МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ МАРАПАТ БИІГІНДЕ
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен марапат алғандардың қатарында аудан өнерінің өркендеу жолында еңбек сіңірген мәдениет майталманы, әнші Әбсұлтан Бексұлтанұлы да бар.
Ата көрген – тон пішер» – дейді. Осы тәмсілді әркім өз пайымына қарай топшылайды. Міне, осы даналық бүгінгі кейіпкерімізге арналып айтылғандай. Бұл сөзімнің төркінін ойлы оқырманның ә дегеннен аңғаратыны анық. Өйткені Әбсұлтан ағаны танымайтындар кемдекем. Әнші ағаның есімі аталғанда аты аңызға айналған әкесінің есімі қатар еске түседі. Әке жолын шамшырақ етіп ұстанған, өнер жолы өнегеге толы әнші марапаттың қандайына болсын әбден лайық. Ташкент шаһарындағы педагогикалық институттың музыка факультетінің «Баян» бөлімін бітірген Әбсұлтан әкесінің көзі тірісінде ән айтпаған. Оның бойына осынау қасиеттің қонуында бір тылсым сыр бар. Бала күнінде әуезді әннің байыбынан бара қоймаған кейіпкеріміз әкесінің көзі кеткен соң қасиетті өнердің төл бойына қонақтауын әке аманаты, Алланың маңдайына берген бағы деп біледі. – Әкемнің көзі тірісінде ән айтқан емеспін. Бірақ баянда ойнайтынмын. Үйде ешкім жоқта есікті жауып, айнаға қарап тұрып баян тартатынмын. Бір күні барлығы жұмысқа кеткенде есікті ілуді ұмытып кетіппін. Айнаның алдында бар ықыласыммен аспапта ойнап тұрғанымда кабинетінің кілтін ұмытып кетіп, үйге қайта оралған әкем менің өнеріме куә болып, «Балам, сен баянды менен де артық ойнайды екенсің», – деген еді. Сол бір қаралы күні Қызылорда қаласында ақындар айтысы өтетін болып, әкемдізді шығарып салып, ертесіне табытпен күтіп алу біз үшін өте ауыр соққы болды. Сонда асқар тауымды жоқтап тұрып бірнеше мәрте есімді жоғалтып, айналамның зәресін алыппын. Әкемді жер қойнауына тапсырғаннан кейін бір түн өтісімен таңертең оянғанда «Ақ баян», «Ақ гүлім», «Ақшолпан» деген үш әнін жатқа біліп ояндым. Өмірінде ән айтпаған адам үшін бұл ғажап дүние болды. Араға уақыт салып, әкемнің 100 күндігі өткеннен кейін бұрышта тұрған 5 қатарлы баяны шаң басып қалмасын деген ниетпен қолыма алып, ән айта бастадым.
Алғашында сахнаға өзім сұранып шықтым. Көрермен ыстық ықыласын білдіріп, жақсы қарсы алды. Міне, содан бері 30 жыл өтті, киелі сахнада жүрмін. Негізі, әкемнің 180-ге жуық әні бар, оның 60-тан астамын жатқа білемін. Сахнаның киесі мен халықтың ықыласынан болар, кейде қанша ән айтсам да шаршамаймын, – дейді әнші. Ұлттық мереке қарсаңында аймақ басшысының қолынан Мемлекет басшысының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алған өнерпаздың бұл алғашқы марапаты емес. Осыған дейін мәдениет саласындағы еңбегі үшін бірнеше «Алғыс хаттар» мен наградалар, «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін» медалі мен «ҚР Мәдениет саласының үздігі» мәртебесіне ие болған. Дегенмен өнерпаз бәрінен бұрын халықтың қошеметі ең үлкен мінбер екенін жасырмады. – Менің еңбегімді бағалап, елеп-ескерген басшыларға алғысым шексіз. Осыдан 3 жыл бұрын Мұрат Жолкелдіұлы мені «Мәдениет саласының үздігіне» ұсынған еді. Бірақ мен ол кезде аталмыш марапаттан бас тарттым. Өйткені ауданда өнерге менен артық еңбегі сіңген, менің әкемнен де үлкен Бәден Айсынов аға бар. Ол кісі кезінде Бибігүл Төлегеновалармен қатар жүріп, сонау Париждің төрінде өнер көрсеткен. Осындай асқар ағалар барда алдына шығып менің марапат алғаным інілігіме, адамдығыма сын деп жолымды ағамызға берген едім. Бірақ халық арасында «адамның пейіліне қарай несібесі бөлінеді» деген сөз бар ғой. Кейіннен құзырлы орындағылар мені ұсынып, аталмыш марапатты иемдендім. Жалпы, мен үшін марапаттың ең биігі халықтың ықыласы, жүрген жерімде әкемнің атының аталуы, есімінің өшпеуі ең үлкен марапат. Мәселен, сахнаға шығарда есімімді хабарлайтын уақытта «30 жыл әкесінің баянын ұлықтаған, атақты сазгер Бексұлтанның ұлы», – деген сөз мен үшін ең үлкен жетістік. Өйткені менің бойымдағы барым, әкемнің аманаты деп білемін, – дейді Әбсұлтан Бексұлтанұлы. Шығармашылық адамының өмірі қашан да қызықты оқиғаларға толы екені рас. Әсіресе, аты күллі елге жетіп тұрған Бексұлтан Байкенжеевтей композитордың өнер жолында түрлі оқиғалардың болғаны анық. Әбсұлтан ағай әкесінің қасында жүріп куә болған бір оқиғаны есіне түсіріп, бізге айтып берді: – Әкем барда өнер адамдары үйге көп келетін. Ол кезде біз оқушымыз. Аядай ғана үш бөлмеде тұратын едік. Бірақ пейілдің кеңдігі ғой, сол шаңырақтан Роза Бағлановадан бастап, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев, Нағима Есқалиева секілді қазақ жұлдыздары дәм татты. Ал, ақын Адырбек Сопыбеков болса әкемнің нағашысы. Көп әндеріне сөз жазып берген де осы кісі. Екеуі бір-бірін тілсіз ұғынатын. Ол уақытта мәдениет қызметкерлері шипажайда 24 күн демалатын. Бір жолы кезекті демалысқа әкем Ыстықкөлге кетті. Қырғызстаннан келгенде пойыздан түсісімен заттарын асығыс қойды да мені ертіп Адекеңнің үйіне бардық. Қырғыз елінде әкемнің шабыты оянып, ән жазыпты. Сол әнге сөз жаздыру үшін барған екенбіз Сонда Адекең әлгі әнге бар-жоғы 2 сағаттың ішінде сөзін жазып берді. Міне, қазір құдалықтойлардың төлқұжатына айналған «Құда болып жүрейік» әні осылай дүниеге келген еді. Тыңдасаңыз әннің сөзінде: «Жанып тұрған жұлдызсың, Қызысың ба қырғыздың? Қатар қонған ел едік, Түлегі бол сен біздің», – деген жолдардың екі ел арасындағы туыстық қарым-қатынасты насихаттап тұрғанын аңғаруға болады, – деді. Кейіпкеріміз әкесінің әндерінің қазақ елінде ғана емес, алыс-жақынды шет елдерге кең тарағанына қатты қуанғанын да жасырмады. Қытайға жолы түскен бір сапарында сол елдегі қандас бауырларымыздың Бексұлтан ағаның «Ақ баяны» мен «Ақ гүлімін» жатқа орындап, қазақ балаларына үйретіп жүргенін естігенде төбесі көкке бір елі жетпей балаша қуанған. Туған жер өнері мен мәдениетінің өсіпөркендеуіне өз үлесін қосып, бүгінде Бексұлтан Байкенжеев шығармашылық ұжымының музыкалық жетекшісі қызметінде жүрген Әбсұлтан ағай әкесіне арнап еске алу кештерін өткізіп келеді. Мәселен, 2014 жылы әкесінің 65 жылдығына орай Алматы қаласында сазгерді еске алу кеші өтіп, шарада эстрада жұлдыздары Бексұлтан Байкенжеевтің әндерін орындады. Ал, 2019 Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 70 жыл толуына орай әнші-сазгерлер арасында «Сырдария» атты республикалық байқау өтті. Биыл сазгердің туғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай, екінші рет «Сырдария» республикалық байқауы қарашаның 13-жұлдызында аудандық мәдениет үйінде өткелі отыр. Бұл жолы сайысқа елдің 14 облысынан 20 мен 40 жас аралығындағы сырнаймен ән орындайтын әншілер қатысады. Өнер байқауына Дүйсенхан Сыздықов, Бексұлтан Байкенжеевтің төл шәкірті Сауран Елеуов, композитор Сәбит Ұлықпан мен Бағдагүл Есмұрзаева қонақ ретінде шақырылды. Әбсұлтанның өз балаларынан ізін басқан өнерге жақын өрендер бар ма екен деген сауалдың болуы заңды. Алланың берген екі перзенті бар. Тұңғышы Тоғжан заңгер, ұлы Жансұлтан медицина саласының маманы. Ал, өмірлік жары Маржан Омарбекова 30 жылдан бері ағарту саласында қызмет жасап жүрген ұлағатты ұстаз. Дегенмен әншінің ізін басқан шәкірттері аз емес. – Өз балам өнер жолын таңдамаса да, немере інім, әкемнің туған інісінің баласы Ердәулет Өтепбергенов өнерде жүр. Ердәулетті кішкентайынан өзім өнерге баулып келемін. Қазір Қосүйеңкі ауылы клубының сүйемелдеушісі болып қызмет жасайды. Ал қызым Тоғжан 8-сыныпқа дейін қасымда ән айтты. Қазір кәсіби тұрғыда әнші болмаса да өте керемет ән айтады. Бірақ басқа саланы өзі қалады. Бастысы балаларым қай салада қызмет атқарса да өз ісінің маманы, – дейді ол. Иә, әке есімінің ұлықталғанын барлығынан биік көретін Әбсұлтан Бексұлтанұлы адал перзент, әке аманатының жанашыры. Оның аузынан шыққан әр сөзінен, айтқан естеліктерінен әкесіне деген құрметтің лебі есіп, сағыныштың сарыны сезілді. «Әке көрген – оқ жонар», – деген осы болар...
Айсұлу Алданазар