Ән әлемінің бәйтерегі
Кешке композитордың ұлы Әбсұлтан Бексұлтанұлы, Уәли Ибрагимов қатысып, оқушылармен қосыла керемет әндер шырқады. Кеш шымылдығын Әбсұлтан Бексұлтанұлы алғы сөзін жеткізді.
– Әуелі осындай бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындататын білім ордасы «Қыран» негізгі орта мектебін ашып, балалардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік туғызып отырған Сәуле Жорабекова мен Шолпан Мәжитова апайларға алғысымды білдіремін. Мен өзі әкемнің көзі тірісінде бірге ән орындаған жоқпын. Өмірден қайтқаннан кейін қара баяны бұрышта шаң басып қалмасын деп, әндерін жаттап, әке жолын жалғап келемін. Есімде қалған бір көрініс. Бір сахнада жүрген әкемнің замандасы Әлмырза Ноғайбаев қызы Ақмаралды өзімен ән айтқызып, киелі мекеннің әдебімен таныстырып жүреді. Мен де сол уақытта әкемнің баянын көтеріп бірге жүретінмін. Сонда Әлмырза аға әкеме қарап «Бәке, неге Әбсұлтанды өзіңмен бірге сахнаға шығармайсың?» дегенде әкем маған қарап «Менің балам әлі өзі шығады» деп қысқа қайырды. Бала жүрек ештеңеге мән бере қоймадым. Сол сөз қаншама жыл өтіп осы уақытта ойға оралады. «Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме, әкемдей бола алмасам да, өнері өшпесін деп халыққа насихаттап жүрмін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демей ме ұлы өнердің рухын биік ұстаған Бексұлтандай әкеміздің ізін жалғап, әндерін қаймана қазаққа насихаттап жүрген жайымыз бар, – дейді ол.
Сондай-ақ, сырдың топырағында өніп-өсіп, қазақ халқына өшпес мол мұра мен қалдырып кеткен Бексұлтан ән мен жырды бәрінен жоғары қойып, шағырмашылыққа жан-тәнімен берілген жан еді. Содан болар ол 450-ге жуық ән жазса, оның 80-нен астамы бұл күндері кең байтақ егеменді еліміздің ауыл кештерінде болсын сахна төрінде болсын асқақ сезіммен орындалып келеді, – деп еске алады сазгерлік пен ақындықты қатар алып жүрген Уәли Ибрагимов.
– Иә, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында үлкен шыңдардан көрініп, бірталай өнерпаздың өнер әлемінде қанаттануына жол ашқан, талайлардың сүйікті әншісіне айналған сазгер Бексұлтан Байкенжеев көзі тірі болғанда биыл 73 жасқа толар еді. Қазақ өнер десе абыройы асып, мерейі өсетініне өне бойына ән-жырды дарытып, ән әлемінде баяны қолынан түспеген, ән қанатында қалықтаған сазгердің бірі әрі бірегейі десек артық болмас. Зымырап өтіп жатқан күндер-ай десеңізші. Өнер әлемінде өшпес із қалдырған ағамызды осылай еске алып, жас бүлдіршіндерге насихаттап жатқандарыңызға қуанып отырмыз, – деп әдемі естеліктерімен бөлісті.
Артына өшпес мұра қалдырған композитор, әншінің өмірі мен шығармашылығын таныстыруды мұрат еткен кеште Әбсұлтан Байкенжеев «Гүлденген Жаңақорған» әнін балалар қосыла шырқады. Келген барша қонақты тәнті еткен бұл әнді орындай отырып Әбсұлтан аға әннің шығу тарихымен де таныстырып оқушыларды сазгердің өміріне қанық ете түсті.
Одан әрі мектеп оқушылары әншінің өнеріне арнаған жүректен шыққан жырларын айтты. Періште бейне, пәк көңіл, асыл жан Бексұлтан Байкенжеев ағамыз артына мол мұра етіп жүздеген ән қалдырды. Сондай тамаша әндері – «Ақбаян», «Ақшолпан», «Жеңешем», «Қаракөз сырдың сұлу талдырмашы», сынды сыршыл әуендерді оқушылар мен ұстаздардың орындауында тыңдады.
Осы тұста айта кетейік, «Сағынып жүрші» әні естеріңізде болар. Сазгер өмірден қайтардан бір апта бұрын осындай туындыны жарыққа шығарған екен. Осы әннің өмірге келуі жайында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Адырбек Сопыбековтың естелігінде «Бір ән жазайық, оның атын «Сағынып жүрші» деп қояйық, бірақ тез жазайық» деп әдемі жазылғанын мектеп директоры Шолпан Мәжитова тілге тиек етті.
– Талантты композитор, әнші Бексұлтан Байкенжеевтің өмірден өткеніне қаншама жылдар өтсе де, аты ешқашан өшпейдә, қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатыны анық. Жүйрік уақыт әркімді өз көшіне ілестіріп бара жатыр ғой. Осынау кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз – өскелең жастардың бойына тәлім-тәрбие беру. Онсызда қазір ғаламтордың жетегіне ерген заманда, бүлдіршіндерге өткен тарихымыздан сыр шертіп, тау тұлғалы азаматтарымызды таныту, көкейлеріне тоқытуды негізге алып отырмыз. Біздің мақтанышымыз Сыр өңірінің тума таланты, өнер саңлағы Бексұлтан Байкенжеевтің өмір жолымен және әндерімен таныстыру, олардың Отанға, тілге және өнерге деген құрметін арттыруды алға қойған жайымыз ба, – дейді ол.
Компазитордың әндері құлаққа жағымды әрі жүрекке жылы қабылданып, қазақ жұртының сүйіспеншілігіне бөленгені ақиқат. Музыка өнерінің ән жанрына ерекше леп алып келген Бексұлтан Байкенжеевтің шығармаларының тақырыптық әрі мазмұндық ауқымы өте кең екені белгілі. Содан болар, кешке келген қонақтар атақты компазитордың әдемі әуендері мен әндерін сүйсіне тыңдап, ән құдіретінің қыр-сырына қанықты. Өлеңдері оқылып, жүрекке жылы әндері орындалып, жиналған көпшіліктің көңілінде керемет әсер қалдырды. Осылайша мәдениет майталманының өнерін еске алып, тамашалауға келген көрермендер, қонақтар көңілдерін бір селпіліп қалды.
Әсел РЗАЕВА