Мәңгілік ел тұғыры ұлттық тілде
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын құндылықтың ең бастысы – тіл». Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тіл мәртебесіне қатысты айтқан өнегесі. Иә, тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны, елдің рухани негізі. Ұлттың тірегі, рухы мен намысы. Сондықтан қазақ тілінің бүгіні аға буынның, келешегі біз секілді жастардың қолында.
Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған жолдауында «Тіл елді ұйыстыратын құрал болуы тиіс» дей келе, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деді.
Осы тұрғыдан алғанда бүгінде Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдері қазақ тіліне деген құрметін көрсетіп келеді. Жаңақорғанда тұратын 29 түрлі ұлт өкілі ана тілде сөйлейді, жазады. Міне, тіл мәртебесінің өркендеуі осындайдан басталады.
22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күні. 1991 жылы Тәуелсіз ел болғасын, бірден Ата Заңымыз, Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз бекітілді. Егемендіктің арқасында халқымыз туған ана тілімен қайта қауышқандай болды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Туған тілімізді сақтаудың және дамытудың өзегі – Тіл туралы Заң болса, оны орындау – баршаның міндеті. Қазақ тілі – біз үшін қастерлі құндылық. Осыдан 27 жыл бұрын қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Әрине, мемлекеттік тілдің рөлі жоғары. 2000 жыл бұрын тасқа қашалып жазылған алғашқы жазу жастарға арналған екен. Олай болса, ел болашағы жастарға жүктелер міндет көп. Ең алдымен, жастардың белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру – болашаққа деген жарық жол болмақ.
Тіл – әрбір ұлттың байлығы әрі мақтанышы. Атадан балаға мирас болып қалатын баға жетпес мұрасы. Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақов Дулатов сынды қазақтың біртуар ұлдары ана тілі үшін күресіп, оны кейінгі ұрпаққа аманат етіп кетті. Осы орайда, Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзі ойға оралады. Олай болса, туған тілімізді қадірлеп, оған құрметпен қараған абзал. Қазақтың болашағы қазақ тілімен ғана мәңгілік болмақ. Ал біз осыған қызмет етуіміз міндет.
Тілге құрмет – қазаққа, елге құрмет. Ана тіліміздің асылын ардақтап, қадірлей білсек ата-бабалар рухына адалдығымыз емес пе?! Оның әлемдегі тілдер арасынан ойып тұрып орын алуы – баршамыздың арманымыз. Ең бастысы, қазіргі жаһандану кезінде ана тіліміздің жойылып, жұтылып кетпеуі үшін күресуіміз керек.
Сонымен қорыта келе, тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып, қалып отыратын баға жетпес мұра. Ұлттың ұлылығы ұлттық құндылықтарымызда десек, оның ең қастерлісі – тіл екенін естен шығармауымыз керек. Қазақта «тілі жойылған халықтың өзі де жойылады» деген даналық бекерге айтылмаған, сондықтан ана тілімізді ардақтай білейік.
Балжан Жаңабаева.