған білімділігін көзін көргендер әлі күнге дейін еске алып отырады. Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Еңбек ардагері, ауылшаруашылығы саласының үздігі Есалы Тұрсынбаевтың құрметіне берілген көшеге орнатылған белгінің ашылу салтанаты және еңбек ардагерін еске алуға арналған жасөспірімдер турнирі өтті.


Ауданымыздың тоқсан бес жылдық жылнамасында өлшеусіз еңбегімен ізі қалған еңбек адамдарын дәріптеп, есі­мін қайта жаңғыртып келеміз. Еліміздің басына түскен қилы тағдырды еңсеріп, еліміздің еңсесін тіктеуі үшін білек сыбана еңбек етіп, бірлік үшін бар жиғанын тәрк еткен арлы азаматтардың дара жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Міне, осындай бейнеткеш азаматтың қатарында Есалы Тұрсынбайұлының тұлғасын жатқызуға болады. Ғұмырнамасын тарқата айтар болсам, 1936 жылы Өзгентте қарапайым отбасында дүниеге келді. Шаруа баласы өзінің қатарластарына қарағанда еңбекке ерте араласып, ауылшаруашылы­ғы­ның қыр-сырын ұқты. Мектепте үлгілі оқу­шы болып, алғырлығымен көзге түс­кен. Талапты ұл Ташкент қаласындағы игрригация институтының инженерлік мамандығына оқуға қабылданып, 1962 жылы тәмамдады. Білікті жасты оқу орны жолдамамен Ақтөбе облысына инженер-механик етіп аттандырады. Осылайша еңбек жолы басталады. Сол өңірде 1963-1967 жылдар аралығында бас инженер қызметін абыроймен атқарды.
Туған жердің игілігі үшін еңбек етуді бала жастан армандаған ол 1967 жылы Келінтөбе ауылының бас инженері болып келеді. Ол кезде мұнда жер игеру науқаны қарқынды жүріп жатқан еді. Егін шаруашылығында ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, 1973 жылға дейін табанды еңбек етті. Келінтөбенің тіршілігі тұрақталғаннан кейін 1973-1981 жыл аралығында Өзгент кеңшарының бас инженері қызметіне келді.Одан кейін 1982 жылы «Сельхозхимия» мекемесінің бастығы, 1982-1994 жылдары Задарья кеңшарының директоры болды. Осы кезеңде бұл ауыл облыстағы үздік ауыл атанды. Осындай абройлы еңбегін ел әлі де ұмыта қойған жоқ. Қарапайым еңбек жұмысынан сатылап көтеріліп, ауыл директоры атану екінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ десе болатындай.
Жары Маруся Сағынбаева көп жылдар бойы балабақша саласында меңгеруші болып, білім саласының ардагері атанды. Бір шаңырақ астында тәрбиелеп өсірген 7 перзенті де ел игілігі жолында әр салада өз белес­терін бағындырып, әкенің абыройын асқақтатып келеді.
Міне, осындай еңбек ардагері Есалы Тұрсынбайұлының құрметіне Әбдіғап­пар ауылындағы көше белгісінің ашы­лу салтанаты өтті. Салтанатты шара­да аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы бастаған ел ағалары сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді.
– Ауылшаруашылығы саласының үздігі Есалы Тұрсынбаевтың есімі елге таныс. Оның сан салада атқарған еңбегі, адами асыл қасиеті, болмысы көптің есінде мәңгі сақталады. Біз осындай еңбек адамдарын дәріптеу арқылы елді ауызбіршілікке, еңбексүйгіштікке баули аламыз. Ауданымыздың тоқсан бес жылдық мерей тойымен тұспа-тұс келген Құрмет белгісінің ашылуын халық жақсы ырымға балап отыр, – деді ол.
Игі шара әрі қарай Еса­лы Тұр­сынбаевтың рухына арналған спорт­тық іс-шараға ұласты. Жаңақорған ауданы әкімдігі мен аудандық мәдени­ет және спорт бөлімінің қолдауымен, Түгіскен ауылындағы №8 ОРМБЖМ-нің ұйымдастыруымен Еңбек ардагері Есалы Тұрсынбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Ауылшаруашылығы саласының үз­дігін еске алуға арналған шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы Есалы Тұрсынбайұлының кезінде өңіріміздің ауылшаруашылы­ғына қосқан үлесіне және ауданы­мызда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараларға тоқталып, өткелі отырған турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Нұртазаев Бақыт ағамыз да Есалы Тұрсынбаев тура­лы жағымды естеліктерімен бөлісіп, бозкілем балуандарының жеңіс тұғы­рынан көрінуіне тілектестігін білдір­ді. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Еңбек ардагері Есалы Тұрсынбаевтың жан жары, аяулы анамыз Маруся апамыз да қатысып, азаматын қадірлеп еске алып жатқан азаматтарға отбасының атынан алғысын білдірді.
Еңбек ардегері Есалы Тұрсынбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирде жас спортшылар қомақты жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, 38 кг салмақта Ахмет Марлен 3-орын, 60 кг салмақта Рахман Жасқайрат 3-орын, 75 кг самақта Байзақ Қажымұхан 2-орынға табан тіреді. Жаттықтырушысы Нұрдаулет Тұрсынқұлдың еңбегі де елеусіз қалмады.

ТҮЙІН. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деген сөз осындайда тілге орала кетеді емес пе? Өзі кетсе де, елге еткен еңбегі өлмейтін ерлердің ісін де, ізін де кейінгі ұрпаққа дәріптеудің бұл да бір көрінісі.

Мақпал МАРҚАБАЙ
20 қыркүйек 2023 ж. 615 0