Тіл – ұлттың қазынасы
Әрбір ұлттың баға жетпес байлығы, қастерлі қазынасы ол өзінің ана тілі. Ананың ақ сүтімен келген тілдің құдыретін түсініп, арда тұту, тұғырға шығарып, аялап, ардақтау әрбір азаматтың перзенттік парызы саналады. Қазақ тілі — халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы.
Сондықтан ана тіліміздің қасиеті туралы қанша айтсақ та артық болмайды. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.
Қай елдің болмасын өз тілі қай кезде болмаса да қадірлі, қастерлі болмақ. Сондықтан да «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл – әр халықтың жүрегі саналады. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы.
Әр елдің бұрынғысы мен бүгіні, болашағы да оның тілімен тікелей сабақтасып жатыр. Сондықтан «тіл – тарихтың күретамыры» деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі сары құрлықты билеп-төстеген сонау сақ дәуірінен бастау алып, ғұндар ғұрпынан қанат қағып, Керей мен Жәнібек жеке-дара байрақ көтерген мезеттен жалғасып келе жатқан қазақ тілі біздің бар болысымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды айшықтап отыр.
Қаншалықты кемшілік пен кедергілер жолықса да қазақ халқының ұлттық болмысы, рухани жадысы аманда – ана тіліміз де ғасырлардан ғасырларға аяқ басып, Мәңгілік тұғырына көтеріле берері ақиқат. Осы жолда сіз бен біз болып әрекет жасауымыз қажет. Тіл тұғырын бірге көтере берейік.
Ермұханбет ӘБДРАМАНОВ,
Жаңақорған ауданы полиция
бөлімінің тәрбие және кадр жұмысы
тобының инспекторы полиция капитаны